Қылышын сүйретіп қыс та келіп қалды. Солтүстіктің қытымыр қысы әлі күшіне толық енбесе де күшеншек айы туып тұр. Суық ызғардан демін ішке тартып, адамдардың күшене беретін мезгілін терістіктер осылай «күшеншек айы» дейді.
Қыстың беті қалай болады, былтырғыдай қары тым қалың, күндері тым суық болмас па екен деген сұрақтарды «Қазгидрометтің» Солтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесі директорының орынбасары Наталья Левинаға қойғанымызда ол болжам бойынша қараша айының суығы нормадан ауытқымай, минус 6-8 градус аралығында болатынын жеткізді. Тек екінші онкүндіктің ортасында түнгі мезгілдегі суық 25, ал күндіз 13 градусқа жететінін айтты. Осы айдағы қардың қалыңдығы 22-32 мм деңгейінде болып, нормадан аспайды екен. Ал айдың екінші онкүндігінде көктайғақ пен қалың тұманның жүргіншілерге қаупі зор болмақ.
Қыстың кәріне мінетін мезгілінің басы саналатын желтоқсанның ауа райы нормадан ауытқымай, айдың орташа температурасы 12-14 градустың аралығында болмақ. Бірақ осы айда да 30-35 градустық аяздар көрініп қалады.
Алдағы қыстың ең суық айы қаңтар болмақ. Бұл айдағы орташа температура минус 17-20 градустың маңында болғанымен 35-40 градустық үскіріктер де жиі болатын көрінеді. Жауатын қардың қалыңдығы 14-23 мм төңірегінде, қалыпты нормадан аса ауытқымайды. Бірақ осы айда антициклон деген бәле жиі келіп, боран мен ызғырықтар көп болады екен.
Ақпан да қаңтардан алыс кетпей, үскірігі мен бораны кем болмайды деп болжанған. Дегенмен бұл айдың орташа температурасы 14-16 градусқа дейін жоғарылайтын көрінеді. Солтүстіктіктер «боран айы» деп атайтын наурызда қыстың үскірігі үзіліссіз борандарға ауысып, қар қалың түседі. Биылғы қыста да оның 19 мм төңірегінде болатыны болжанып отыр.
Бүгіндері Солтүстік тұрғындарын күзде көшіп жеткен қоныс аударушылардың жай-күйі алаңдатады. Жуырда болған облыс әкімімен кездесуде осы жолдардың авторы қоныс аударушылардың қыс алдындағы жай-күйін анықтап, тексеріп шығатын облыстық комиссия құруды ұсынды. Оның құрамына қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері де енгізілгені дұрыс болар еді дедік. Әйтпесе, аудан әкімдері бәрі жақсы деп есеп бергенімен қоныс аударушылардың біразы үйлерінің жылынбайтынын айтып шағымдануда. Соларға облыс күшімен жедел көмек көрсетіліп, ал құрылысты дұрыс жүргізбегендердің, шала біткен үйлерді қабылдағандардың ісімен айналысуды кейінге қалдыруды сұрадық. Біздің ұсынысымызды облыс әкімі Құмар Ақсақалов қолдайтынын айтты.
Жолды жауып тастайтын қалың қар мен соқыр боранға қарсы қандай әрекеттер жасалып жатқаны туралы облыстық ТЖ департаментінің төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы Серік Наурызбаевтан сұрағанымызда ол біршама толымды ақпарат берді. Облыс аумағында қар басып қалатын 392 учаске есепке алынған. Оның 130-ы республикалық, 131-і облыстық және 131-і жергілікті жолдарда болады. Жалпы ұзындығы 1180 шақырым болатын осы учаскелердің өне бойында кезекшіліктер жүргізілмек. Өткен, 2020-2021 жылдары осы учаскелерде 198 төтенше оқиға болған (оның 155-і жолды қардың басып қалуы). Жол ашу үшін 850 бірлік техника бөлініп, 2068 адам үсіп кету қаупінен құтқарылған. Адамдардың жылынуы үшін ұйымдастырылған 23 пунктке 359 адам орналастырылған, оның 55-і балалар. Өңірімізде қыстың қиын жағдайлары, әсіресе Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Тимирязев, Жамбыл, Есіл, Уәлиханов аудандарында жиі болады.
Жекеменшік үйлерде тұратындар көлеміне қарай 7-8 тонна көмір, 5-6 куб отын жағуға мәжбүр. Көмірдің тоннасы 20 мың теңгеден асты, ал жылы киімнің қымбаттауы 15-20 пайызға жеткен. Отынды көп жаққаннан өрт болу қаупі де жиілеп кетеді. ТЖ департаменті бастығының орынбасары Орал Әбдірахмановтың айтуына қарағанда, биыл жыл басынан бері облыста 596 өрт тіркелген, оның салдарынан 41 адам қаза болып, 37 адам ауыр жараланған. Шығынның жалпы көлемі 229 млн теңгеге жеткен. Тілсіз жаудың 72%-ы тұрғын үй секторына тиесілі. Оның негізгі себептері – электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу.
Қыстың материалдық әлегі осындай болуымен қатар бұл облыс тұрғындарының шығындарын да арттырады. Сондықтан солтүстіктегілерге Кеңес Одағы жылдары 15 пайыздық үстемеақы төленетін. Қазір ондай жоқ. Депутаттар айтып, журналистер талай жазса да бұл мәселені шешуге ешкім ықылас танытпай-ақ қойды. Негізінде, мемлекетшіл тұлғалар, атқарушы әр өңірдің ерекшелігін ескеруі керек деп ойлаймыз.