• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тәуелсіздік 03 Қараша, 2021

Басты құндылығымыз – Тәуелсіздік

1207 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығының қарсаңында мемлекетіміздің қалыптасуына елеулі үлес қосқан белгілі азамат, мемлекет және қоғам қайраткері Бақтықожа Ізмұхам­Бетовпен жүргізген әңгіме­мізді ұсынып отырмыз.

– Еліміз Тәуелсіздігін жариялаған сәтте қайда болдыңыз және осы тарихи оқиғаны қалай қабыл алдыңыз?

– Тәуелсіздік жарияланған тұста Алматы қаласында Геология министр­лігінде Мұнай-газ басқармасының басшысы қызметін атқардым. Ол кезде бәріміз білетін «ҚазМұнайГаз» сынды компания, Энергетика министрлігі болмады. Аса үлкен көлемде мұнай барлау жұмыстары жүргізілетін. Мен сол жұмыстарды басқардым.

Ел Тәуелсіздігінің жариялануы хал­қы­мыздың тарихындағы үлкен оқиға болды. Әлбетте, үлкен қуанышпен қарсы алдым. Тәуелсіздікке қол жеткен жылы 43 жаста едім. Былай қарасаңыз, жас емеспін. Дегенмен ақыл тоқтатқан, өмір көрген шақ еді. Оған дейін 20 жылдан астам уақыт өндірісте қызмет атқардым. Үш жарым жылға жуық Йеменде Кеңес мұнай барлау экспе­ди­ция­сы басшыларының бірі болдым.

Сол кездің өзінде байқаған екі-үш мәселем болатын. Ең алғашқысы – Ре­сейде жолға қойылған қалалар, ауылдар арасындағы инфрақұрылым бізде болмады. Өндіріс жоқтың қасы, азық-түлік сырттан келетін. Бір кездері қойдың санын 50 млн-ға жеткізу сынды мақсаттар қойылды. Тың игердік, астық бар, мал шаруашылығы бар. Дегенмен оның бәрі басқа жаққа кететін. Ал сонша мал бағып отырған өзімізде ет болмайтын, азық жоқ-ты. Тіпті күнделікті пайдаланатын сабынды талонмен алатын күнді бас­тан өткердік. Сондықтан еліміздің Тәуел­сіз мемлекет болғанына қуандық.

Өзім қызмет еткен мұнай саласында 1990-жылдары 5-5,5 шақырымдық терең ұңғылар қазылатын. Бұл Одақтағы ең үлкен тереңдіктердің бірі еді. Сол жұмыс тоқтай бастады. Өйткені ұңғы бұрғылау үшін құбырлар қажет. Күкіртті сутегі сияқты зиянды қоспаларға, қы­сым­ға шыдайтын, төтеп беретін мық­ты құбырлар қажет. Оның бәрін шетелден сатып алатынбыз. Өзі кішігірім өндіріс құлдырады, халық жұмыссыз қалды. Зауыт, фабрикалар жұмысын тоқтатты. Кеңестік интеграция бәрін бір-біріне байланыстырып қойған. Бір құралды Ресейден, бірін Украина, бірін тағы басқа елден алдыртамыз. Елдер арасындағы байланыс үзілді. Міне, осындай аса қиын кезеңге тап болғанда егемен ел атандық.

Тәуелсіздік алғаннан кейін инвестиция деген түсінік пайда болды. Қалай болғанда да қаржы керек болды, жаңа техника мен технология қажет болды. Осы ретте бірнеше шетелдік компаниямен келіссөз бастадық. Осылайша, егемен елде екі бірлескен компания құрыл­ды. Түркия Республикасымен келісіп «ҚазақТүрікМұнай», ал Германияның FevaOil, VegaOil компанияларымен келіссөз жүргізіп, «ҚазГерМұнай» деген бірлескен мекеме құрдық.

1992 жылы желтоқсанда «ҚазақТүрікМұнай» компаниясына бас­шы болып тағайындалдым. Бұл мекеме батыстағы 4 облыста ашылды. 12 мың қыз­меткерге жұмыс бердік. Күні бүгінге дейін жұмысын жалғастырып келеді. Осын­дай жағдайда инвестицияны қалай пайдалану, шетелдіктермен қалай бірле­сіп жұмыс істеу керегін үйрендік. Өзі­міз­дің ойымызды айтып, керегімізді ала білуді тәжірибесіз үйреніп кеттік. Әлбет­те, кемшіліктер болды. Уақыт өте олар да толықтырылып, түзелді.

Дәл сол тұтса «Теңізшевройл», «Қа­зақ­­­­стан­­каспийшельф» деп аталатын екі ал­па­уыт компания өз жұмыстарын бас­та­ды. Үл­кен инвестициялар сол кезде келді.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарын­дағы қандай қиын-қыстау сәттер есіңізде қалды?

– Тәуелсіздік жариялаған кезде елі­міз­де не инвестиция туралы, не мұнай-газ туралы заң болмады. Қаржы беріп отырған елдер өз капиталын сақтауы үшін, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заңға жүгінеді ғой. Сол кезде атал­ған компаниялар Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың сөзіне сеніп қана осы қадамға барды. Бұл жұмыстар толық Тұңғыш Президенттің беделімен іске асырылды. Сол кезде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңдар қабылданды. Шетелдіктермен араласып жүріп, тәжірибе жүзінде көп дүние үйрендік.

Тағы бір қиындық – тіл мәселесі. Біз не ағылшын тілін, не түрік тілін білмедік. Кеңес өкіметін мақтайтындарды жиі кез­дес­тіреміз. Әлбетте, Одақ бізге кері әсер етті деуге болмайды. Кеңес дәуірін­де жұ­мыссыздық мәселесі болма­ды, ха­лық­тың моральдық тәрбиесіне мән беріл­ді. Дегенмен біз кей тұста артта қал­­дық. Шетелдермен байланыс болмады. Мәскеуге баратын санаулы адам бола­тын, қалғаны Мәскеуді де көрмеді. Тех­ника мен технологиядан қалыс қалдық. Елге шетелдік компаниялар өз техникасымен келуге мәжбүр болды.

Осы қиындықтар ескеріліп, Елбасы­ның бастамасымен шетелде мамандар даяр­ланды. Көп жастарымыз тау асып, мұхит асып білім іздеп кетті. Бас-аяғы 5-10 жылдың ішінде тіл меңгерген, технологияны білетін, деңгейі басқа жас­тар келді. Шетелдік мамандармен иық тірестіріп жұмыс істей бастады.

– Елбасының еңбегін сөз еттіңіз, Тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Пре­зи­дентіміз жүзеге асырған реформа­лар, Елбасының тәуелсіз мемлекет құру­дағы рөлі туралы тағы не айтар едіңіз?

– Елбасының, менің ойымша, ең үлкен еңбегі – шекараны шегендеуі. Ресеймен шекарамыз әлемдегі ең ұзын шекара ретінде тіркелген. Сол 7 500 ша­қы­­рымнан астам шекара қысқа мер­зім­де белгіленді. Бұл оның беделінің жемі­сі, абыройының нәтижесінде тын­ды­­рыл­ған іс деп ойлаймын. Атырау облысы мен Ресейдегі Астрахань облы­сы­ның ортасында орналасқан «Имашев» кең орнындағы шекараны белгілеуде қиыншылықтарға тап болдық. Сол кездегі Сыртқы істер министрінің орын­ба­­сары Нұрлан Онжанов келіссөз тобы­на жетекшілік етті. Бірнеше ай бойы ке­ліс­­сөз жүргізу барысында мұның қан­дай маңызды, қиын мәселе екеніне көзім жетті.

Тағы бір айтып өтер мәселе – ел аста­на­сы. Шынын айтсам, елордаға 1998 жылы алғаш рет келгенде қаланы көріп таң қалд­ым. Азып-тозған, батпақ, масасы көп, үй­лердің көбі ескі... Картамызға қараса­ңыз, еліміздің жүрегінде орналас­қан. Бұл шешім экономикалық тұрғыдан да, саясат тұрғысынан да дұрыс болға­нына қазір бәріміздің көзіміз жетті.

Елбасының тағы бір көрегенділігі – нарықтық экономикаға бет бұрғаны­мыз­дан көрінді. Тіпті Беларусь әлі де нарықтық экономикаға көшіп үлгермеді. Бұл қадамға Ресеймен қатар бардық. Жекешелендіру басталды. Қазір оның керек екеніне әбден көз жетті.

Одақ құлаған кезде еліміздің әлеу­мет­тік жағдайы реттелмегенін мойын­дау керек. Расымен, әлеуметтік деңгейі төмен мемлекеттердің бірі бол­дық. Осындай жағдайда Елбасы «Болашақ» бағдарламасын қолға алды. Ел бас­қаратын, өндіріс жүргізетін, елге қам­қор болатын жастарды әлемнің ең үздік оқу орындарына тіл меңгеріп, қаржы, нарықтық экономика мен заң үйренсін деп оқуға жіберді. Бұл бастама 30 жыл­дың ішінде жақсы жемісін берді дей аламыз.

Оның бер жағында төлқұжаттың, валютамыздың ауысуы сияқты тіпті адам ойына келмейтін реформалар қабылданды. Қазір, әрине, бұл өзгеріс­тердің керек екенін түсінеміз. Ал ол кезде «қалай болар екен?» деген күмән, сенім­сіздік басым екіұшты ойдың бол­ғаны анық. Елбасының әріден ой­лауының нәтижесінде осындай дәрежеге жеттік. Біз, әрине, барлық мақсатқа жетіп болмадық, бәрін істеп үлгермедік. Дегенмен 30 жыл деген қас-қағымдағы жетістіктерімізге «тәубе» демеуге қақы­мыз жоқ.

– Егемендікке қол жеткізген уақыттан бері бірқатар жауапты қызмет атқардыңыз. Энергетика министрі, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының әкімі, Парламент Мәжілісінің Төрағасы болдыңыз. Сол кездері алға қойған мақсаттарыңызға жете алдыңыз ба?

– Әр адамның қалыптасқан жұмыс істеу реті болады. Мен қайда барсам да жүйелі жұмысты жақсы көре­мін. Энер­гетика министрлігіне келге­нім­­де халықтың тұрмысына газдың қа­жет­тілігін байқадым. Аз газдың көп бөлігін Ресей арқылы сатып жатырмыз. Газ шығатын Атырау, Маңғыстау өңір­лерінің халқы газсыз отыр. Алматы­лықтар Өзбекстаннан келген газды тұ­тынады. Ол үшін жыл сайын келісімшарт жасалады. Саралап қарасақ, сатып жатқан газ бен сатып алғанның бағасы шамалас еді. Яғни газды экспорттаудан аса пайда болмады.

2003 жылы Елбасы мені Энергетика министрінің бірінші орынбасары ретінде қызметке тағайындады. Сол кезде Елба­сы­на екі ұсыныс білдірдім. Алдымен ар­зан сатылып жатқан газдың бағасын көтеру туралы айттым. Орта Азия, Бұқара-Орал газ құбырлары Қазақстан арқылы өтіп жатты. Солардан керек газ алып, оңтүстіктегі облыстарға тартуға болады деген жоспармен таныстырдым. Түрік­менстан мен Өзбекстаннан келетін газды оңтүстік аймақ үшін пайдаланып, сон­дай көлемдегі газды «Қарашығанақ» кен ор­нынан құбырға берейік деген ұсы­ныс айттым. Егер кезінде сол газ құбыр­лары тартылмағанда, бүгінде елордаға газ келмес еді. «Сарыарқа» жобасы сол құбырдың болғанынан ғана жүзеге асты.

Батыс Қазақстан, Атырау облыс­тарын­да әкім болғанымда Елбасы қабыл­даған «Үдемелі индустриалдық-иннова­циялық даму» бағдарламасына сәйкес, бірнеше жобаны іске асырдық. Жергілікті халықпен алғаш кездескенімде, мұнай-газ саласының әкімдік көмегін көп қа­жет етпейтінін, оларға шетелдік инвес­торлар, үкімет барлық жағдайды жасап отырғанын айттым. Біз өз тарапымыздан экологияны қорғау, әлеуметтік көмек беру сынды бірнеше талап­тар қоя отырып, жағдай жасадық. Ал өңір үшін ең басты мәселе – азық-түлік қауіпсіздігі. Сонда халыққа «Бір күні қиыншылық болып, Ресеймен байланыс жабылса, жағдай қалай болады?» деген сұрақ қойдым. Сол кезде бірнеше жоба қолға алынды. 1000 ешкі алынып, ферма аштық. АҚШ-тан 500 сүтті сиырды ұшақ­пен алдырып, сүт фермасын аштық. Одан басқа құрылыс материалдарын шығаратын екі комбинат іске қосылды. Оптикалық талшықты кабель жасайтын өндіріс пайда болды. Қазіргі таңда бұл мекеме «Қазақтелекомның» 50 пайыз сұранысын қамтып отыр.

36 жыл мұнай саласында қызмет еттім. Бұрғылаушыдан министрге дейін жеттім. Сондықтан бұл сала маған әбден таныс. Парламент Мәжілісіне келге­німде сұйытылған газдың нарықтық эконо­ми­кадағы пайдалану тәртібіне қатыс­ты заң жобасын дайындауды қолға алдым. Басқа да жер қойнауы мен мұнай-газға қатысты заңдардың қабылдануына үлес қостым.

– Қазір республикалық ардагерлер ұйымын басқарып жүрсіз. Мемлекет тарапынан аға буынға жасалып отырған қамқорлық көңілдеріңізден шыға ма?

– Сөз жоқ, көңілімізден шығады. Өйткені әр заманның өз мүмкіндігі бар. Осы қызметке келгеніме алтыншы жыл толмақ. Жақында өткен VІІІ съезде екінші кезеңге сайландым. Төрағалық еткен 5 жыл ішінде тындырған ең үлкен ша­руам деп «Ардагерлер туралы» Заңды айта аламын. Бұл Ресейде де, Қырғызстанда да, басқа да елдерде қолданыста бар заң. Әуелі Үкіметпен келісіп, кейін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа барып, егжей-тегжейлі баяндап, одан соң халықпен, ардагерлермен, заңгерлер­мен қарап, «дүниеге келтірдік». Тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыстарға қатысқан, басқа да 7-8 бағыттағы ардагерлерге әлеуметтік көмек көрсетілді. Осының барлығы ардагерлерге жасалып отырған жағдай. Тағы бір айта кететін мәселе, аталған заңда «ардагер» мәртебесін кімнің ала алатынын бекіттік.

– Қазіргі таңда ардагерлерді қан­дай мәселелер толғандырады?

– Өмір болған соң мәселелер жалғаса берері хақ. Оның барлығы рет-ретімен қара­лып, шешіледі деп ойлаймын. Бүгін­де өңірлерде «Ардагерлер үйінің» бол­­мауы алаңдатады. Ардагерлер бір-бірі­мен кездесіп, бас қосатын орын­ның болуы маңызды. Қоғамдық кеңес құрыл­ғанын білеміз. Облыстағы кеңес­тердің басшыларының көбі – ардагерлер. Ардагер дегеніміз – күні кеше ел басқарған, лауазымды жұмыстарды орын­­даған жауапты адамдар. Кездесу­лер­де олар мүмкіндіктерді, қандай ықпал жасай алатындарын, өз ойларын ортаға салады. Түркістан мен Маңғыс­тау облыстарында басқа өңірлермен салыстыр­ғанда бұл мәселе жолға қойылған.

Бес жылдың ішінде қолға алған тағы бір үлкен шаруа – «Дәнекер» жобасы. Бұрын заң саласында қызмет еткен тәжірибелі, беделді ардагерлер жанжалды сотқа жет­кізбей шешу, татуластырумен айна­лысады. Бұл жоба бойынша Жамбыл об­лысы жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Осы жобаның нәтижесінде, бірнеше жүздеген мәселе сотқа жетпей шешілді. Бұл жұмысты жеңілдеткенімен қатар азаматтардың қарым-қатынасына да оң ықпал етеді.

– Қазақстандағы билік сабақтас­тығы туралы пікіріңіз қандай? Осы ретте Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы байланыстары туралы ойыңызды ортаға салсаңыз.

– Мен Елбасының көрегендігіне, көсемдігіне, шешендігіне сан рет куә болғанымды қашан да айтып жүремін. Аса қиын жағдайда жол тауып кететі­ні­не таң қалатынмын. Дүние жүзіндегі алпауыт елдер мен айналамыз­дағы мемлекеттердің түрлі саясаттарына қарамастан жүйелі қарым-қатынас құра білдік. ТМД елдерінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың биігіне жеткен басшы жоқ. Біріккен Ұлттар Ұйымында басшылық қызметте жұмыс істеу оның білімі, тәжірибесінің қай деңгейде екенін көрсетеді. Елбасының осындай білімді, беделді азаматты өзінен кейінгі Президент ретінде ұсынуы сабақ­тастықтың ең жақсы үлгісі деп санай­мын. Қазір экономика, саясат тұр­ғысынан да бұрын қалыптасқан жүйені жалғастырып жатырмыз. Еліміз­дің бола­шағы алда. Енді 5 жылдан соң жағ­дайымыз бұрынғыдан да жақсара түсетініне еш күмән жоқ.

– Қазіргі жаһандану үрдісінің халқы­мыз үшін оң мен терісі туралы қандай ойдасыз?

– Экономиканың дамуынан қалай қалмауымыз керек десем, жаһандану мәселесінде де артта қалуға болмайды деп санаймын. Одан ешкім құтыла алмайды, ол бізге керек дүние. Қ.Тоқаев «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» атты ма­қа­ласында жаһандану ұғымын ел мен елдің арасындағы интеграция деп түсіндіреді. Жаһанданудың бейбіт­шілікті сақтауда маңызы зор. Одан бөлек, елдер арасындағы қатынас беки түсуі үшін тілді меңгеру керек. Әлемдегі озық мәдениетке бет бұрмай болмайды. Десе де, Президент те, басқа да қайраткерлер айтып жүргендей, үш мәселеге сақ болу керек. Ең біріншісі – тарих. Президенттің өзі тарихқа тәуелсіз көзқарас керек дейді. Тарихты бұрмалауға болмайды. Екінші мәселе – тіл. Ағылшын, қытай, басқа да тілдерді білуіміз керек. Орысшаны онсыз да оқып жатырмыз. Дегенмен ел болу үшін мемлекеттік тіл – ең басты мәселе. Тіл жоқ жерде ел болмайды. Одан кейін ұлттық мәдениетті көзіміздің қара­шы­ғын­дай сақтауымыз керек. Ұлт­тық мәде­ниетімізді қорғамасақ, тамырымыз терең­ге кетпейді. Жаһандану жағ­дайында осы үш мәселеге ерекше мән беруіміз керек.

Әлі күнге дейін мемлекеттік тілімізді толыққанды пайдалана алмай жүрміз. Қазақ тілін сақтау үшін басқа тілді құрту керек дегеннен аулақпын. Барлық жер­де адам алдымен өзін сыйлауы керек. Өзін сыйлау үшін алдымен адам өз тілін білуі тиіс. Қанша жақсы сөйлесек те, орыс не ағылшын болып кету мүмкін емес. 2-3 жыл АҚШ-та оқып ағылшынша, Ресейде қызметте жүріп орысша үйренген адамның қазақтардың ортасында қазақша үйрене алмауы масқара.

– Тәуелсіз елдің ертеңі – бүгінгі жас­­тар жайлы көзқарасыңызды білсек.

– Қазіргі заманның жастары біздер­ге қарағанда әлдеқайда сауатты екенін мо­йындауымыз керек. Бұған қуанамыз да. Жаһандану дәуіріндегі жастарда даму бар. Спортқа ден қоятындар қатары артуда. Қазақстандық спорт та ілгерілеуде. Жұмыс істеу қабілеті әлемдік дәрежедегі нарықтық экономикаға бейімделген ұрпақ өсіп келеді. Тілге деген көзқарас қын­жыл­татынын жасырмаймын. Шетел­де оқығандар тілге, мәдениетке ден қой­майды. Ал ең жаманы – кітап оқы­майд­ы. Кезінде ауыл кітапханасына жиі бара­тынбыз, кітаптарды тауысып оқи­тын­быз. Қазір көбі салалық, кәсіби әдебиет оқумен шектеледі. Ал халықтың мәдениеті, тұрмысынан хабар беретін кітап­тар елеусіз қалады. Еліміздің мәде­ниетіне, тарихына қатысты ақпарат ізде­мейді. Тіл мәселесінің туындауы қолға алынған шаралар нәтижесіздігінен. Бұған тек жастар емес, ата-ана, қоғам да кінәлі. Тілге қызы­ғу­шы­лық, соны туғы­затын жүйелі жұ­мыс болуы керек. Көп жұмыс тек қағаз жүзінде ғана «орындалып жатады». Алайда қазіргі жастар сауатты, талап­ты. Көптеген жасымыз жауапты жұмыс­тарды алып жүр. Мен жастарға сәттілік, қашан да биіктен көрінуін тілеймін!

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен 

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ