Дархан даланың даналығын шым-шымдап бойына жиған халқымыздың сан ғасырдан бері көкірегіне құйған құндылығының ішінде жасы ұлғайғандарды құрметтеу, өнегелі өмірлерін кейінгі ұрпаққа тәлім ету берік дәстүрге айналған.
Өңірде ізгі ниетті адамдар аға буынға ізет білдіріп, қамқорлық көрсетуден өзара жарысқа түскендей. Алуан-алуан тағдырдың тәлімді тұсы – жас ұрпақтың адастырмас темірқазығы. Отанымыздың өсіп-өркендеуіне, тұрмыс-салттың жаңғыруына көкірегі қазына ардақты қарттарымыздың қосып отырған үлесін айрықша мақтаныш сезіммен ауыз толтырып айтуға әбден болады. Жалғыз қарттар айлығында ғана емес, өне бойы жалғызілікті зейнеткерлер мен қарт мүгедектер жүрек жылуын, жан шұғыласын сезініп, құрметке бөленуде. Бір айта кетерлігі, қарттар айлығы қарсаңында ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде мүгедектер мен жалғызбасты қарияларға қайырымдылық көрсету туралы тың бастамалар көтерілді. Бұл бастамаға әртүрлі деңгейдегі билік өкілдері, бизнес қауымдастықтары, тұтас еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар үн қосып, қолдап әкетті. Осы бір мысалдан-ақ қоғамның ізгілігін, ізеттілігін, адамдардың бойындағы кемел кісілік пен айқын адамгершілікті аңғаруға болады. Көмек жасауға пейілді адамдардың арқасында 111 мыңнан астам аға буын өкілдеріне қолғабыс жасалды. Осы бір берік дәстүр қай уақытта болса да жүрек жылытып, жан жадыратары сөзсіз.
Облыстық ардагерлер ұйымының құрамында 849 бастауыш ардагерлер ұйымы, 2 қалалық және 17 аудандық ардагерлер кеңесі, 18 Ұлы Отан соғысына қатысушы мен мүгедек, 1 мыңға жуық соғысқа қатысушыларға теңестірілгендер, 3 175 тыл ардагері, 700-ден астам ауған соғысына қатысушы, 55 Чернобыль атом электр стансасындағы апатты жоюға қатысушы бар.
– Біздің қызметіміздің басты ұраны – «Бірде-бір ардагер назардан тыс қалмайды» бағытын ұстана отырып, айлық кезеңіне белгіленген шараларды өткізу барысында қарт адамдарды қамту. Өткен мерзім ішінде облыстың ардагерлер ұйымдары аудандық, қалалық, ауылдық әкімдіктермен бірлесе отырып, 1 522 қоғамдық шара өткізді, оның ішінде 209 дөңгелек үстел, конференция мен кездесу ұйымдастырылды, 183 қайырымдылық сенбілік, 79 әлеуметтік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, медицина мекемелерінде 239 ашық есік күні, 824 концерт, 170-тен астам спорттық шара ұйымдастырылды, 13 332 зейнеткердің тегін және жеңілдетілген бағамен дәрі-дәрмекпен, 1 300 зейнеткердің газет-журналдарға жазылуын қамтамасыз етті. 1 317 адам шипажай-сауықтыру мекемелерінде денсаулықтарын түзеді, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, – сол сияқты 63 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді, 67 адамға коммуналдық қызмет көмегі көрсетіліп, 13 460 адамға тегін немесе жеңілдетілген бағамен дәрі-дәрмектер әперілді, 31 430 қарт адам мен мүгедек азық-түлікпен қамтамасыз етілді, 542 қария мен мүгедекке БАҚ-қа тегін жазылу жүзеге асырылды, 231 ардагерге шипажайлар мен сауықтыру орталықтарына тегін жолдама, 52 891 адамға қаржылай көмек және басқа да жәрдем түрлері көрсетілді.
Әлемді жаман тұмау жайламай тұрған уақытта әдетте ардагерлерді әкімдіктерге, кәсіпорындарға, мәдениет үйлеріне арнайы шақырып, сый-сияпат табыс етіліп, дастарқан жайылып, дәм тататын. Былтырдан бастап мұндай мүмкіндік жоқ. Әйтсе де осындай шаралардың барлығы жеке кездесулер арқылы жүзеге асырылуда. Мүгедектерге, күнкөрісі төмен ардагерлерге қаржылай көмек көрсетілуде. Бұл орайда, жастар жасақтаған ерікті қоғамдардың ерен ісін сүйіспеншілікпен айта кетуге болады. Олар қарға адым жер мұң болып қалған қариялардың үйлеріне барып дәрі-дәрмектерін, азық-түліктерін жеткізіп беруге қолғабыс жасауда. Айталық, екі мыңға жуық отбасына облыс орталығындағы ұжымдардың есебінен азық-түлік себеттері таратылып, ақшалай көмек көрсетілді. Асылында, мұндай жұмыс бір айдың шеңберінде ғана емес, жыл бойы жүргізіледі. Степногорск қаласында, Ақкөл, Целиноград, Есіл, Сандықтау, Біржан сал, Бурабай аудандарында кәсіпорындар есебінен ұйымдастырылған әлеуметтік үйлер жүйелі жұмыс істеуде.
Айтары мол аға буын қоғамдық-саяси оқиғалардан да тыс қалып көрген емес. Өздерінің өмірлік бай тәжірибелеріне, білімдеріне сүйене отырып, мемлекетіміздің дамуына елеулі үлес қосуда. Айталық, Ұлы Жеңістің 76 жылдығына орай майдангерлерге көмек көрсетіліп, кездесулер өткізілді. Жылыжүзді мұндай жүздесулерде жастарға патриоттық тәрбие беру мәселесіне айрықша назар аударылуда. Бір әттеген-айы, облыс «қызыл аймақтың» санатынан шыға алмай тұрғандықтан мұндай шаралардың басым көпшілігі онлайн режімінде өткізілуде.
Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тауып, тағдыры белгісіз болып қалған жауынгерлердің зираттарын іздеу, анықтау, табылған күнде сүйектерін елге жеткізу жұмыстары жалғасын табуда. Ленинградты қорғауға қатысқан жерлесіміз Кенжебек Болтаевтың дерегі 2018 жылдың 3 мамырында табылып, топырақ туған жерден бұйырды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Аға буынды сыйлау, қалтқысыз құрмет көрсету Алаш баласының бойындағы шуақты сезімдер. Бүгінгі ұрпақтың басты парызы, заманында туған елі мен жері үшін табаны тастан таймаған тарланбоздай адал қызмет еткен аталар мен әжелерге құрмет көрсету. Сол құрметтің бар екендігі, жылдан-жылға дамып, мазмұндық тұрғыдан байып келе жатқандығы қуантады.