• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
22 Ақпан, 2014

Елдіктің ісі – ерлердің үлесі

342 рет
көрсетілді

Тараз қаласында өткен «Мәңгілік Ел» патриоттық акциясына екі мың адам қатысты Қазақ елі  ұлттық болмысымен ерек, рухани қазынасымен бай, халқының бірлігімен қуатты, Астанасымен асқақ, егемендігімен еңселі. Міне, осындай қастерлі құндылықтарды «Мәңгілік Ел»  идеясы кемел келешекпен астастыра түсті. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың  биылғы Жолдауынан бас­тау алған  бұл ұлы идея Жамбыл өңірінде кеңінен қолдау тауып, түрлі игі бастамаларға ұйытқы болып отыр. Облыс  әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қатысуымен об­лыс орталығында дүркіреп өт­кен кең көлемді «Мәңгілік Ел» пат­риоттық акциясы соның бір дәлелі. Акцияға 2 мың адам қатысты. Өңірден өсіп-өнген зиялы қауым, этномәдени бірлестіктер өкілдері және рухы биік ұландар елімізді ұлықтайтын ұлы бағдар – «Мәңгілік Ел» идеясын көңілдерге қанат бітіретін ән-жырларымен, мың бұралған билерімен, күмбірлеген күйлерімен барынша паш етуге атсалысты. Біз, тіпті, «Тараз-Арена» кешеніндегі акцияны тамашалауға ағылған қарапайым халықтың нұрлы жүздерінен де ұлы елдікке деген іңкәрліктің ізгі сезімдерін байқадық. Қазақ елінің бір пұшпағы, тарихы терең Тараз – Әулиеата – Жамбыл өңірі қашанда бақ-берекенің бастауы, ырыс пен ынтымақтың алтын бесігі болған. Кемел ойлы хандарымыз Керей мен Жәнібек Қазақ елінің туын алғаш рет көтерген өлкеден хал­қымыздың мақтанышы болған Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Шона Смаханұлы және Қайрат Рысқұлбеков сияқты көптеген қайсар рухты тұлғалары түлеп ұшты. Олар Кеңес Одағына бодан болған кездің өзінде туған ел, туған жер және туған тіл турасында ерен ерлік көрсетіп, бүгінгі жастар бойындағы патриоттық  рухты жанитын қайраққа айналды. Демек, өр рухты азаматтардың өнегелі ісі тәуелсіз елде өсіп келе жатқан саламатты ұрпақпен өз сабақтастығын тауып, кең қанат жаюы заңды құбылыс. Патриоттық акцияның мақсаты айқын. Ол жұртты Қазақ елінің өркениетті 30 елдің қатарына енуі жолындағы бастамаларды бі­ліммен, ғылыммен және инновациялық тұрғыдағы қарыш­ты даму арқылы қолдауға шақыру. Сол жолда соны секіріс жасап, бас біріктіру. Сондықтан қуатты елдегі шуақты өмірді паш етіп, «бірлік түбі – береке» екенін ұлықтаған акциядан алдағы күндердегі алар асуларымызды болжап, арқаланып қайттық. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». ТАРАЗ.