Орта салмақ дәрежесінде IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин мексикалық Сауль Альвареспен екінші рет жұдырықтасқаннан кейін айтарлықтай аты бар боксшымен жұдырықтасқан жоқ, деп хабарлайды Egemen.kz.
Иә, ол аралық салмақта Стив Роллспен қолғап түйістірді. Роллсты кәсіпқой бокс әлемінде күші мығым әрі танымал боксшы деп ешкім айта алмайды. Одан бөлек Сергей Деревянченкомен жұдырықтасты. Бұл шайқас отандасымыз үшін өте қиын жекпе-жек болғаны анық. Кейіннен Гена польшалық Камиль Шереметаны оңай жеңді. Қысқасы, қазақстандық боксшы соңғы кездері айтарлықтай танымал боксшылармен кездеспеді.
Сауль Альварес ше? Дэниел Джейкобсты, Сергей Ковалевті, Каллум Смитті, Авни Йылдырымды, Билли Джо Сондерсті және Калеб Плантты ұтты. Салыстырмалы түрде айтсақ, Головкин осы аралықта үш жекпе жекке шықса, Альварес алты қарсыласынан айласын асырды. Гена тек лайықты деуге келетін қарсыластардан Сергей Деревянченкоға қарсы рингке көтерілсе, Альварес Билли Джо Сондерс, Калеб Плант, Каллум Смит, Дэниел Джейкобс секілді салыстырмалы түрде қарымды қарсыластармен қолғап түйістірді. Орта салмақтан кеткен соң екінші орта және жартылай ауыр салмақта әлем чемпионы атағына қол жеткізді.
Қысқасы, бұл статистика Альварестің пайдасына сөйлеп тұр. Ол қазір нағыз бабында. Желтоқсанда жапон жігіті Риота Муратаны жарқын мәнерде жеңіп, өзінің әлеуеті зор екенін көрсетпесе, Головкин Альвареспен үшінші жекпе-жекке шыққан күннің өзінде анық аутсайдер саналады деген ойдамыз.