• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 09 Қараша, 2021

Марқакөл: Адам аз, балық көп

1703 рет
көрсетілді

Кезекті рейд. Табиғатты қызғыштай қорып жүрген инспекторлар тікұшақпен Марқакөлді маңдайға алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі жыл бұрын Марқакөлдегі браконьерлікті ауыздықтап, уылдырығы бағалы майқан (ускуч) балығын қатаң қорғауды тапсырған. Содан бері рейдтік жұмыстар күшейтіліп, браконьерлік сап тыйылды. Қазір балығы көл бетінде тайдай тулайды. Десе де, бақылау босаңсыған емес.

Тікұшақ терезесінен төменге көз тастап отырған инспекторлар қорық аумағында ғана емес, жалпы табиғатта заңның қатаң сақталуын қадағалайды. Ұшпас бұрын Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ділдәбек Оразбаев Шығыстың інжу-маржанындай шырайлы табиғатты шындап қорғамаса, төнетін қауіптің бар екендігін сөз еткен. Осыған дейін аң ату, отты өшірмей кету, орманды отау сынды қастандықтар аз жасалған жоқ. Сондықтан да орман­шыларға артылған жауапкершілік зор.

Төменде сызылып аққан Ертістің өр жағы Бұқтырма су қоймасы болып толқиды. Жаздай қарақұрым халық­тан арылмайтын жағажайларында қы­быр еткен қимыл жоқ. Қаңтарылған қайық­тар ғана қарауытады. Көгерген көл бетінде бізге белгісіз шағын арал кө­рінді. Кезінде бұл дағы бір таудың ұшар басы болды ғой. 1950 жылдары Ер­тіске ГЭС салынғанда Нарын мен Қалба жоталарының арасындағы ойпат, бел-белестер су астына кеткен. Қаншама елді мекен көл түбінде қалды?! Жаңағы арал соның бір белгісі.

Енді бірде құс қанатындағы биікте ұшып келе жатқан тікұшақтың бауыры жер сызғандай көрінді. Нарын жоталарына жеткеніміз ғой. Сапарымызға бас­шылық жасап жүрген командир есіктің маңдайшасындағы альтиметрді нұсқады. 2500 метрді көрсетіп тұр.

Тау басына қар ерте түскен. Әр-әр жерден тағылардың ойқастаған іздері көрінеді. Аңдардың миграция жасайтын уақыты. Қалың жыныстан жортып, бұғы-маралдар да шығып қалуы мүмкін. Катонқарағай ауданының орталығы Үлкен Нарын ауылының тұсына таяғанда, солтүстік шығыстан ақ күмістей Мұзтау жарқырады. Биіктігі 4 509 метр шоқы ауданның қай бұрышынан болсын, мен­мұндалап тұруы тиіс те. Алтайдың ең биік нүктесі. Бес минут өтер-өтпестен қарсы алдымыздан Бүркіт шыңы мойнын созды. Өзгеден ерекше, айбарлы. Ұшар басына шығамыз деп жүрген біздің жүректің түгі бар екен. Жалама жылтыр шыңдары мысыңды басады. Тіп-тік. Биіктігі жағы­нан салыстырсақ, Мұз­таудан кейінгі шың осы.

Қарағайлы белден аса бере мөлдіреп Марқакөл жатты. Аңсарымыз биік шың­ға ауып тұратыны несі осы?! Көлдің оң­түстігінен Құзғынды тауын іздедім. Жазушы Асқар Алтайдың «Альпинист» әңгімесіне арқау болған шың ше... Мөлшері осы болса керек деп, биіктеу бір шыңды суретке түсірдім.

Тікұшақ көл бетін айнала ұшып ке­ліп, шүмектің тұсына қонды. Шүмек деп отырғанымыз, көлден сыздықтай шы­ғып жатқан жалғыз бұлақтың көзі – Қал­жыр өзенінің бастауы. Марқакөлге 57 бұлақ құйып, бір ғана бұлақтың ағып шығуы табиғаттың тылсымы шығар. Қо­рықшылардың айтуынша, көлдің ер­неуінен судың асып кетпеуін шүмектің ас­тындағы жалпақ тас реттеп тұрады екен.

– Ешқандай оқыс оқиға тіркелген жоқ, – деп Марқакөл қорығының бастығы Тимур Қалымжанұлы облыстан келген инспекция басшысына есеп берді.

Рас, биыл жаңбыр аз түскенімен, Марқакөл өңірінде өрт жағдайы тір­келген жоқ. Ұсақ-түйек заң бұзу болғаны болмаса, тонналап балық аулап жүрген бра­коньерлер жоқ. 2019 жылы ғой, уыл­дырығы үшін тонна-тонна майқан аулап, түкпірдегі жағдай Президентке дейін жеткен. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай дереу арнайы комиссия құрылып, қаскөйлердің жолы кесілген.

– Соңғы жылдары Марқакөл өңірінде бақылауды күшейттік. Қорықта табиғатқа жанашыр осы өңірдің азаматтары қызмет етеді. Әрине, табиғаттың берер сыйын жергілікті ел пайдалануы керек. Бірақ мөлшерімен ғана, – дейді инспекция басшысы Ділдәбек Оразбаев.

Мөлшерімен дегендей, майқан ба­лығын көл жағасындағы тұрғындарға аулау­ға рұқсат. Билетін алып, заң ая­сында күніне 5 кг дейін ауласа, еш­кім­­нің шаруасы жоқ. Ал сырт­тан кел­­ген қонақтар, саяхатшылар қар­мақ алып, көл жағалай алмайды. Инс­­пек­торлар ауылдың қонағы деп сый­лағанымен, талап бар, заң қатал. Есе­сіне, міне, көл байлығы көбейді. Биыл көктемгі уылдырық шашу маусымында бұлақтарға дейін өрлеп кетіпті.

– Майқан балығына ихтиолог мамандар да зерттеу жүргізді. Көбейіп келе жатқаны қуантады. Балықтың бір ғана жауы – суқұзғын болып тұр. Ал­дағы уақытта реттеуге рұқсат берілді. Бірақ қалай екені нақтыланған жоқ. Ай­тайын, көл маңынан 2,5 мың суқұзғын са­надық. Қара қаз да бар. Оның бәрі балыққа қауіп төндірмей қоймайды, – дейді Марқакөл қорығының басшысы Тимур Қалымжанұлы.

Аң-құсы шулаған, балығы тулаған қорық аумағы 102 мың гектарды алып жатыр. Алтайдың көзіндей мөлдіреген Марқакөлдің ұзындығы 42, жалпақтығы 19 шақырым. Тереңдігі 27 метрге дейін барады. Жағасында Ұранхай ауылынан басқа Матабай, Қарағайлыбұлақ ауылдары қоныс тепкен. Иә, Қарағайлы мен Матабайдың ауыл деген аты ғана. Екі-ақ түтіннен қалған. Оның бірі қорық қызметкері – Николай Краснопеев. Әскерден келе сала табиғатты қорғауға кіріскен қорықшының еңбек өтілі қырық жылдан асыпты. Матабайдан табан аудармақ емес.

Үш-төрт жыл бұрын дәл осындай рейдтік сапармен жүріп, Қара­ғай­лы­бұлаққа бұрылғанбыз. Қаңыраған ауыл. Бөренеден қиып салынған үйлердің бәрі бос. Маңайын адам бойы шөп басып кет­кен. Бір терезесінен ішке үңіліп едім, үй­дің іші ала-көлеңке. Ортада өрмекшінің торы шырмалған керосин шам тұр. Мұн­да ұялы байланысты қойып, электр желісі жоқ. Тұрғындарының негізгі кәсібі – мал. Жайылым да, шабындық та жеткілікті мұнда. Ешкімнің таласы жоқ. Иен жатыр. Ауылдың өзі иесіз. Бертінге дейін он бес шақты шаңырақ отырса, бүгінде екі-ақ отбасы қалған.

Алтайдың тісті шыңдарын аралап, Катонқарағайға қарай ұштық. Марқа­көлдің төрінде Ұранхай, Төсқайың, Ша­нағаты ауылдары болмағанда, тұмса та­биғат жетім қалатындай еді. Шека­ра­ның шегесіндей болып отырған ауыл­дарға айналып тағы бір соғармыз.