ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы Келісім 2021 жылғы 2 наурызда елордада жасалды. ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев атап өткендей, құжатты палатаның жалпы отырысында ұсына отырып, келісімнің қабылдануы Орталық Азия өңіріндегі қауіпсіздікті нығайту қажеттілігімен шарттасқан және Қырғыз Республикасының Қарулы күштерін дамытуға жәрдемдесуге бағытталған.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің қорытындысына сәйкес келісім бойынша Қазақстан тарапы Қырғыз тарапына әскери мүлікті беру түрінде өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсетеді. Келісімнің 3-бабына сәйкес Қазақстан тарапы әскери мүлікті өз аумағынан Қырғыз Республикасының Қой-Таш елді мекеніне дейін автомобиль көлігімен жеткізуді қамтамасыз етеді.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Парламент Мәжілісінің «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын мақұлдауы туралы ұсыныс енгізеді.