Қалай десеңіз де, қазақ даласын шарлаған адам не суретші, не ақын болатыны анық. Олай болмаған жағдайда да, аузынан суы ағып, азанға дейін әңгімелер еді. Этнограф ғалым Григорий Потанин: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болады», деп тегіннен-тегін айтпаса керек. Жер жүзін аралаған ойшыл орыстың осыншама тамсануының астарында үлкен махаббат жатқаны анық.
Ендігі әңгіменің бағыт-бағдары белгілі суретші Евгений Фридлиннің «Каменка үстірті» картинасына қарай ойыспақ. Павлодарлық қылқалам шеберінің барлық картинасы қалалардың, көшелердің, жекелеген ғимараттардың, табиғаттың және адам тұрмысының тарихынан таған тартады. Ол өзінің көрген-білгенін жүрек көзінен өткізуге шебер. Сонысымен де ерекше іспетті.
Автор туындыларында табиғаттың райы мен болмысын сәтті көрсете біледі. Өзі бір сұхбатында «Алматы менің жүрегіме өте жақын, ондаған жыл бойы біздің оңтүстік астанамызды сүйсіне отырып жазып келемін», деп айтқаны бар. Оған керемет сәулет өнері пен қаланы қоршап тұрған тұмса табиғаттың ғажайыптары шынайы шабыт сыйлайтындай.
Евгений Фридлин «Каменка үстірті» картинасында тау пейзажы жанрына бет бұрады. Алып таудың етегінде ауыл орналасқан. Ол көк мұнар ішінде көзге алыстан түседі. Көпқабатты үйлердің шатырлары ақша бұлт тәрізді аспанға ұмсынып тұр, көрерменге ағаш бойына оранған көшелерді меңзейді.
Суретші картинаның алдыңғы планын жасыл түсті үдемелете отырып, қанық бояумен жазған. Буырқанған көк реңкпен үйлерді бейнелей отырып, серпінді түстік акцент береді. Түстің қанықтығы бірте-бірте әлсірейді де, көрермен алыстағы орманды таудың қалай пайда болғанын көреді. Көгілдір таулардың басы біртіндеп бұлтқа оранып, ағара береді. Туристердің, тіпті қазақстандықтардың үнемі таңданысын тудыратын жаздағы қарлы алып шыңдар мен қалың көк шөптің қарама-қайшылығын әдемі жеткізген. Картинаның құпиясы осында.
Қар, бозғылт аспандағы бұлт, бұлардың барлығы салқындық пен ызғарды, сүттей пәк сұлулықты сипаттап тұр. Таулар ешқашан іш пыстырмайды. Олар қандай да бір сырды, көзге көрінбейтін басқа шындықты жасырып тұратындай.