• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2014

Бұл – жақсы хабар!

417 рет
көрсетілді

Дүйім елді дүр сілкіндірген ел атауына қатысты жаңалық Елбасының күні кеше Атырауға жасаған сапарында айтқан бір ауыз сөзінен басталған еді. Айта кету керек, Елбасының бұл ұсынысы қазірден-ақ үлкен қолдауға ие бола бастады. Қалай десек те, Президент айтқан ұсыныс халқымыздың сан ғасырлар бойы армандаған мақсат-мұраттарына қол жеткізе бастағандығын білдіретіні сөзсіз. Бүтін бір елді басқарып отырған адамның жайдан-жай мәселе қозғамайтыны белгілі. «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деген қазақ Президент тарапынан айтылған әрбір сөзге мән беріп келеді. Ал бұл жолғы ұсыныстың жөні тіпті бөлек. Мемлекетіміз «Қазақ Елі» немесе біз «Қазақ» газетінде айтып жүрген «Қазақия» болып аталып жатса... Ылайымда Дешті Қыпшақ даласының мерейі үстем болғай, байырғы қазақ жұртының бұрынғы айбарынан ат үркетін айбынды аты бүгінгідей заманда қайта жаңғырсын! Бәлкім, Президенттің бұл бас­тамасын, біз, артындағы қараша жұрт жаппай қолдасақ, егер ел азаттығын, оның тәуелсіздігін, қазақ мемлекетінің дара екендігін әбден сезінген ұлт болсақ Елбасының ұсынысын қолдап, «Қазақ Елі» екенімізді дәлелдерміз, болмаса көп «станның» бірі болып қалармыз, ол өзімізге байланысты. Не де болса Елбасы елшілдік идея­ны ортаға тастады, оны аяғына дейін апару қалған жұртқа ендігі жердегі жүк, әрі зор міндет те. Реті келгесін осы ойға және бір фактіні тіркейік. «Стан» сөзі парсышада «лагерь» деген сөз екені ертеден-ақ белгілі. Ожегов сөздігінде де осындай мағына беретінін көзі қарақты жұрт біледі. Тіптен сорақысы, «станның» астарында «воюющая, борюшаяся сторона, общественно-политическая группировка, в царской России: административно-полицейское подразделение уезда» дейтіндей де мән бар. Мысыр (Египет), Иран, Ирак сияқты елдер де «станды» қабылдамаған. Яғни, мемлекет атауын ұлт, ұлыс атауында сақтаған. Ал Англия, Франция, Италия, Испания, Дания, Германия, Чехия,.. т.т. батыстағы елдер мемлекет атауының соңына «ия» форматын жалғаған. Осыдан шығатын қорытынды: біздегі қазіргі Қазақстан Респуб­ликасы атауын «Қазақ Елі» деп атаудың еш әбестігі жоқ. Сан ғасырлар бойы толайым дәуірлік өмір өткелдерінен өткен, неше мәрте қоғамдық өзгерістерге ұшыраған, небір заманауи уақыт формацияларын басынан кешірген Алаш жұрты бүгін өз Тәуелсіздігіне қол жеткізді. Қазақ, өткенінде алғашқы дәуірді былай қойғанда, хандық, феодалдық, социалистік, қазір капиталистік деп аталатын қоғамдық дәуірлерді көрді. Тіпті, ұлт, ел атауынан адасып қалған тұстар да бар. Қанша уақыт «қазақ» емес «киргиз-қайсақ» боп аталды, жазылып келді. Шүкір, кешегі Алаш арыстарының әуелі орыс империясымен, кейіннен большевиктер билігімен алысып жүріп, өз атауымызға қол жеткізгенін тағы ұмытуға болмайды. Осындайда «Қазақты қазақ дейік. Әділдікті қалпына келтірейік» деп мақала жазатын қайран Сәкен Сейфуллиннің еңбегін ерекше атау керек. Сондай ерлер болмағанда 1920 жылы құрылған автономиялық республикамыздың аты Қырғыз автономиясы күйінде енді қанша тұрарын кім білсін! Қайсарлық деп арыстары­мыздың осындай ұлттық мінезін айтсақ болады. Біздегі әлгі «қазақ мың өліп, мың тірілген» деген сөз осындайдан қалған. Енді өткенге салауат, қалғанға береке дейтіндей заман келді. Бұрынғыны қазудың қажеті аз. Тарихқа адалдық керек. Әр адам өз қоғамының перзенті ретінде өз ғасырының жоқшысы бола алса мұратты. Кеше (1991 ж.) еркіндіктің күні туғанда бұл жай неге қарастырылмады, қайтіп әу бастан Ата Заңға «Қазақстан Республикасының» орнына «Қазақ Республикасы» деп жазбадық деу бүгін кеш. Кінәласудан ештеңе өнбейді. Рас, әділіне көшкенге қазіргі қолданыстағы «Қазақстан» атауында да еш сөкеттік жоқ. Гәп басқада. Бар ерсілік «Қазақ» сөзіне жалғанған «стан» жұрнағында болып тұр. «Стан» кешегі құлдық, бодандық, жіктелу, бөліну жағымызды еске түсіре береді, сондықтан келешекті болжағанда сөздің «лагерлік» тегі елді штат-штатқа бөлуге оңай – қолжаулық қаупі көкейде тұрады. Күл астында қоламта бар. Ірге қымталмаса саңылау көп. Бұл ұстанымды ел зиялылары, Сенат және Мәжіліс депутаттары, халық болып ойласса болады, қолдау керек-ақ қой! Ел­басы атыраулықтармен кездескенде ордалы ойды ортаға тастады. Орынды ұсыныс, елшілдік сөз! Қазақ жұрты Қазақ Елі атануға қашаннан-ақ құқылы еді-ау. Сол күн жетті ме? Төрле, жақсы хабар! Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ.