• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Қараша, 2021

Баспана салу – құрылыс саласындағы басты бағыт

404 рет
көрсетілді

Шымкент қаласының білім ордаларында 125 мыңнан астам студент оқиды. Бүгінде 8 жоғары және 38 арнаулы оқу орнының студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз ету мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың мәліметіне қарағанда, мегаполиске Түркістан облысының аудандары мен көрші­лес өңірлерден шамамен 75 500 жас келіп оқиды. Яғни осыншама студент жатақханамен қам­ты­луға тиіс. Қала әкімдігі осы мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастырып, ауқымды жұмыстарды қолға алып отыр.

Өзекті әрі өмірлік мәні бар мәселе

Қаладағы 22 жатақхана 7 175 студентті қабылдай алады. Бұл дегеніңіз баспанаға мұқтаж студенттердің 9,5 пайызы ғана. Республикалық мәртебе алған мегаполис­те бүгінде тұрғындар қатары да көбейіп келеді. Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанымен, баспанаға сұ­ра­ныс жалдамалы пәтер бағасының жоға­рылауына ықпал етуде. Сұраныстың артуына студенттердің де үлесі бар. Жас­тар­дың жатақханаға сұранысын қана­ғаттандыру бүгінгі биліктің назарында. Естеріңізде болса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ілгеріде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін­де мемлекет-жекеменшік әріптес­тігі аясында жатақхана құрылысын қолға алуды жүктеген болатын. Студенттер үйі құрылыс арқылы іске қосылса, онда әр студент үшін бір жылға 122 айлық есептік көрсеткіш, ал егер бұл жатақхана қайта жаңғырту арқылы іске қосылса, онда 47 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төленеді. Биыл айлық есептік көрсеткіш мөлшері 2 917 теңге екенін ескерсек, жаңа жатақхана салған инвестор қабылдаған әр студенті үшін бюджеттен 355 874 теңге алады. Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың мәліметі бойынша осындай механизм арқылы Шымкент қаласында 2023 жылдың соңына дейін 4 мыңнан астам студентті орналастыруға арналған 11 жатақхана пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Нақтырақ айтсақ, биыл 1 474 орынды 4 жатақхана пайдалануға берілмек. Соның ішінде 1 100 студентті қабылдай алатын 3 жатақхана қыркүйек айында ашылды. Ал М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 374 орынды жатақханасы желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Студент үшін бас­пана ғана емес, үлкен қала тіршілігіне бейімделуіне жәрдем беретін жатақханада ғылыми зерттеу жұмыстары бойынша үйірмелер, шығармашылық орталықтар мен спорт секциялары жұмыс істейді. Яғни жатақханаларда шәкірттің сапалы білім алуына қолайлы жағдайдың жасалуы басты талап десек те болады. Бұл орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында: «Жатақхана – өте өзекті әрі өмірлік мәні бар мәселе», дей келе, студенттердің тұруына қауіпсіз әрі жайлы орталықтар құрылуы тиістігін айтты. «Қос дипломды бағдарламаларды, студенттердің, жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлық құрамының ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлығының түрлі формасын дамыту қажет. Қазақстандық университеттердің базасында шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының кампустарын ашу керек. 10 университетте академиялық басымдық деп аталатын студенттердің тұруына қауіпсіз әрі жайлы орталықтар құрылуға тиіс», деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Президент алдағы 5 жылдың ішінде кемінде 90 мың орындық жатақхана салынуы тиістігін баса айтты. Осы орайда Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы үшінші мегаполисте 2022 жылы 900 орынды 2 жатақхананы, ал 2023 жылы 1 650 орынды тағы 5 жатақхана­ны пайдалануға беру жоспарланғанын мәлім етіп отыр.

Жуырда жыл басынан бергі 9 ай­дың қорытындысы бойынша қала әкімі Мұрат Әйтеновке есеп берген басқарма басшысының міндетін атқарушы М.Шо­танов 5 бағыт бойынша атқарылған жұ­мыс­тың бір бағыты жастар саясаты екенін айтып өтті. Шымкентте қазір 14-29 аралығындағы 239 986 жас бар, бүгінде олар қала халқының 22,3%-ын құ­райды. Есепті кезең бойынша 10 215 жас жұмыспен қамтылған. Оның ішінде уақытша жұмысқа – 4 362, бос жұмыс орындарына – 3 315, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға – 1 132, кәсіптік оқуға – 1 094, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде – 214, «Жол картасы» аясында 98 жас буын жұмысқа жолданған. Ал жұмыс істеу мен ізденуге ниеті жоқ, яғни NEET санатындағы жастар 7,3 (16 207) пайызды құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті төмендету үшін 1 332 жаспен жұмыс жүргізу көзделіп отыр. Сондай-ақ М.Шотанов волонтерлікті қолдау мақсатында Meyirim.kz электрондық қайырымды­лық порталы іске қосылғанын, қазір онда 31 қайырымдылық қоры, 19 заңды тұл­ға, 4 әлеумет­тік дүкен, 73 ерікті тір­келгенін атап өтті. Портал арқылы 3 773 мұқтаж отбасына көмек көрсетілген. Қаладағы волонтерлік ұйымдар әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен қарияларға 7 мыңға жуық азық-түлік себетін таратқан.

 

Шаттық сыйлаған «Шаңырақ»

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мегаполисте кезекте тұрған адамдардың баспана мәселесін шешу бағытында да ауқымды жұмыс атқарылуда. Президент Жолдауында өз бетінше баспана мәселесін шешуге табысы жетпейтін азаматтарға тиімді әлеуметтік көмек көрсетілетіні айтылған болатын. Бұл орайда өткен жылдан бастап «5-10-25» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оған 390 млрд теңге бөлінді. «Шаңырақ» жеңілдетілген несиелік бағдарлама бойынша Тұран шағын ауданында орналасқан 7 тұрғын үй пайдалануға берілді. «Тұран шағын ауданында шамамен 1,2 млн шаршы метрді құрайтын 15 300 пәтерлі 319 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда бюджет есебінен 88 үйдің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде «Шаңы­рақ» бағытының қатысушыларын 27 тұрғын үйге қоныстандыру кезең-ке­зеңі­мен жүзеге асырылуда. «7-20-25» несиелік бағдарламасы бойынша 29 тұр­ғын үйдің құрылысы биыл аяқталмақ. Несиелік бағыттағы тағы 50 тұрғын үй­дің жобалау-сметалық құжаттамасы әзір­ленуде. Олардың құрылыс жұмыстары келер жылы басталады. Бұл көрсеткіштер алдағы уақытта азаматтардың баспана мәселесінің шешілуіне үлкен ықпал етпек», деді қала әкімінің орынбасары М.Айманбетов пәтерлердің иелеріне кілт табысталған салтанатты шарада.

Биыл қала әкімдігі тарапынан баспана­ға мұқтаж азаматтарға қолдау ретінде тұр­ғын үй сертификатына 500 млн теңге бөлінді. Ипотекалық тұрғын үй қары­зы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде әр азаматқа миллион теңгеге дейін бері­леді. Жаңа қоныс иелерінің 184-і де атал­ған сертификатты алып, баспаналы болып отыр. Мысалы, «Шаңырақ» бағ­дар­ламасы арқылы көптен күткен баспа­насына қол жеткізген Бахыткүл Нұрметова – екі баланы асырап отырған жалғызбасты ана. Осыдан бірнеше жыл бұрын тұрғын үй кезегіне мемлекеттік қызметкер санатымен тіркелген екен. Ал үш баланың анасы Жадыра Ержігітова толық емес отбасы ретінде осыдан 5 жылдай уақыт бұрын тұрғын үй кезегіне тіркелген. Бүгінде несиелік баспанаға қол жеткізген ананың қуанышында шек жоқ. Себебі бұрын пәтер жалдап тұрса, енді оның өз шаңырағы бар. «Шаңырақ бағдарламасына қатысып, баспаналы болдым. Бұрын пәтер жағалап жүруші едім, енді 3 бөлмелі үйлі болып отырмын. Қазір мемлекет тарапынан баспанаға мұқтаж азаматтарға барынша қолдау көрсетілуде. Ай сайынғы пәтерақыдан құтылдым. Енді өз пәтерім үшін жұмыс істеймін», дейді Ж.Ержігітова.

Шымкент қаласы құрылыс басқар-масы тұрғын үй құрылысы бөлімінің басшысы Шухратжан Мухтаров бүгін­де «Шаңырақ» бағдарламасымен салын­ған 1 728 пәтер бойынша абаттандыру, инфрақұрылымдық инженерлік коммуналдық жүйелерді іске қосу жұмыс­­тары жүргізіліп жатқанын айтады. Яғни бағдарламаның «Шаңырақ «5-10-20» бағыты бойынша жыл соңына дейін 1 728 азамат баспана иесі атанады. Жалпы, Президент тапсырмасын орындау бағытында қалада жүйелі жұмыстар атқарылып, жыл басынан бері түрлі мемлекеттік тұрғын үй бағдар­ла­масы аясында 3 мыңға жуық отбасы бас­паналы болды. Қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Азамат Рыс­жановтың мәлімдеуінше, 9 айда 682 отбасы арендалық пәтермен қамтылған, енді жыл соңына дейін 294 отбасына бас­пана беріледі. Жыл басынан бері 730 отбасы несиелік тұрғын үймен қамтылған. «Баспаналы болғандардың ішінде 261 азамат тұрғын үй кезегіне тіркел­ген. Ал «7-20-25» бағдарламасы бойын­­ша Шымкент қаласындағы екінші дең­­­гей­лі банктер арқылы жыл басынан бе­рі 1 362 азамат жаңа үйлерден пәтерді несиеге рәсімдеп алды», дейді басқарма басшысы. Сондай-ақ қалада «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, Әл-Фараби ауданында 2011 жылдан бас­тап жалпы 87 көпқабатты тұрғын үй жөнделген. Биыл 22 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ұсыныс берілсе, 7 үйге қаржы бөлініп, үйлердің шатыры, сыртқы қасбеті мен инженерлік жүйелері жөнделіп жатыр. Алдағы уақытта 37 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмысын жүргізу мақсатында тұрғындармен келісім хат­тамалары әзірленуде. Сонымен қатар бүгінге дейін аудан әкімдігінің ұйым­дастыруымен көпқабатты үйлерде бас­қару­дың жаңа нысанына көшу бойынша тұрғындармен 500-ден астам жиналыс ұйымдастырылған. Нәтижесінде, 53 көпқабатты тұрғын үйде мүлік иелерінің бірлестігі құрылып, қалалық әділет де­пар­таментінде тіркелді. Сондай-ақ 295 тұрғын үйде жай серіктестік құрыл­ды. Аудан аумағында көпқабатты тұр­ғын үйлердің 53%-дан астамы жаңа басқару түріне өтті. Қосымша мүлік ие­ле­рінің бірлестігін құру бойынша 33 көп­қабатты тұрғын үйдің келісім хаттамасы жинақталуда.

Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің айтуына қарағанда, биыл Шымкент қаласын­­да тұрғын үйлерді модернизациялауға 1,3 млрд теңге қаржы бөлініп, 11 тұрғын үйге ағымдағы, 25 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Тозығы жеткен үйлер реновация бағдарламасы арқылы шешімін табады. Бағдарламаның мақсаты – апаттық тұрғын үйлердің артуына жол бермеу және жаңа қалалық ортаны қалыптастыру. Оны іске асыру кезінде жайлы тұруға, демалуға және жұмыс істеуге бейімделген, аралас функциясы бар қалалық ортаның жаңа жос­парлау құрылымын құру, энергиялық тиімді көппәтерлі тұрғын үйлерді салу, оларды пайдалану шығындарын азайту, экологиялық жағдайды жақсарту, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және жаңғырту, қаланың қазіргі заманғы сәулеттік келбетін қалыптастыру көзделіп отыр», дейді қала әкімі. Сонымен қатар мегаполисте әлеуметтік нысандар қатары артуда. Биыл қалада 202 орта білім беру ұйымдарында 242 525 оқушы білім алуда. Бүгінде 9 мектеп үш ауысымда оқытуда, 4 мектеп ыңғайластырылса, мектебі жоқ 11 елді мекен бар. Ал балабақшамен қамту 100 пайыз жүзеге асырылған. Бұл орайда қала әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы 5 жылда 101 мектеп салынатынын айтты. Жыл басында 32 мектептің құрылысы басталып, оның 24-і пайдалануға берілген. Оның ішінде 20 мектеп жекеменшік болса, 4 білім ұйымы бюджет есебінен салынған. «Жүйелі жұмыстың нәтижесінде қалада апатты мектеп мәселесі толығымен шешілді. Үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға, ыңғайластырылған мектептер саны 5-тен 4-ке кеміді, мектебі жоқ шағын аудандар 13-тен 11-ге, оқушы толымдылығы артқан мектептер саны 21-ден 17-ге азаятын болады. Жарқын болашақ үшін білім ошақтарын жоғары дәрежеде жабдықтау мен жағдай жасау басты міндетіміз», деді М.Әйтенов.

 

Ауыз сумен 2023 жылы толық қамтылады

Қала тұрғындарының ауылшаруа­шылық өнімдеріне сұранысын қамта­масыз ету, бағаны тұрақтандыру да – жергілікті биліктің назарындағы басты мәселелердің бірі. Мегаполис дамуының негізгі көрсет­кіші 8 өлшеммен өлшенетін болса, соның бірі – ауыл шаруашылығы саласы.

Шымкентте ауыл шаруашылығы өні­мі­нің көлемі өткен жылы тоғыз айда 27 млрд теңге болса, биыл сол уақыт ара­лығында 34,1 млрд теңгеге жетті. Өсім 1,6 пайызды құрайды. «2020-2025 жылдарға жоспар құрдық. Онда ауыл шаруашылығы өнімі көлемі 2020 жылы – 32 млрд, 2021 жылы – 37 млрд, 2022 жылы – 42 млрд, 2023 жылы – 48 млрд, 2024 жылы – 55 млрд, 2025 жылы 62 млрд теңге болмақ. Бұл нәтижеге жету мақсатында бүгінде «Агроиндустриялық аймақ», «Бозарық» тамақ өнеркәсіп индустриялық аймағын құру жұмыстары жүріп жатыр», деді М.Әйтенов «Әкім сағаты» бағдарламасында.

Үшінші тоқсан қорытындысына сәйкес Шымкентте ауыл шаруашылығы саласына 3,6 млрд теңге субсидия бөлінді, 29,3 мың гектарға егістік егіліп, одан 85,4 мың тонна өнім жиналды. Қала аумағындағы 3,5 мыңнан аса шаруа қожалығында өндірілген өнім ішкі және сыртқы нарықта саудаға шықты. Жылыжай, қарқынды бау, мал бордақылау, мал және құс етін өңдеу бойынша 25 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Бүгінде 15 жоба іске қосылған. Қала әкімі келтірген деректерге сәйкес жалпы өңірлік өнім көлемі 1 020 млрд теңгеге жетіп, экономикалық өсім 105,2 пайызды құраған. Өнеркәсіп көлемі былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 106,5 пайызға артып, 555,8 млрд теңгеге жеткен. Қала кәсіпорындары шығарған өнімдердің 87 пайызын өңдеу өнеркәсібі құрап, көлемі 484 млрд теңге болған. Қаладағы 4 өндірістік аймақта барлығы 118 жоба іске асып, 21 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 203 жұмыс орнымен 5 жоба биыл жүзеге асқан. Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде 5 жоба іске асып, 358 жұ­мыс орны ашылған. Инвестиция көлемі 260,7 млрд теңгеге жеткен. Бес жыл ішінде 2,6 трлн теңге болатын 282 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланса, биыл 152,6 млрд теңге болатын 63 инвестициялық жоба іске асырылуда. Кәсіпкерлікті қолдау бағытында «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекет­тік бағдарламасын іске асыруға 7 264,6 млн теңге бағытталып, былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 3,8 есеге арт­қан. Жыл басынан бері 1 591 жоба қаржыландырылған. «Мен кәсіпкер боламын» арнайы іс-шаралар жоспарына бөлінген қаражат 1,5 есе өсіп, 186,1 млн теңге бөлінген, 21 жоба қаржыландырылған.

Қала аумағына кейіннен, яғни іргелес аудандардан қосылған елді мекендерде шешімін күткен өзекті мәселелер де баршылық. Мысалы, Шымкент қала­сында 81 елді мекеннің 69-ы сапа­лы сумен қамтылған. Бес елді мекенге кес­­те­мен берілсе, 7-не ауыз су та­сы­­мал­­да­нады. Биыл қаланың ауыз су инфра­құрылымын жетілдіруге 16 млрд теңге бағытталып, 3 магистралды суақ­қы мен 11 ішкі орамдық жүйенің құры­лысы жүргізілуде. Екі шағын ауданда құрылыс жұмысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін суды тасымалдайтын Солтүстік саяжай, Батыс, Жаңатұрлан, Асар-2, Ақтас тұрғын алаптары мен кестемен беріліп келген Жаңаталап, Сәуле шағын ауданы, Нұртас аумағында құрылыс жұмысы аяқталады. Нәтижесінде, 25,6 мың адам ауыз суға қол жеткізіп, қамтылу көрсеткіші 95,6%-дан 98%-ға өседі. Қаланың даму жоспарына сәйкес 2023 жылы сапалы ауыз су мәселесі толығымен шешімін табады. Сондай-ақ биылғы жоспар бойынша кәріз жүйелерімен қамту – 54 пайызға, сапалы электрмен қамту – 97, табиғи газбен қамту – 93, әлеуметтік маңызы бар көшелерді жарықтандыру  43,4 пайыз­ға жетеді. Жол құрылысы саласында 178 жоба қаржыландырылып, сапалы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі жыл қорытындысымен 63,6 па­йыз болмақ. Қоғамдық көлік саласында автобустардың жаңару көрсеткіші биыл 90 пайызға жетіп, 64 бағыт бойынша әлеуметтік мәні бар автобустар қатынасы ашылған.