• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2014

Банктегі жағдай бірқалыпты

341 рет
көрсетілді

«Альянс Банк» АҚ басқарма төрағасы Тимур ИСАТАЕВҚА банктегі ағымдағы ахуалға қатысты бірнеше сұрақтарға жауап беруін өтінген едік. – Тимур Ризабекұлы, қазір­гі жағдайда банктегі ахуал туралы айтқанда оның тұрақ­тылығы алдыңғы кезекте тұра­ды емес пе. Сіздердегі осы тұрақ­тылықтың негіздері неде деп білесіз? - Альянс Банк тұрақ­тылы­­ғының негіздерін оның Қазақстанның қаржы нары­ғын­дағы стратегиялық тұрғыдан қатысуының жиырма жылға жуық тарихы және мықты да әлеуетті басқару тобы құрайды. Банк Бас кеңсежай құрылымын қайта қарады. Бұл арқылы біз бизнес-үдерісті жылдамдату және оның филиалдар үшін, сайып келгенде, Банк клиенттері үшін қолжетімділігін арттыру мақсатын көздеп отырмыз. Ке­лешекте өз жұмысының тиім­ділігін одан әрі арттыру және жаңа сапалық деңгейге көтерілу үшін Альянс Банкте барлық алғышарттар мен мүмкіндіктер бар деп айта аламыз. – Алыпқашпа сөздер ту­дырған СМС хабарламалар жайында не айтасыз? - Соңғы күндерде Қазақ­стан­ның, әсіресе, Алматы мен Астананың тұрғындары неше түрлі күдікті СМС хабарламалар мен WhatsApp Messenger хабарламаларын алуда. Әрине, оларды ниеті дұрыс, адал адамдар жібермегені белгілі. Дәлірек айтқанда, бұл хабарламаларда үш банктің: ЦентрКредит Банк­тің, Каспий Банктің және Альянс Банктің таяуда тақыр­ға оты­ратындығы туралы айтыл­ғаны қазір ешкімге құпия емес. Міне, осыған байланыс­ты аталмыш үш банктің және Қазақстан Қар­жыгерлері қауымдастығы­ның басшылары мен акционерлері бұл ақпараттың арандатушылық сипатын айыптай отырып атап көрсетеді. Әлдебіреулер Қазақ­станның қаржы жүйесінде дүр­белең туғызу мақсатын көздегені байқалады. Осындай жағдайда біз, әлбетте, қол қусырып қарап отыра алмаймыз. Жоғарыдағы үш банк бірігіп ақпараттық шабуылды тойтаруға кірісті, сонымен бірге, құқық қорғау органдарына шағымданды. – Банктің бұдан былайғы іс-әрекеті, клиенттерге қатысты сая­саты  жайлы айта кетсеңіз? Өз мін­деттемелеріңізді бұрын­ғы­сынша орындай бересіздер ме? - Соңғы күндерде клиенттер тарапынан Банк қызметтеріне сұранымның өсуіне байланысты бөлімшелеріміздің жұмыс кестесі айтарлықтай ұзартылғанын айтуға тиіспін. Өйткені, қызмет көр­сетудің жоғары сапасымен әрдайым клиенттердің көңі­лінен шығу біздің Банк үшін басты басымдық болып қала бермек. Альянс Банк штаттық тәр­тіпте жұмыс істеуін одан әрі жалғастыратынын атап көр­сетуім қажет. Сондай-ақ, қазақ­стандықтардың - біздің клиенттеріміздің салымдары бойын­ша да, ағымдағы есепшоттар бойынша да барлық міндеттемелеріміз толықтай орындалмақ. Тағы бір айта кетерлік жай, клиенттеріміздің салымдарын мемлекет, яғни Қазақстанның депозиттерді кепілдендіру қоры қорғайды. Себебі, акциялардың 67 пайы­зына ие болып отырған мемлекет, бұрынғысынша, Альянс Банктің басты акционері болып қала береді. Бұл жай да Банк тұрақтылығын, жағдайдың байып­тылығын сақтау орайын­дағы аса маңызды фактор екендігі күмәнсіз. Әңгімелескен  Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». Алматы.