Ғалым – ғылыммен айналысатын, жаңалық ойлап табатын, ақыл-ойы айқын, ерік-жігері, тілек-мақсаты ақиқат пен әділдік жолында болатын ізденімпаз, жаратылысынан білімге құмар жан. Мұндай қасиет иесі үнемі оқу мен іздену, талпыну мен тану, тәжірибе жинау арқылы өмірдің сан қырлы мектебінен өте отырып, ғылым биігін бағындыра алады. Ұлттық ғылым академиясының академигі Оразалы Сәтімбекұлы Балабеков өз саласының нағыз ғалымы еді. Ұстазымыздың ұшқыр ойы мен асқан ақылының, өткір сезім, қуат-қайратының, қайтпас қайсар батылдығының арқасында химия технологиясы мен экология ғылымында Балабеков мектебі қалыптасты.
Ел іргесіне жау кіріп, тыныш та бейбіт өміріміз ұрланған 1941 жылдың күзінде, қасиетті ораза айында дүниеге келген баланың болашақта үлкен ғалым боларын ешкім де болжамады. Абылайханның көрнекті серігі, аты аңызға айналған Мәмбет Құндасұлының ұрпағы – Байзақ батыр ауданында, қарапайым отбасында дүниеге келген сол бала елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелдерге аты шыққан белгілі ғалым, академик Оразалы Балабеков болатын. Ұстаз, ғалымның көзі тірі болса, биыл 80 жасқа толар еді.
Ғалымның туған жері – қасиет қонған тарихи мекен. Біздің заманымызға дейінгі ІІ-І ғасырлардағы Қорғандар тобы, ерте темір дәуіріндегі Жетітөбе, Амантөбе обалар қорымы мен VІ-ХІІ ғасырлардағы Ақтөбе қамалының қирандысы, Қостөбе, Шөкетөбе қалашықтары, Зауырбектөбе, Бекіністі, Ақтөбе, Аймантөбе, Қызылқайнартөбе, Шөлтөбе, Қоңыртөбе, Құрманбайтөбе қоныстары, Шөлтөбе бекінісі, Ақтөбе мазары, Жайлаутөбе, Қоңырбайтөбе қалалары орналасқан Байзақ ауданы өткен күндерден сыр шертеді. Осындай жерде туыпөскен ұстазымыз Оразалы Сәтімбекұлының тұла бойы тұнып тұрған адами қасиет еді. Оның мейірім тұнған қоңыр көзі, жылы жүзі, шағын бойынан асып төгілер асқан қамқор пейілі оны өзгелерден биіктетіп, айрықшаландыратын. Ол барлығын терең түсінетін және істің жай-жағдайына сәйкес тез шешім қабылдай білетін аса зерек адам еді.
Ғалым өзінің өмірбаяндық еңбегінде ғұмырына қатысты жағдайлардың бәрін егжей-тегжейлі баяндаған. Болашақ ғалымның әкесі Сәтімбек соғыстың екінші жылында қайтыс болды. Тәтібек қария мен Қалампыр әже бала Оразалыға ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр негізінде тәрбие берді. Соғысқа бір аяғын қалдырып қайтқан етікші Тәтібек қария немересіне сөзімен де, ісімен де үлгі бола білген елге абыройлы ақсақал болды. Соғыста қаза тапқан ұлының қайғысы қажытса да, «немерелерімнің рухы жығылмасын» деп еңсесін тік ұстаған қайсар ана Қалампырдың қамқорлығы мен өр мінезін көріп өскен ұл да рухты болып ержетті. Сәтімбек ұлынан қалған жалғыз тұяққа көзінің ағы мен қарасындай қараған қос қария немересіне таршылықтың не екенін сездіртпеуге тырысты. Бар-жоғы 19 жасында жесір қалып, тағдыр тауқыметін бір кісідей тартқан туған анасы Алтынкүл де бұл сынаққа мойымады.
Жоғарыда аталған кітапта өзін тәрбиелеген басты адам ретінде Оразалы аға нағашы әжесін атайды. Он бір құрсақ көтеріп, содан аман қалған жалғыз қыздың әкесіз қалған ұлын арқалап жүріп өсірген Қадиша ананың еңбегі ерен. Тірлігі тап-тұйнақтай, ошақ басы мұнтаздай таза Қадиша ана шаңырағында Күләш Байсейітова, Қаныбек Байсейітов, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Роза Бағланова сынды тағы да басқа өнер жұлдыздары мен мемлекет, қоғам қайраткерлері қонақ болып, дәм татып, қона жатып кеткен көрінеді. Солардың шай-суын дайындап беріп жүрген Оразалы аға бала кезінде естіген әңгімелерін күні кеше болғандай айтып отыратын. Бұл оның жадының мықтылығынан болса керек.
Оразалы Сәтімбекұлы терең ой иесі еді. Балалық шағынан бастап басынан өткен оқиғаларды, өмір жолында кездесіп, сұхбаттасқан жандардың әңгімелерін, олардың аты-жөні мен мекенжай, болған уақытына дейін бәрін айдан анық етіп айтып отыратын асқан әңгімешіл адам болды. Осы қасиеті оны ғылымға алып келгендей. Кезінде қазақ халқының тарихи мекені болған ғалымның туған жері ХХ ғасырдың басында көп ұлтты, аты да, заты да өзгерген ауылға айналды. Қазақ сыныбында оқығанымен, орыс тіліне жетік болып, мектепті медальмен үздік тәмамдаған Оразалы аға үшін 1958 жыл аса ауыр жыл болды. Анасына жала жабылып, сот ісі екі жылға созылды, өгей әкесі де жұмыссыз қалды. Бұл жағдай оның Алматыда жоғары білім алу деген арманынан бас тартуына алып келді.
Медалист баласының әркімнің есігінде кірпіш құйып жүргеніне жүрегі ауырған Қадиша апа Жамбыл қаласында Шымкентте ашылған институтқа құжаттар қабылдап жатқанын естіп, немересін атпен алып барған екен. Бір орынға жеті үміткерден келген үлкен конкурстан өтіп, Қазақ химия-технология институтына оқуға қабылданған Оразалы аға үздік студент болды. Үшінші курс бітірген жылы О.Балабековті оқу орнының ректоры Қ.Біләлов Мәскеу химиялық машина жасау институтына оқуға жібереді. Осы сәт оның болашағын анықтады.
Мамандық студенттері оқитын оқулықтар мен ғылыми еңбектердің авторлары – ғылым докторлары мен майталман шеберлерден білім алған Оразалы аға әр кез емтихан сессиясын автоматты түрде тапсырып, Мәскеуде серуендеп жүреді екен. Оқу ісіне шығармашылық тұрғыдан қарап, алғыр студент атанған ол мемлекеттік емтихан алдында қатты сырқаттанып қалады. Мәскеудегі ұстаздары ойы ұшқыр, үздік шәкіртінің жағдайын түсініп, желтоқсан айында мемлекеттік емтиханды арнайы Оразалы Сәтімбекұлы үшін қайта шақыртады. Дипломдық жобасын «беске» қорғап, бастапқыда оқуға қабылданған 42 студенттен соңына дейін жеткен 14 түлектің бірі болып, институтты үздік аяқтап, «Химия өндірісінің машина мен аппараттары» мамандығы бойынша «инженер-механик» дипломын конструктор дәрежесінде алып шығады. Мәскеуде оқыған уақыт Оразалы Сәтімбекұлы үшін рухани және интеллектуалды тұрғыда өсу кезеңі болды.
Институтты бітірген 1964 жылы сол кездегі Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институтының «Гидравлика» кафедрасына ассистент қызметіне қабылданады. С.Сүлейменов, З.Молдахметов, Ш.Молдабеков, М.Наурызбаев, Т.Қалменов сынды мықты ректорлар басқарған жылдары ҚазХТИ республикадағы ең ірі білім-ғылым ордасына айналды. Мұндағы Оразалы ағаның да еңбегін атап өтуіміз керек. Институт құрылысын қаржыландыруға, материалдық-техникалық базасын жасақтауға қатысты сапарға ректорлармен бірге Мәскеуге барған кезінде тиісті мекемелерге кіріп, қажетті құрал-жабдықтарға қол жеткізуде табандылық танытқанын әріптестері аңыз етіп айтып отыратын. Сол кезеңде университет бұрынғы Кеңес Одағындағы озық тәжірибелі мамандармен толыққан, зертханалары мен дәрісханалары мықты жабдықталған оқу орны атанды. Оның дәлелі – ҚазХТИ әлемдегі 10 химия-технологиялық жоғары оқу орындарының қатарында болуы еді.
1966 жылы сол кездегі Ленсовет атындағы Ленинград технология институтының аспирантурасына оқуға қабылданған Оразалы Сәтімбекұлы үшін оқу да, ғылыми жұмыс та табысты басталады. Тік контакты торлы сапты аппараттарды жасайтын перспективті ғылыми бағыттың бір бөлшегі болып табылатын аспирантурадағы ғылыми жұмысын зерттей бастағаннан жас ғалым бұл қондырғылардың жасалуы да, құрастырылуы да күрделі екеніне көз жеткізе бастайды. Ұстаздарының қарсылығына қарамастан қашанда алға қойға мақсатына жетуде ешнәрседен тайынбайтын Оразалы аға тақырыбын өзгертеді. Мәскеуде алған білімін қолдана отырып, мүлдем жаңа тақырыпты игереді. Ұстаздарының өзі жас ғалымның табандылығы мен бірбеткейлігіне таңданыспен қарай бастайды.
1970 жылы қазан айында «Химия өндірісінің машина және жабдықтары» мамандығы бойынша «Ілінген жұмыр насадкалы аппараттардың гидродинамикасы және ұстау процестерін зерттеу» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Қайсарлық пен тынымсыз еңбектің арқасында ғалым өз мақсатына толық жетеді. Ол жолда Оразалы аға талай тәуекелге барып, басын бәйгеге тігеді. Еңбегі мен барлық тәуекелі нәтижелі болып, ғылыми орта О.Балабековтің ғалымдығын мойындайды. Ғылыммен неғұрлым көп танысқан сайын, оны соғұрлым жақсы көре түскен Оразалы аға бұдан кейін қанатын кеңге жая бастайды.
Кандидаттық диссертациясын табысты қорғап, елге оралған соң ҚазХТИ-ға аға оқытушы қызметіне тағайындалады. Отыз екі жылдық өмірі, педагогикалық, ғылыми қызметі тығыз байланысқан «Химиялық өндіріс аппараттары және машиналары» кафедрасынан өмірінің соңына дейін қол үзбеді. Үнемі байланыста болып, шәкірттерінен ақыл-кеңесін аямады.
Өзі қызмет ететін кафедра 1974 жылы екіге бөлініп, соның бірін басқару О.Балабековке жүктеледі. Атауы ескіше болғанымен жаңа ұжымды басқару, оқу жоспарын, оқу-әдістемелік құжаттарды және бағдарламаларды қайта даярлау, жаңа зертханалар мен дәрісханаларды жабдықтау кафедра меңгерушісінің негізгі мақсаты еді. Өте қысқа мерзімде КСРО-да бұрын-соңды болмаған оқу сабақтары мен зерттеулерді жүргізуге арналған ең жақсы жабдықталған тәжірибе алаңын құруы – Оразалы Сәтімбекұлының мықты ғалым ғана емес, оқу-әдістемелік, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшы екенін көрсетеді. Ол өзінің тәжірибесін артығымен қолданды десе де болады. Соның нәтижесінде ғалым басқарған тұста кафедра КСРО-дағы үлгілі ұжымға айналды. Ұстазымыз оқыту процесінде қалай болса солай оқытпай, ғылым, білім беру жүйесі сақталу керек дегенді ұстанатын. О.Балабеков Қазақ химия-технология институтының базасында КСРО химия өндірісінің министрлігі қарауындағы фосфор және минералды тыңайтқыштардың өнеркәсіптік қалдықтарын тазалау және пайдаланудың салалық ғылыми-зерттеу зертханасын ұйымдастырып, ғылыми жетекшілік етті. Тіпті шалғайдан келген әріптестері кафедра зертханаларын аралағанда таңданыстарын жасыра алмай «зауыт тұрғызыпсыңдар» деп таңдай қаға тамсанған.
Ректор С.Сүлейменовтің тапсырмасымен Оразалы аға өзінің зерттеу жұмысын қайта қолға алады. 1976 жылы Санкт-Петербургтен «Газдарды сұйықтармен өңдейтін қарқынды коллоналы аппараттар» атты алғашқы ғылыми монографиясы жарық көреді. Келесі жылы «Химтехника» аталып кеткен «Қазіргі таңдағы ғылыми өндірістің машиналары және аппараттары» тақырыбындағы Бірінші бүкілодақтық ғылыми-техникалық конференция ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізеді. 1980, 1988 жылдары бұл конференция және ұйымдастырылады. 1977-1991 жылдары «Химия және тамақ өнеркәсіптерінің машиналары және аппараттары» мамандығы бойынша КСРО жоғары және арнайы орта кәсіптік білім беру министрлігінің Ғылыми-әдістемелік комиссия мүшесі болып сайланады. 1979 жылы кеуекті резиналы саптамаға техникалық шарттар дайындалып, оны өнеркәсіптік игеру басталады. Оразалы аға ғылыми ізденісін тоқтатпайды. Ғалым құрылғылар мен процестердің химиялық технологиясымен және өнеркәсіптік экологиямен байланысты мәселелерді шешудің басқа жолын таңдайды. Бұл шешімге келуіне өзі ұйымдастырып өткізген ғылыми-техникалық конференция ықпал етеді. Сол кезеңде бір жарым жыл ішінде О.Балабековтің жетекшілігімен төрт қалада орналасқан бес жоғары оқу орнында сегіз ізденуші қатар қорғайды. Бұл тамаша жетістік болатын. Қорғалған әрбір кандидаттық диссертация жеке компонентті және көпкомпонентті құралымды газдарды тазалаудың ғылыми нәтижелерінен, фундаментальды гидродинамикалық өңдеуден, көпфазалы ағымдар құрылысының математикалық моделінен тұратын аяқталған зерттеу жұмыстары болатын.
1985 жылы Мәскеудегі химия машина жасау институтында ғылым докторы дәрежесін ізденуге арналған диссертациясын табысты қорғады. Бұл уақытта О.Балабековтің 13 аспиранты кандидаттық диссертация қорғап, 5 монографиясы, 180-дей мақаласы шыққан болатын. Отызға жуық КСРО авторлық куәлігі алынған. Ал жұмысының нәтижелері 9 монографияда және анықтамада пайдаланылған. Үш айда көлемі 600 бетке жуық екі томнан тұратын докторлық диссертациясын жазды. Оразалы Сәтімбекұлы үшін 1986 жыл жеңісті, жемісті жыл болды. Осы жылы есімі «Қазақ КСР-інің Алтын кітабына» жазылып, Құрмет дипломы берілді. КСРО жоғары және арнайы орта білім беру министрлігінің «Үздік еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. «Химия өндірісінің машиналары мен аппараттары» кафедрасының профессоры ғылыми атағы берілді. Бес бірдей аспиранты Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағына ие болды.
Шәкірті О.Воробьев 1988 жылы ғалым-ұстаздың жетекшілігімен алғашқы докторлық диссертациясын қорғады. Осы жылы Қазақстанда алғаш рет «Химия технологиясының процестері мен аппараты» мамандығы бойынша докторантура ашылды. 1991 жылдың 11 ақпанында КСРО ЖАК-тың бұйрығымен ҚазХТИ-да «Химия технологиясының процестері мен аппараттары» және «Бейорганикалық заттар технологиясы» мамандықтары бойынша кандидаттық диссертациялар қорғау үшін мамандандырылған кеңес құрылды. Кеңестің ашылуына О.Балабеков өте маңызды рөл атқарды.
О.Балабеков 1988-1992 жылдары ҚазХТИ-дың ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметін атқарды. 1992-1994 жылдары Химиялық технология және өнеркәсіптік экология ғылыми-зерттеу институтында директор, 1994-1997 жылдары «ҚазХимжоба ҒЗИ» АҚ президенті, 1997-1998 жылдары «Ғылыми инжинирингтік технология институты» ААҚ бас директоры, 1998-2001 жылдары «Мирас» университетінің ректоры, 2002-2011 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ вице-президенті, президент кеңесшісі, І проректоры болды. 2011 жылдан өмірінің соңына дейін ОҚМПИ-да ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор, ректор кеңесшісі қызметтерін атқарды.
О.Балабековтің ғылыми қызметі Қазақстандағы жаңа ғылыми бағытқа – химиялық-технология процестерінің теориялық негіздері мен аппараттарын әзірлеуге және өнеркәсіп экологиясына арналды. Ол – 700-ге жуық ғылыми еңбектердің авторы. Олардың ішінде 27 монография, 117 патент, 4 мемлекеттік стандарт пен техникалық шарт, сондай-ақ дүниежүзілік өнертапқыштар мен ғылыми жаңалықтар авторлары федерациясы мен халықаралық академиялар мойындаған Қазақстандағы алғашқы №144, №269 ғылыми ашылымдары және 20-Н ғылыми гипотезасы бар. Ғалымның ғылыми ашылымдары құйындардың синфазалық әрекеттесу заңына және ағындардың құйындық қозғалысының заңдылықтарына арналды. Олар қазіргі көбейіп бара жатқан табиғат апаттарының (боран, тасқын, дауыл және т.б.) механизмін түсіндіруде, интенсивті процестер мен аппараттарды жасауда және экологиялық құрылыста қолданылады. Ғылыми болжамда жаратылыс ғылымдары тұрғысынан Қазығұрттың Еуразия халықтары үшін тарихи орны көрсетілген.
О.Балабековтің ғылыми мақалары АҚШ, Канада, Аргентина, Бельгия, Италия, Испания, Чехия, Ресей, Украина, Өзбекстан және Қырғызстанның рейтингісі жоғары журналдарында жарияланды. Соңғы жылдары О.Балабеков геосферадағы ағындардың құйындық әрекеттесуінің заңдылықтарын және қала, жолкөлік экологиясын зерттейтін ғылымдағы жаңа бағыттар бойынша жемісті еңбек етті.
Ол 1991 жылы КСРО-ның құрметті химигі, 1995 жылы Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 1997 жылы Халықаралық инженерлік академияның, Ұлттық инженерлік академиясының, 2003 жылы Ұлттық ғылым академиясының, 2004 жылы Халықаралық жүйелі зерттеулер академиясының академигі атанды.
О.Балабековтің жетекшілігімен 21 докторлық және 58 кандидаттық диссертация «Бейорганикалық заттардың технологиясы», «Химиялық технологияның процестері мен аппараттары», «Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресустарды ұтымды пайдалану», «Геоэкология» және «Қауіпсіздік және өртке қарсы техника» атты 5 мамандық бойынша дайындалып, қорғалды. КСРО Химия өнеркәсібі министрлігінің фосфор мен минералды тыңайтқыштар өндірісінің қалдықтарын тазарту және өндірісте қайта пайдалануға арналған салалық ғылыми-зерттеу, жылу масса алмасуды қарқындастыру, аса таза заттарды алу проблемалық зертханаларын құрды. Осы зертханалар базасында 1992 жылы «Химиялық технология мен өнеркәсіптік экология» ғылыми-зерттеу институтын ұйымдастырды.
Академик О.Балабековтің бастамасы бойынша 1992 жылы ҰҒА Оңтүстік Қазақстан бөлімшесін ұйымдастырып, онда ол төрағаның орынбасары, ал 1994-2004 жылдары академик-хатшы қызметін атқарды. «Аймақтық экономика мәселелері» академия институты мен Оңтүстік аймақтық ғылыми зерттеу қорының құрылуына алғашқылардың бірі болып атсалысты. «ҚазХимжоба ҒЗИ» АҚ президенті қызметінде жүріп, оны Қазақстандағы химия және кен-химия салалары бойынша бас институты болатындай ірі ғылыми-өндірістік мәселелерді шешуге қол жеткізді. Сол үшін 1996 жылы Копенгаген қаласында ұжымға Алтын кубок табыс етілді. О.Балабековтің басшылығымен әзірленген инновациялық технологиялар, процестер, конструкциялар және әдістер Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан, Украина және Өзбекстанның түрлі кәсіпорындарындағы 120 қондырғы мен желіні құру және реконструкциялау кезінде өнеркәсіптік қолдау тапты. Әлемде теңдесі жоқ газды тазарту аппараттарының үш класы сериялы өндіріске берілді.
О.Балабеков еңбек жолындағы жеткен жетістіктері үшін «Құрмет белгісі» орденімен, КСРО ЖАОБМ «Еңбектегі үздік жетістіктері үшін» белгісімен, «КСРО өнертапқышы», «ҚР білім үздігі» төсбелгілерімен марапатталған. 1990 жылы Оразалы аға ғылым мен техника саласында КСРО-ның Мемлекеттік білім комитеті сыйлығының лауреаты болды. КСРО ҒА Президиумының, ҚР ҰҒА Президиумының, КСРО химия өнеркәсібі министрлігінің, КСРО Білім комитетінің және де ҚазКСР ЖАОБМ-нің грамоталарымен марапатталды.
Академик О.Балабековтің маңызды еңбектері, ғылыми ашылымдары, жаңалықтары халықаралық деңгейде бағаланып, ол: «GOLDEN EAGLE» орденімен (Германия, 2005); Нобель сыйлығының лауреаты В.Рентген атындағы күміс медальмен және Еуропалық жаратылыстану академиясының дипломымен URKUNDEU (Ганновер, 2004); Нобель сыйлығының лауреаты П.Л.Капица атындағы медальмен (Москва, 2001), «Өнеркәсіп технологияларының процестері мен техникасы» ассоциациясының Алтын медалімен (2011) марапатталды. Ассоциация оқу-ғылыми мекемелерін инновациялық жетістіктері үшін марапаттайтын О.Балабеков атындағы Кубок тағайындады. 2010 жылы кубоктың алғашқы иегері М.В.Ломоносов атындағы нәзік химия технология академиясы болды.
О.Балабеков арамыздан кеткеніне біршама уақыт өтсе де ұстазымыздың мейірімге толы көзі мен қамқор үні әр кез жадымызда. Ұстазымыздың ұстазы Д.Менделеевтің «Ғылымды күшті меңгерген және оны сүйетін мұғалім ғана өз шәкірттерінің бәріне жемісті ықпал жасайды» деген сөзін Орекеге арнап айтуға да болады. Расында да, адамның шын мәнісіндегі нағыз артықшылығы ғылымда. Қаныш Сәтбаевтың сөзімен айтсақ, «Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірибелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін, үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғалым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады».
Нағыз ғалым, ұлы ұстаз Оразалы Сәтімбекұлы Балабеков есімі ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, оның ризашылық білдірген шәкірттерінің жүрегінде қалады.
Бауыржан ҚОРҒАНБАЕВ, техника ғылымдарының докторы,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті