• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2014

Азық-түлік ас та төк

324 рет
көрсетілді

Елде болса – ерінге тиеді. Осы өткен сенбі-жексенбі күндерін облыс орталығының тұрғындары дәл мерекедегідей өткізді. Ауыл­дықтар қаладағы «Квазар» деп аталатын   орталық базарды ет пен сүт, май, нан-тоқашы  бар, көкөніс пен картопқа толтырды да тастады. Жәрмеңке облыстық әкімдіктің қолдауымен қала тұрғындарын қолжетімді бағамен ауылшаруашылық және азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында өткізілді. Облыс қалалары мен ауылдарының ауылшаруашылық өнімдерін өн­дірушілердің қатысуымен өтетін жәрмеңкелер алдағы ап­та­ларда  да жалғасын табады. Жалпы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарына қара­ғанда, облыста жылдың бірінші тоқсанында  230,6 мың тонна сүт, 33,9 мың тонна ет  дайындалса,  3744 тонна шұжық, 548 т. сары май, 746 т. ірімшік пен сүзбе, 33224 т. бидай ұны,  67564 т. нан, 1232 т. кондитер өнімдері, 9174 т. жарма, 6241 т. макарон өнімдері, 2274 т. күнбағыс майы  өндіріліпті. Картоп жетеді. Жаңа түсімнің 151,2 мың тонна астығы қамбада сақтаулы.  Дүрлігетіндей ештеңе жоқ. Сауда орындарының бәрі де өзіміздің жергілікті өнімдерімізге толып тұр. Осы күні баянауылдықтармен бірге жәрмеңкеге Павлодар ауданы да жарыса жетіпті. Өз өнімдерін әкелген Лебяжі және Ақтоғай аудандарының шаруашылықтары жәрмеңке қызығын одан әрі қыздырды. Аязды күн де сынып, жұртшылық «Квазардан» сөмкелерін толтырып, қуанышты күйде қайтып жатты. Айтса айтқандай-ақ, келісі 900 теңгеден  сиыр еті, 1000 теңгеден жылқы еті, қазы – 1200 теңге,  қой еті 800 теңгеден сатылды. Ал, Павлодар ауданының «Киров», «Луганск», «Писегов» шаруашылықтары литрі 90 теңгеден 5000 литр  сүт әкеліпті. Келесі жәрмеңкелерге 2 тонна картоп пен орамжапырақ, 0,5 тонна сәбіз,  қызылша мен түйінді пияз, «Шарбақты-Құс» серіктестігінің 36 мың дана жұмыртқасы әкелініп сатылмақшы. Сонымен қатар, сүт өнімдері, бал, ұн, макарон өнімдері жеткізіледі. «Егемен-ақпарат». ПАВЛОДАР.