10 айдың ішінде елорда полиция бөлімшелеріне отбасылық күш көрсетуге қатысты 14 мыңнан астам арыз-шағым келіп түсті, деп хабарлайды Egemen.kz Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Карантин шектеулері енгізілгеннен бастап тұрмыстық кикілжіңдер, атап айтсақ мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың саны артты. Биылғы жылдың 10 айында «102» арнасына отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 14 мыңнан астам шағым келіп түсті», делінген хабарламада.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабар таратқандай, жыл басынан бері отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 3168 азамат әкімшілік жауапқа тартылды.
«Болған жайттардың 40%-ы денсаулыққа жеңіл зиян келтірген ұрып-соғу фактісіне қатысты. Ол бойынша 530-дан астам айыпты әкімшілік қамауға алынды. Осы орайда өткен жылдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік айтарлықтай күшейтілгенін атап өткен жөн. Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекет үшін қамауға алу мерзімі 3 тәуліктен 5 тәулікке дейін ұзартылды», деп хабарлады ведомство.