• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2014

Асарлықтар адымы

814 рет
көрсетілді

«Оңтүстiк Қазақстанда «Асар» деген шағын аудан­да мен өзiм болдым. Үй жанында жер және жылыжай салынған. Олар үш жылдың iшiнде несиенi қайтаратын болады. Бұл дегенiңiз керемет нәрсе!». Тікелей эфир арқылы елмен жүздесудің бірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкенттің іргесіндегі «Асар» шағын ауданы туралы осылай деп ағынан жарылып еді. Шынында, «Асар» шағын ауданы орын тепкен жер осыдан бес-алты жыл бұрын айдала болатын  десе, бүгінде ешкім сенбейтін шығар, сірә! Бүгінде «Асар» шағын ауданы ынтымақ-бірлігі жарасқан бір қауым ел болып отыр. Жақында «Асарға» жолымыз түсті. Әдемі үйлер, түп-түзу көше, әр үйдің жанындағы шағын жылыжайы бұл шағын аудан тұрғындарының тұрмыстарының бақуатты екенін байқататыны анық. Сәулетті де сәнді мектебі мен балабақшасы балалардың шат күлкісіне то­лы. Балалардың білімге деген құштарлықтары ерекше. Тұ­сауы былтыр ғана кесілген осындағы № 90 мектептің оқушы­лары бір жылдың ішінде біраз жетістіктерді бағындырып үлге­ріпті. «Қашанда дайын тірлікті жал­ғастырып кеткеннен, бәрін басынан бастау өте қиын ғой, – дейді №90 жалпы орта мектебінің дирек­торы Арман Шымбайұлы Орынбеков.  – Біз осы бір жылдың ішінде тәжірибелі ұстаздардың басын жинап, білікті ұжым құра білдік. Әрине, нағыз жұмыс, нағыз қиындықтың бәрі алда ғой. Қазір бұл мектепте 1180 оқу­шы білім алып жатыр. Биыл 84 түлек ұшырғалы отырмыз. Оқушыларға 104 мұғалім сабақ береді. Олар өз салалары бойынша оннан астам оқу-әдістемелік оқу құралдарын  жазып, басып шығарды. Республикалық, халықаралық деңгейде өтіп жат­қан ғылыми-практикалық кон­ференцияларға қатысып, мақ­тау қағаздарымен марапатталуда. Асарлықтарды қинайтын бір мәселе,  шағын ауданымыздың  қала­дан біршама қашықта  орналасуы. Осыдан кейін әрине, оқушылардың түрлі үйірмелерге, спорттық секцияларға қатысуы қиын болып тұр. Олар қала­ға барып келемін дегенше көп уақыт жоғалтады. Осы мақ­сатта Шымкент қаласының әкі­мі қолдап, «Аула клубтары» бағдарламасы негізінде біраз үйірмелер ашылды. Мұны ұйым­дастыруда Шымкент қала­лық білім бөлімінің басшысы Ж.Тәжиеваның  еңбегі зор болды. Спорт саласында оқушылырымыздың қол жет­кізген жетістіктері де айтар­лықтай. Бүгінгі күнге дейін олар қала, облыс, республика және халықаралық деңгейде өткен жүзден астам спорттық сайыс­тарға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізді. Жуырда ғана таэквондо үйірмесіне қаты­сып жүрген 10-сынып оқушысы Әйгерім Әшірбекова Корея елінде өткен халықаралық жарыста 1-орын алып келді. «Тон жағасыз, ел ағасыз болмайды» демекші «Ақ орда» корпорация­сы қолдау көрсетіп, 600 мың теңгеге музыкалық аспап пен 100 мың теңгеге спорттық құрал-жабдықтар алып берді. Одан бөлек қаладан қатынап оқитын оқушылар үшін бір «Газель» көлігін жүргізушісімен бөлді. Әрине, осындай жанашыр жандардың қолдауы ұжымның шығармашылық ізденісіне үлкен шабыт бергені анық». Иә, жаңа ұжымның аз уа­қытта қол жеткізген табыстары мақтанып айтуға тұрарлық. Биылғы ҰБТ-ның қорытындысы бойынша № 90 жалпы орта мектебі Шымкент қаласы бойынша бірінші орынды иемденіп, қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды. «Тағы бір айтарым, бүгінгі күннің шешімін табуда кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің бірі – жастардың жат діни ағым­­­­­дарға кіріп кетуі. Менің ойым­ша, дін қызметкерлері өз уағыздарын, шариғат қағи­дат­тарын ғылыммен байланыс­тыра отырып түсіндірсе, өйт­кені, бүгінгі күні ғалымдар аш­қан жаңалықтар қасиетті кіта­бымызда әлдеқашан баяндалып қойғаны белгілі. Мектептің мақ­саты білім берумен бірге, ең алдымен тұлғаны қалыптастыру, өз елінің азаматын тәрбиелеп шығару. Сондықтан дінтану саба­ғын да ғылыми принциптерге негіздеп түсіндіру керек деп ойлаймын. «Бала деген жас шы­бық, қалай қарай исең, солай майысады» деген сөз бекер айтылмаған. Жаңа оқу жылынан бастап еңбек пәнінің бір сағатын қысқартып тастады. Меніңше еңбек сабағының қалған бір са­ғатында оқушылар ештеңе жа­сап үлгере алмайды. Біздің мектептің оқушылары шеберханада шахмат тақталарын, астау, күбі, бесікті өздері қолмен жаса­ды. Бұл жас­тарды еңбекке баулу, шеберлігін арттыру емес пе?» дейді №90 жалпы орта мек­­те­бінің директоры Арман Орынбеков. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген, асыл мұраттарға толы егемендіктің арқасында елге ел қосылып, іргесі кеңіп жатқан «Асар» шағын ауданында міне, осындай жастар өсіп келеді. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы. Суретте: № 90 мектеп директоры Арман Орынбеков.