«Бай болсаң – елге пайдаң тисін...» деген қазақтың ежелгі тәмсілін бүгінгі кезеңнің қалталы азаматтарына қарата айтуға әбден болады. Өйткені ел ішінде айналасындағы жоқ-жітікке қарайласып, қайырым жасап жүрген меценаттар жеткілікті.
Әсіресе, баспана мұқтаждығын тартып жүрген көпбалалы отбасыларға қарасып, үй сатып алып беріп жүрген кәсіпкерлердің ісіне сүйсінесің. Мұндай игілікті бастама соңғы бірер жыл көлемінде Жетісу жерінде жанданып, жалғасын тауып отырғаны және қуаныш. Дерек бойынша, соңғы екі жыл ішінде ғана Алматы облысының жеке кәсіпкерлері өз қаржысына екі жүзге жуық баспана сатып алып, үйсіз жүрген отбасыларға тегін сыйлаған болатын.
Күні кеше осы қайырымдылық керуені Панфилов ауданында жалғасты. Аудандық мәслихат депутаты, «Ернар» шаруа қожалығының басшысы, меценат Олжас Жаппарқұл бірден төрт отбасына баспана кілтін тапсырды. Айтпақшы, «Ауыл» партиясының атынан аудандық мәслихат депутаты болып сайланған меценат бұған дейін де әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына қолұшын созып келген екен. Оның ішінде баспанаға мұқтаж 6 әулет қайырымды жанның қолынан жеке үйдің кілтін алыпты. Яғни ауылдан шыққан кәсіпкер осымен 10 отбасының баспана мәселесін бір өзі шешкен.
– «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 игі іс» акциясын бастаған болатын. Осының аясында партиялық тізіммен сайланған депутаттар жергілікті жерде қайырымдылық шараларын қолға алуда. Бүгін әріптесіміз, Панфилов аудандық мәслихатының депутаты Олжас Жапарқұлдың баспанаға мұқтаж адамдарға тұрғын үй кілтін табыстау салтанатына куә болдық. Сонымен қатар біз партиялас серігіміз басқаратын «Ернар» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен таныстық. Жалпы, «Ауыл» партиясы өңірдегі шаруашылықтарда жұмыс істейтін тұрғындармен кездесіп, ауылдың әлеуметтік проблемасын зерделеп, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдауды мақсат етіп отырмыз. Сол арқылы агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша ұсыныстар әзірлейтін боламыз, – дейді «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының хатшысы Анас Баққожаев.
Жалпы, кәсіпкер Олжас Жапарқұл ауыл тұрғындарының қамсыз тірлік кешуі үшін қолынан іс келетін азаматтар аянбауы керек деп санайды. Сол себептен де ол ретін тауып, қайырымдылық шарасын өткізуді жиілетуге тырысады екен. Осыған дейін 6 отбасына баспана сыйлағанын айттық. Олардың дені меценаттың «Ернар» шаруа қожалығында еңбек етеді. Ал кәсіпкер сатып алып берген баспаналар ауылдағы еңселі үйлердің қатарынан көрінеді. Мысалы, кеше кілтін тапсырған бір үйдің 5 бөлмесі бар, жалпы аумағы 114 шаршы метр шамасында. Оған қоса үйдің ішін тұрмысқа қажетті жиһазбен жабдықтап, үй маңындағы жер тілімін де жаңа қожайынның атына рәсімдеп беріпті. Қазіргі күні шаруа қожалығында 126 адам жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр. Егін егіп, мал өсіріп отырған қожалықтың табысы жылдан-жылға артып келеді.
– Біздің «Ауыл» партиясы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 игі іс» шарасын қолға алған болатын. Сол айтулы акцияның Панфилов ауданынан басталғанын жақсы ырымға жорып тұрмыз. Бұл жолы біздің қожалықтың жұмысшыларына тұрғын үй сыйладық. Олардың 5-6 баласы бар, баспанасыз жүрген еді. Қуанып жатыр. Жалпы, мен адал еңбек етіп жүрген азаматтардың мұқтаждығын қолдан келгенше шешіп беруге тырысамын. Мұнан кейін адамның мерейі тасып, еңбегі өнетін болады. Бүгін көппен бірге 4 үйдің кілтін тапсырдық. Мұндай игі іс әлі де жалғасын табады, – дейді Панфилов аудандық мәслихатының депутаты, «Ернар» шаруа қожалығының басшысы, меценат Олжас Жапарқұл.
Алматы облысы