• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қараша, 2021

Шымкент әкімі онлайн-қабылдау өткізді

396 рет
көрсетілді

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің бүгін өткізген онлайн режимдегі қоғамдық қабылдауына жазылған азаматтар өтініш-тілектерін жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шаһар басшысының қабылдауына жазылған Қазығұрт шағын ауданының тұрғыны Г.Қарасаева көшені жарықтандыру, тазалық, аялдаманы қалыпқа келтіру және жол мәселесін қозғады. 

Қала әкімі көшелерді жарықтандыруда бірінші кезекте әлеуметтік нысандар орналасқан орталық маңызға ие көшелерді қамту жоспарланғанын, сондықтан Арыстанбаб көшесін жарықтандыру 2023 жылғы жоспарға енетінін айтты. Отырар көшесі мен Арыстанбаб көшесі қиылысындағы аялдаманы осы айда қалыпқа келтіру туралы сала басшысына нақты тапсырма беріп, мәселені өз бақылауына алды. Жол енін кеңейту туралы өтініші үйлердің орналасуы себебінен мүмкін еместігі түсіндірілді. Көше тазалығы жөнінде аудан әкіміне тапсырма беріп, тұрғындарды да тазалыққа жауапкершілікпен қарауға шақырды. 

Ал Ақжайық шағын ауданының тұрғыны А.Қалдыбекова мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын ашу ниетімен бөлісіп, орталықты салуға жер телімін беру жөнінде өтініш берді. 

«Қала әкімдігі инвестициялық ынтымақтастыққа әрдайым ашық. Жақсы бастама. Жобаны егжей-тегжейлі талқылау үшін «Shymkent» ӘКК» басшылығы сізбен жеке кездесетін болады», деді Мұрат Әйтенов.

Нәтижесінде, әкім корпорация төрағасына инвестициялық саясатты іске асыру мәселелері бойынша нақты түсініктеме беруді тапсырды.

Жер, заңсыз құрылыс мәселесімен келген азаматтарға да қала әкімі заң тұрғысында шешілу жолдарын түсіндіріп, әрбір мәселе шешімін тапқанша өз бақылауында болатынын айтты.