Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бірінші кезекте әдеттегідей елдегі санитарлық-эпидемиялық ахуал қаралды.
Коронавирусқа қарсы ревакциналау басталады
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой санитарлық-эпидемиялық жағдай тұрақты болып тұрғанын айтты. Вирустың репродуктивті индексі 0,90 құрайды. Инфекциялық төсектер 30%, реанимациялық төсектер 26% толы. Коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша Шымкент қаласы, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстары «жасыл аймақта», Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Ақмола және Қарағанды облыстары «сары аймақта» орналасқан. Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары «қызыл аймақта» тұр.
Бүгінгі таңда шамамен 8,5 млн адам вакцинаның бірінші компонентін, 7,7 млн-нан астам адам екінші компонентін алды.
Еуропаның бірқатар елінде, сондай-ақ Қазақстанмен шекаралас мемлекеттерде сырқаттанушылықтың өсуін ескере отырып, Үкімет басшысы санитарлық талаптар шараларының жаппай сақталуын қамтамасыз етуді, мониторингтік топтардың талаптардың сақталуын бақылау жөніндегі жұмысының тиімділігін күшейтуді және бұзушыларға қатаң шаралар қабылдауды тапсырды. «22 қарашадан бастап бұған дейін екпе алған азаматтарды ревакциналау басталады. Осыған байланысты егу пункттерінің, медициналық ұйымдардың және медицина қызметкерлерінің дайындығын қамтамасыз ету қажет» деді А.Мамин.
Өсу көрсеткіші 3,5%-ды құрады
Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-қазандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев экономиканың дамуы, ақша-несие саясаты, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы баяндады.
Ұлттық экономика министрі Ә.Ерғалиевтің айтуынша, биылғы қаңтар-қазан айларында Қазақстан экономикасының өсу көрсеткіші 3,5%-ды құрады. Осы есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша қызмет көрсету секторындағы өсу қарқынының жеделдеуі, өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс салаларының экономиканың өсуі мен тұрақтылығының драйверлері болып қала беруі, экспорттың жоғары өсім динамикасы, өндіруші емес секторлардағы жоғары инвестициялық белсенділіктің сақталуы байқалуда. «Осы жылдың қаңтар-қазанында нақты сектордағы өсім 2,9% құрады. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,4%-ға дейін өсті. Салалар арасында ақпарат және байланыс, сауда, сумен жабдықтау, құрылыс, электрмен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі жоғары өсім көрсетуде», деді Ә.Ерғалиев.
Ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту экономикалық өсудің маңызды факторы болып қалып отыр. Бұл ретте өндіруші емес салалар инвестициялар бойынша тартымды бағыт болып сақталуда. «Биылғы 10 айда негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 2,5%-ды, оның ішінде тау-кен өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 14%-ды құрады. Инвестициялар, құрылыс саласында – 2,2 есеге, өңдеу өнеркәсібінде – 78,6%-ға, ауыл шаруашылығында – 41,9%-ға, саудада – 31,4%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында – 17,4%-ға және қаржы саласында – 12,1%-ға өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент, Алматы қалаларында және Ақтөбе, Павлодар, облыстарында байқалуда» деді министр.
Биылғы қаңтар-қыркүйекте сыртқы сауда тауар айналымы 72,8 млрд долларды құрады, оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 43,3 млрд долларға дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 25,5%-ға өсіп, 14 млрд долларға дейін жетті. Тауарлар импорты 29,5 млрд долларды құрады. Жалпы, оң сауда балансы өткен айға қарағанда 1,8 млрд өсіп, 13,8 млрд долларды құрады.
Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсу үрдісі сақталуда. Биылғы қаңтар-қазанда сала бойынша өндіріс көлемі 5,3%-ға өсті. 14 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, сондай-ақ Алматы, Қостанай және Қызылорда облыстарында байқалуда.
Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев әлемдік экономикада пандемияға негізделген сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігі, шикізат пен азық-түлік тауарларына бағаның жоғары болуы инфляцияның өсуімен қатар жүретін қалпына келу жалғасып жатқанын айтты. «Жалпы, әлемдік инфляция аясы жоғары болып қалып отыр. Дамыған және дамушы елдер көп жылдық ең жоғары көрсеткіштердің жаңаруын тіркеуде. Биылғы қыркүйекте АҚШ-тағы инфляция рекордтық 5,4%-ға дейін, қазанда Еуроодақ пен Ресей Федерациясында тиісінше 4,1%-ға және 8,1%-ға дейін өсті», деді Е.Досаев.
Е.Досаевтың айтуынша, елімізде қазанда айлық инфляция 0,7% болды. Жылдық инфляция азық-түлік бағасының 11,5%-дан 11,3%-ға дейін баяулауы аясында соңғы 6 айда алғашқы рет өсімін тоқтатып, 8,9% деңгейінде сақталды. Бұл ретте азық-түлікке жатпайтын инфляция 7,5%-дан 7,8%-ға дейін, ақылы көрсетілетін қызмет инфляциясы 6,8%-дан 6,9%-ға дейін жеделдеуін жалғастырды. Жаңа өскен көкөніс бағасы маусымдық 5,5%-ға (үлес – 0,3 пайыздық тармақ) және жұмыртқаның бағасы 7,2% өсуі арқылы азық-түлік инфляциясы 0,7%-ды құрады. Қияр мен қызанақ бағасы 22%-ға жоғары өскенін көрсетті. Құс фабрикаларында өндіріс көлемінің қысқаруынан, жем құнының артуынан, сондай-ақ 2022 жылдан бастап субсидияларды алып тастау ықтималдығынан жұмыртқаның бағасы өсті. «Дизель отынының бағасы 16,6%-ға немесе 34 теңгеге күрт өсуінен азық-түлікке жатпайтын инфляция бір айда 1% болды. Дизель отыны бағасының айтарлықтай өсуі осы жылғы қазанда жылдық инфляцияны төмендетуге мүмкіндік бермеді. Іскерлік белсенділіктің қалпына келуі және көрсетілетін қызмет секторында өзіндік құнның ұлғаюы аясында ақылы қызмет инфляциясы 0,5% болды. Осы жылғы 9 айда қызмет өндірудің нақты көлемінің индексі 2,9%-ға өсті. Қазанда жылдық инфляциясы жеделдеген өңірлердің саны 13-тен 7-ге дейін (17-ден) төмендеді. 6 өңірде жылдық инфляция баяулады және 4 өңірде осы жылғы қыркүйектегі деңгейде сақталды», деді Е.Досаев.
Өңірлердегі азық-түлік бағасының өсуін тұрақтандыру инфляцияның монетарлық емес факторларын ұстап тұруға бағытталған Инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін Үкімет және әкімдіктердің тарапынан іске асыру нәтижесі болып саналады. Баға тұрақтануының алғашқы белгілеріне қарамастан, инфляция аясы әлі де болса жоғары болып қалуда.
Мемлекет басшысы 2021 жылы инфляцияны 8,5%-ға дейін тұрақтандыру бойынша қойған міндетке жету үшін соңғы екі айда жинақталған инфляция 1,4%-дан аспауға тиіс. Соңғы 5 жылда жинақталған инфляция қараша-желтоқсанда тарихи тұрғыдан орта есеппен 1,7% болғанын ескеретін болсақ, бұл міндет қол жетерлік болып келеді. «Бүгінгі таңда Үкімет пен әкімдіктер әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне басты назар аударуда. Алайда әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының құрамына кірмейтін, бірақ тұтынушылық бағалар индексінде салмағы үлкен және жылдың соңғы айларында қымбаттауға бейім азық-түлік тауарларына да назар аударған жөн. Инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешені шеңберінде тауар нарықтарындағы теңгерімсіздіктерді жою мақсатында жүйелі және алдын алу шараларын қабылдау инфляцияны тұрақтандыруға және 2022 жылы 4-6% нысаналы дәлізге енуге мүмкіндік береді», деді Е.Досаев.
Қаржы министрі Е.Жамаубаев биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржыны орындау көрсеткіштері төмендегідей қалыптасқанын хабарлады:
Мемлекеттік бюджетке 8 трлн 719 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 102,9% атқарылды. Республикалық бюджетке 5,6 трлн теңге түсті немесе жоспар 100,2% атқарылды. «Жалпы, кірістер бойынша жоспар 13 млрд теңгеге асыра орындалды, оның ішінде салықтар – 24 млрд теңгеге. Бұл ретте салықтық емес түсімдер 14 млрд теңгеге атқарылмады. Салық бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары корпоративтік табыс салығына, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа және шикі мұнайға экспорттық кедендік бажға тиесілі», деді Е.Жамаубаев.
Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың асыра орындалуы 666 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 67%-ға ұлғаюына байланысты.
Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,7%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 99,6%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98%-ға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша шығыстар 12 трлн теңгені құрады. Атқарылмау 50 млрд теңгені құрады, оның ішінде 10 млрд теңге – үнемдеу. «Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Төтенше жағдайлар, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Денсаулық сақтау, Ішкі істер және Қаржы министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі бойынша жүргізілген, шот-фактуралардың, орындалған жұмыс актілерінің уақтылы ұсынылмауы, қазынашылық органдарына төлем шоттарын кеш ұсыну, конкурстық рәсімдердің ұзақ өткізілуі», деп түсіндірді Қаржы министрі.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин Қазақстан экономикасы сенімді өсу қарқынын сақтап келе жатқанын атап өтті. Биылғы он айдың қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі 3,5% құрады. Нақты секторда өндірістің орнықты өсу қарқыны байқалып отыр. Осылайша, өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 5,3%-ға өсті. Өсім машина жасауда 19,5%, оның ішінде автомобиль жасауда 23,4%, локомотивтер мен вагондар өндірісінде 59,0%, құрылыс материалдары өндірісінде 9,3%, фармацевтикада 33,6%, пластмасса бұйымдары өндірісінде 36,5%, киім өндірісінде 11,4%, жиһаз өндірісінде 11,8%, дайын металл бұйымдары өндірісінде 16,4% байқалады.
Карантиндік шараларды біртіндеп жеңілдетудің нәтижесінде қызмет көрсету секторындағы іскерлік белсенділік 3,4% өсіммен қалпына келген, бұл жағдай байланыс қызметтері (+12,9 %) мен саудадағы (+9,5 %) серпіннің жоғары болуына орай қалыптасты.
Құрылыс саласы 7,6%-ға өсті. 10 айда елімізде 11,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,9%-ға артық.
Осы жылғы қаңтар-қазан айларының қорытындылары бойынша Алматы және Жамбыл облыстары, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары барлық 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстары және Алматы қаласы 6 көрсеткіш бойынша, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары 5 көрсеткіш бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. Ең төменгі көрсеткіштерге Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында қол жеткізілді.
Үкімет басшысы азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеуді, отандық өндірісті қолдауды қамтамасыз етуді, инвестиция тартуды, экспортты ілгерілетуді, халықтың жұмыспен қамтылуын сақтауды және тұрақты жұмыс орындарын құруды тапсырды.
31 заң жобасын әзірлейді
Үкімет отырысында Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2022 жылға арналған жоспарының жобасы қаралды.
Осы мәселе жөнінде баяндаған Әділет министрі М.Бекетаев Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2022 жылға арналған жоспары 31 заң жобасын әзірлеуді және Парламентке енгізуді көздейтінін, оның ішінде 11-і – бірінші жартыжылдыққа, 20-сы – жылдың екінші жартысына жоспарланғанын айтты. Заң жобалары мемлекеттік қызмет, жылу энергетикасы, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларын одан әрі дамытуға және реттеуге, терроризмді қаржыландыруға және кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл тәсілдерін, агломерацияларды дамытуға, азаматтық және қылмыстық заңнаманы жетілдіруге және т.б. бағытталған. «Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексін» және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы», «Сәйкестікті бағалау туралы», «Кәсіби біліктілік туралы», «Жылу энергетикасы туралы», «Агломерацияларды дамыту туралы» 5 жаңа заң әзірлеу жоспарда бар.
Үкімет басшысы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына заң жобаларының сапасын және оны Парламентке уақтылы енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Халық санағына белсенді қатысқанын атап өтті
Үкімет отырысында Ұлттық халық санағының алдын ала қорытындысы қаралды. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов халық санағын өткізу жөніндегі жұмыстың аяқталғаны туралы баяндады.
Оның айтуынша, халықтың 60%-ға жуығына дәстүрлі санақ жүргізілді. Елімізде тұңғыш рет халық санағы электронды түрде өткізілді. Халықтың 40%-дан астамы санаққа sanaq.gov.kz сайтында электронды санақ парақтарын өздері толтыру арқылы қатысты.
Халық санағына санақ персоналының 25 мыңға жуық адамы, сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының аумақтық бөлімшелері мен орталық аппаратының қызметкерлері қатысты. Санақтың алдын ала қорытындысы барлық тексеру аяқталғаннан кейін желтоқсан айының соңында шығарылады.
Үкімет басшысы күрделі эпидемиялық жағдайларда өткен Ұлттық халық санағы мейлінше сапалы ұйымдастырылғанын атап өтті. Премьер-Министр қазақстандықтарға осы маңызды науқанға белсенді қатысқаны үшін, сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының қызметкерлері мен осы науқанға жұмылдырылған азаматтарға атқарған жұмысы үшін ризашылығын білдірді.