• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экология 04 Қараша, 2021

Каспийдің тұтастығын қалай сақтап қаламыз?

5622 рет
көрсетілді

Каспий теңізіне қатысты мәселелер күн тәртібінен түскен емес. Себебі де түсінікті. Қазіргідей алмағайып кезеңде кез келген мемлекет суға қатысты жоба-жоспарлардың соңы сұйылып кетпесе екен деген мүддені ұстанады. Өйткені әлемдегі су тапшылығы анық сезіліп, экология өзгеріске ұшыраған сайын оны үнемдеп, сақтауға, молайтуға деген қажеттілік те артып отыр. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше маңыз беріп отырғаны да сондықтан.

Мәселен, Президент күні кеше ғана «Каспий теңізінің теңіз ортасын қор­ғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Каспий теңізін жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қыз­мет нәтижесінде ластанудан қорғау жөнін­дегі хаттаманы ратификациялау туралы» заңға қол қойды. Ал оның алдында «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға био­­логиялық әртүрлілікті сақтау туралы хат­таманы ратификациялау туралы» заңды бекіткен еді. Осыдан-ақ Каспий теңі­зіне қатысты жағдайдың қаншалықты ма­ңызды екенін аңғаруға болады.

Аталған мақаланы жазу туралы ой әлеуметтік желіде Ресей мамандарының Каспий теңізін үлкен бөгет арқылы бөлу туралы нақты идеясын көргеннен кейін келді. Идея батыл және құрметке лайық және бұл, біздің байқауымызша, өткен ғасырдан тарихи тамыры бар мәселе екен.

Иә, біз керемет мүмкіндіктер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі кездегі адам мүмкіндігінің жасампаздық күші ғаламшарымызды күрт өзгерте алатын қуатқа ие және бұл планета халқының үміті үдесінде – адамдарға, қоршаған ор­таға және тұтастай алғанда, бүкіл Жер амандығына қызмет етеді деген сенім бар. Жетекші елдер, тарихи тағдыр ұйға­рымымен, осы жаһандық миссияны бүгін белгілі бір дәрежеде алып келе жатыр.

Каспий теңізінің тағдыры адамзатты көптен ойландырып келеді. Мұның себебі де жоқ емес. Іргелес жатқан Арал теңізінің мысалы көз алдымызда... Бұл ретте осы­нау континенттік теңіз жағдайын жақ­сарту жолындағы кез келген ізденіс назар аударуға тұрарлық. Каспийді екі­ге бөлетін бөгет идеясы – солардың бірі. Бірақ осыны ой елегінен өткізсек, көп­теген сұрақтар туындай бастайды. Ең алдымен, Құдайдың еркін теңізін сондай дуал бөгеп тұрғанын көзге елестету қиын. Бұл шараның қаржылық және техникалық аспектілеріне тереңдемейік. Олар айтарлықтай қымбатқа түсуі мүм­кін. Мәселеге Оңтүстік көршілеріміздің реакциясы қандай болмақ? Каспий – халық­аралық ауқымдағы су. Үлкен аумақ­тардан «шаршап» жеткен Еділ мен Жа­йық­тың ауыр суларынан екінші Бай­кал іспетті тұщы су айдынын күту де (бөгет­тен күтілетін позитивтердің бірі) екі­талай. Сонымен бірге бұл өзендер ала­­бында белең ала бастаған ағын азаю­ын ес­керсек, Каспийдегі бөгеттің оң­түс­тігінде екінші Арал халі орнамасына кім кепіл? Осы қажет пе? Ауқымды аймақтардың өмір шындығына айналған Каспий теңізі факторы мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан.

Біздің назарымызда Азов-Каспий ар­насы туралы ой бар. Бұл идеяны Қазақ­станның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Петербург саммитінде айтты. Табиғаттың генетикалық жады осынау су қатынасын ұмытпаса керек. Осы тарихи факторды жандандыру аса тиімді іс болар еді.

Меніңше, Азов-Каспий арнасының бірқатар артықшылықтары бар. Арна­ның бағасы Каспийдегі дуал құнынан төмен болуы мүмкін. Әрі ол қауіпсіз нысан бол­мақ. Каспий теңізі бұл арнадан ғасырларға кететін, кепілді қосымша су көзін ала алады. Дон атырауының салыстырмалы жұмсақ суы нысанға өзіндік ерекшелік береді. Арнаның тынық ағыны (750 шм-ға 28 метр құлама) шаруашылық-басқару жұмыстары үшін көп жеңіл болмақ. Каспийлік көршілер де бұл қадамды құп­тар еді. Бұл елдер тиісті саяси-құқықтық база жасау арқылы, канал құрылысына өз үлестерімен қатыса алады. Бұл мемлекеттер осы арна-бұғаз арқасында теңіз елдеріне айналады. Арна Еуразияның үлкен аймағында көптеген маңызды перспективалар ашуы мүмкін.

Әлемдік мұхит деңгейіне де оң әсер күтіледі. Ең бастысы, Каспий тұтастығы сақ­талады.

Еділ өзеніне тың тыныс беру үшін, Печора мен Вычегда өзендері суының бір бөлігін Еділ алабына бұру идеясына оралған дұрыс болар еді. Кезінде тарихи қажеттілік ұсынған бұл ой бүгін ретсіз ұмытылды. Каспий теңізі мен Еділ өзенінің су проблемасы бедерінде бұл жайт енді айқын көрініс бере бастады.

Бұл шешім нәтижесінде ең кем дегенде, Еділ жаңа тыныс алады.

Қазақстан тиісті саяси және құ­қық­тық база жасау арқылы төменгі жайт­тармен бұл мәселеге қатыса алар еді. Ресейдің жаңа тарихында Еділден Қазақстанның батыс аймағына су беру ойы біраз айтылды. Идея біз үшін оң нышанды болатын. Ресей үшін де жақсы қайтарым күтілген. Экономикалық тараптан басқа, жаһандық экологиялық әсер болуы да мүмкін еді.

Бұл идеяның нақты нұсқасы бізге белгісіз. Ал осы мақсатқа орай біздің ұсы­нысымыз, Еділ бойындағы Бала­ко­­во қаласы маңынан Еділ-Маңғыстау арнасы бастау ала алады. Бұл арна орта Еділдің сол жағалауы далалығын суландыра отырып, Еруслан, Кіші және Үлкен өзендердің жоғарғы ағысын кесіп өтіп, Орал өзенінде Мерген-Чапаев елді мекендеріне жетеді. Мұнда су дең­гейі шамамен +20-30 м болатын (Б.Ж. бойынша) су қоймасы салынады. Бұдан әрі Жайық–Бейнеу каналы, 600 шақырымда Маңғыстау облысы жеріне жетеді (Бейнеу елді мекені). Ұзындығы шамамен 1000 ш.м болатын бар арна өз­ағынды. Бұл оның жұмысын арзан, жеңіл әрі болашақты етеді.

Арнадан Арал теңізіне су тартылуы мүмкін.

Бұл ауқымды шара біздің ойымыз­ша, төменгі Еділ мен Каспий теңізіне нұқ­сан келтірмейтін, мәселенің ең оңтайлы шешімі болады. Жоғарыда айтылған, Солтүстік өзендері суымен Еділді үстеу­леген жағдайда Еділден Батыс Қазақстан даласына су жеткізу жөніндегі мұнан бұрынғы идея мұндай су үстеулеу жұмы­сын ескермеген сияқты...

Осы ретпен Сібір өзендері ағыны­ның бір бөлігін Тұранға бұру идеясына оралу орынды болар еді. Бұл жоба егжей-тегжейлі пысықталған және жүзе­ге асу­ға дайын. Жаңа тарих ауанын­да­­ғы ша­руашылық-экономикалық мәсе­ле­лер – мамандар құзыретінде. Күтіле­тін нәтиже­лер оң.

Кем дегенде Омбы, Түмен облысы­ның оңтүстігінде пайдаланылған Ертіс-­ тің суы Қазақстанға қайтып оралуы ке­рек. Бұл, бәрінен бұрын, болашақта Қазақ­стан қажеттілігі үшін Ертістен ауқымды су ­алу көлемін азайтуға сеп­теседі. Бұл көлем – өзеннің орта ағысы, екі мемлекет аумағы үшін де қажетті су.

Ертісті Алтайда Қатын өзенімен, Обьті – Енисеймен үстеулеу нұсқалары бар.

Саяси, экономикалық аспектілер, құрылыс параметрлері – мамандар құзы­рында. Жоғарыда келтірілген кең жағ­рафия, шын мәнінде, салыстырмалы түрде арзан, қарапайым шешімдермен кестеленеді.

Біз мәселенің экологиялық қырына ой жібере аламыз. Планетаның бүгінгі климаттық ахуалы алаңдатарлық. Есеп­теулер бойынша, Жердің жылынуы қай­тымсыз сипат алды. Шамадан тыс ыстықтар, мұздықтар сарқылуы, құрғақ­шылық, үскірік аяз, апатты жауын-шашын – өмір шындығына айналды. Бұл мәселелерде ауаның ластануы үдерісінде, кепкен Арал теңізі мен Оң­түстік өлкелерде белең алып бара жатқан шөл басу рөлі соңғы қатарда тұрған жоқ. Бұлардың қайсысының табиғатқа «ауырлау» соққылар ұрып жатқаны мәлімсіз. Біздің аймақтар шындығында: далалар мен ормандарда жойқын өрттер көбейді. Құрғақшылық пен аңызақ желдер тұрақты сипат ала бастады. Оңтүстік, оңтүстік-шығыс желдері Сібір, Еділ далаларына тұрақты түрде құрғақшылық келтіре бастағаны да рас. Енді ненің зияндырақ екенін айту қиын: биік ендік өзендері ағынының бір бөлігін оңтүстікке жеткізу ме, әлде, жоғары ендіктер үшін Оңтүстік шөлдердің белең алып бара жатқан «шабуылы» ма? Қайсысы қатерлірек?

Соңғы отыз жыл көрсеткеніндей, Сол­түстік және Сібір өзендері ағыны­ның бір бөлігін Оңтүстікке беруден бас тартудан жағдай пәлендей жақсарған жоқ. Тарихтар талабынан туындаған бұл идея­лардан негізсіз бас тартылып, ұмыт қал­дырылғанына орынды өкініш бар бүгін.

Жаңа су айдындары, арналар бо­йындағы жасыл шұраттар, Оңтүстік­тің жаңғырған сулары (Аралды қоса), аймақтың бір кездегі экологиялық сала­­маттылығын біршама деңгейде жан­­дандыруы тиіс. Орталық Азия сулары, өз уақытында, өзді-өзі болған емес. Олар жоғары ендіктерге бет алған Жер­орта теңізі мен Каспий циклондарын қанықтырып жатты, Еуразия климатын жұмсартты, зиянды құрғақ желдерді тосқауылдап, олардың апатты әсерлерін басты. Және мұның бәрі жаһандық экологияның құрамдас құбылыстары еді.

Еуразияның орталығында эколо­гиялық және гуманитарлық сипаттағы үлкен өзгерістер болуы мүмкін. Адамзат өзінің жабық әлемінде тұйықталып, ұзақ қала алмайды. Уақыт шындығы, біздің әлеует бізден бұл бағытта не­ғұр­лым батыл және ақылға қонымды қа­дамдарды талап етіп тұр.

Бұл жобалар Ресейдің ақыл-ойымен әр деңгейде қаралуда екеніне мен сенімді­мін. Біздің көршілік трансшекаралық байланыстарымыз тек өзен суларымен ғана емес, қуатты өмір арналарымен де қабысып жатыр. Ресейдің мол сулары мен Қазақстанның зор транзиттік әлеуеті осындай өзекті міндеттерді үйлесімді түрде шеше алатынына сенім зор.

 

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,

жазушы, эколог