Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан атыраулық студент Абай Нұрсұлтановтың атына хат келді. Хатты шетелдік оқу орнында білім алып жүрген өренге Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов тапсырды.
Абай Нұрсұлтанов 2016 жылы Атырау қаласындағы №38 мектеп-лицейдің 9-сыныбын бітіріп, 2017 жылы Чех Республикасындағы колледжге оқуға түскен. Қазір ол – чехиялық колледждегі халықаралық қатынастар факультетінің 4-курс студенті. Биылғы ақпаннан бері дәрісті қашықтан алып отыр. Ол жақында Президентке хат жазған екен.
Мемлекет басшысының хатында «Құрметті Абай! Тәуелсіздік жылдарында бізде белсенді өмірлік ұстанымы мен өзіне сенімі бар, айқын мақсатқа ұмтылған жастардың, патриоттардың тұтас буыны қалыптасты. Дәл сіздің буын – біздің қасиетті тәуелсіздігіміздің жарқын символы. Оқуыңды аяқтағаннан кейін алған біліміңді Отанымыздың игілігі үшін лайықты пайдаланатыныңа сенемін» делінген хатта.
Студенттің айтуынша, Мемлекет басшысына хат жазуына елдің экономикалық өркендеуі мен жастарға көрсетіліп отырған қолдау ықпал еткен. Бірақ хатына жауапты тез келеді деп ойламаған.
– Менің жазған хатым Мемлекет басшысына жетпейтін шығар деп ойлап едім. Алайда жауап хат келгенде, қатты толқыдым. Осының өзінен кейін әр адамның дауысы Президентке жететініне сенімім арта түсті. Бұл мені жігерлендіріп, ел игілігіне қызмет етуге ұмтылдырып отыр, – дейді Абай Нұрсұлтанов.
Атырау облысы