Коста-Рика алғашқы болып балаларға коронавирус вакцинасын егуді міндетті етті, деп жазады Egemen.kz.
«Ұлттық вакцинация және эпидемиология комиссиясы ұлдардың, қыздардың және жасөспірімдердің мүддесін қорғау мақсатында Covid-19-ға қарсы иммундауды барлық балаларға міндетті етуді шешті», деді Коста-Рика денсаулық сақтау министрлігі.
Министрлік ковидке қарсы вакцинаны осы жылдың наурыз айында халық үшін міндетті екпелер тізіміне енгізген еді, енді бұл ереже балаларға да қатысты болмақ. Костарикалық балаларға екпе егу келесі жылдың наурызында басталады.
Мемлекет америкалық Pfizer компаниясымен 3,5 млн доза вакцина алдыру туралы келісім жасады. Оның ішінде 1,5 млн дозасын балалар үшін арнайы алдыртады. Қалған екі миллион вакцинаны ересектерге үшінші рет егеді.