• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әлем Бүгін, 14:37

Иран Ормұз бұғазына байланысты мәлімдеме жасады

Иран билігі Ормұз бұғазындағы кеме қатынасын реттеуге бағытталған жаңа заң жобасын әзірледі. Тегеран бұл бастаманы елдің мұнай саласын ұлттық меншікке алу туралы тарихи шешіммен тең маңызы бар ұзақ мерзімді жоба деп бағалап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комиссиясының төрағасы Ибрагим Азизи мәлімдегендей, құжат Парсы шығанағы мен Ормұз бұғазы аймағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және өңірді дамытуға бағытталған кешенді шараларды қамтиды.

Оның айтуынша, әзірленген заң жобасы жан-жақты пысықталған және стратегиялық маңызға ие. Азизи бұл бастаманың ұзақ мерзімді әсері Иранның мұнай өнеркәсібін ұлттық бақылауға алған тарихи реформасымен пара-пар екенін атап өтті.

Сондай-ақ ол Иран барлық шешімдерін ұлттық мүддеге сүйене отырып қабылдайтынын және өңірде ұтымды саясат ұстанатынын жеткізді.

Айта кетейік, Ормұз бұғазы әлемдегі мұнай мен сұйытылған табиғи газды тасымалдаудағы ең маңызды теңіз дәліздерінің бірі саналады. Бұл бағыт арқылы Парсы шығанағы елдерінің энергетикалық ресурстарының едәуір бөлігі экспортталады. Сондықтан бұғаздағы кеме қатынасына қатысты кез келген өзгеріс әлемдік энергетикалық нарықтар мен инвесторлардың ерекше назарын аударады.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ пен Иран келісімінен кейін мұнай арзандағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар