Алматы қаласында бір тәулікте 3 172 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«8 қараша күні 3172 алматылық вакцина салдырды. Коронавирусқа қарсы екпенің І компонентін – 1 435, II компонентін – 1737 адам алды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 8 қараша аралығында қалада 1 004 025 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 953 318 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 121 195 адамның жасы 60-тан асқан», деп хабарлады басқармадан.
Қалада 137 пункт жұмыс істеп тұр. 733 адамнан тұратын 205 егу бригадасы бар.
«Қазір медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың сауда, ойын-сауық орталықтарында вакцинация пункті жұмыс істейді», деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.