Биыл тамырлас түркі мемлекеттерінің тәуелсіздіктеріне 30 жыл толып отыр, ал ежелден еншілес, көршілес қонған елдеріміз ең әуелі бауырластарымен байланыс орнатқанын, бірін-бірі танып, мойындағанын еске алсақ, түркі ынтымақтастығына да 30 жыл деуге толық негіз бар.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Түркі кеңесі, Түрксой, ТүрікПА, Халықаралық Түркі академиясы сынды ұйымдар бүгіндері беделді һәм тартымды институциональдық құрылымдарға айналды. Өзге де мүшелермен толыққан Түркі кеңесі іргелі ұйымға айналу үстінде. Сондықтан Мемлекет басшыларының алдағы саммитінде талқыланатын һәм қабылданатын шешімдерге бауырлас елдердің терең назар аударуы тегін емес.
Жалпы, «жалғыздың үні шықпас» дегендей, жаһандану дәуірі елдер мен халықтарды бір-біріне жақындастырып, түрлі бағытта ынтымақтасуға кең жол ашқаны белгілі. Қазіргі адамзат ортақ құндылықтарды ізгілік рухта дәріптеп, үндестік пен үйлесімді, ортақ мүдделерді арқау етіп, парасатты өмір сүруге алғышарттар жасауға талпынып отыр. Осы мақсатта алуан түрлі мүдделерді тірек еткен көптеген халықаралық жаңа ұйымдар дүниеге келді. Олардың кейбірі тарихи тілдік-туыстық қатынасқа негізделсе, қайсыбірі табысты экономикалық мүддені көздейді, сондай-ақ араларында тағдыр қосқан құдайы көршілік қатынасты өзек еткендері де аз емес. Соның ішінде Қазақстан егемендіктің елең-алаңынан бастап көпжақты ынтымақтастықты қолдап, тату көршілік пен дәстүр сабақтастығын негіз еткен көптеген халықаралық ұйымдарға бастамашы болғаны белгілі. Осылардың ішінде, тарихи тамырластық пен терең туыстыққа негізделген, тату көршілік пен аймақтық тұтастыққа тұтқа болатын, экономикалық табыс пен ортақ мүддеге серпін беретін түркі ықпалдастығының жолы даңғыл деуге дәйек жеткілікті.
Егемендікпен бірге есейіп, азаттықпен бірге асулардан асқан бекем бауырластық қысқа мерзімде табысқа жетіп, жаңа биікке көтеріліп отыр. Бауырлас елдердің тәуелсіздігімен бірге тәй-тәй басқан ынтымақтастыққа деген үкілі үміт уақыт сынынан өтіп бүгіндері нәрлі жемісін бере бастады.
Түркі әлемін кеңістіктер мен заманалар, дүниені бөліске салған жүйелер мен қатал режімдер алшақтатқанымен, оларды тамырлы тарих, қазыналы мәдениет, ана тілі, ата ділі әу бастан тұтастырып келді, бұл қасиеттер қайта түлеуге де алтын арқау болды. Екіншіден, түркі әлемі ортақ мүдделер тоғыстырған бірыңғай экономикалық кеңістік деуге болады. Расында, сауда-экономикалық байланыстар – интеграцияның қозғаушы күші. Осы орайда елдеріміздің экономикалық байланыстарының бірін-бірі толықтыра түсетініне назар аударуымыз керек. Үшіншіден, түркі әлемі – Алтайдан Ақтеңізге, Байкалдан Балқанға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр аймақ. Мәселен, Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттер құрлықтың бел ортасына орналасқандықтан мұхитқа шығуға жолы жоқ болса, керісінше Түркия төрт тарабы теңізбен қоршалған ел. Бұл мүмкіндіктер де еншілес елдерді ынтымақтастыққа ынталандырады. Бұған қоса, түркі әлемінің Азия мен Еуропа арасындағы жайыла қоныстануы оның Шығыс пен Батыс арасындағы тасымал жолдары тұрғысынан да маңыздылығын арттырады. Басқаша айтқанда, тоғыз жолдың торабына айналған түркі әлемі үшін бүгінде жаңғырған Жібек жолының да, Каспий дәлізінің де маңызы ерекше. Заманауи тұрғыдағы Жібек жолы тарихи жолдың орнын темір жолдармен, байланыс желілерімен, энергетика дәліздерімен және табиғи газ құбырларымен толықтыруда. Бұл тұтастық Шығысқа да, Батысқа да ыңғайлы. Мысалы, Қытайдың батысында өндірілген тауарды теңіз жолы арқылы Батыс Еуропаның кемежайларына тасығаннан құрлық және темір жолымен Қазақстан арқылы жеткізгенде жол 16 тәулікке қысқарады. Сондықтан экономикалық байланыстар дамуының арқасында туыс республикалар арқылы өтетін жаңа және тиімді заманауи Жібек жолы үшін қажетті жағдайлар жасалды. Сол себепті елдеріміздің транзиттік әлеуеті бірлескен экономиканың өсу қайнарына айналуы ықтимал.
Бұл интеграциялық үдерістің қай бағытта ілгерілеп бара жатқанын отыз жылдық даму үдерісіне зер салсақ байқалады. Ағайын елдер азаттығын жариялаумен бірге олар жаңа интеграциялық кезеңге қадам басып, қанатқақты маңызды жобаларға жол ашылды. 1992 жылы мемлекет басшыларының Анкара саммитінен бастау алған интеграция үдерісін жалпы алғанда төрт кезеңге бөлуге болады. Бұл кезеңдерде ынтымақтастық қарқынды дамып, уақыт өте келе құрылымдық сипатқа ие болды.
Егемен елдеріміздің бекем бауырластығының келешегін алғашқы саммитте әсірелеуге ұрындырмай, оның болашақ бағытын байыпты байсалдылықпен айқындаған Елбасы бұл достық қатынастардың өзара терезесі тең, басқа елдермен, әлемдік қауымдастықпен байланысқа кедергі келтірмейтін, өзара мүдде мен сенімге, шынайы бауырластық пен сыйластық рухта дамуының болашағы зор болатынын тұжырымдаған болатын. Көреген көшбасшы тарапынан қалыптастырылған түркі интеграциясының осынау байыпты үлгісі болашақ табыстарға жетудің кілтіне айналғанын көруге болады.
Сондықтан 1992-1998 жылдар аралығында рухани-мәдени байланыстар қарқынды нығайып, халықтарымыздың бірін-бірі жақыннан тани түсуіне берекелі қадамдар жасалды. Алдымен Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи университеті ашылды. Түркия бауырлас елдердің жас талапкерлеріне стипендия беріп, олардың үздік университеттерде білім алуына жағдай жасады. Сонымен бірге Түркі мәдениеті мен өнерінің жүйелі насихатталуына мұрындық болатын ТҮРКСОЙ ұйымы құрылды.
Ал 1998-2006 жылдардан түркі елдерінің байланыстары экономикалық ынтымақтастық саласына қарай пәрменді өрістеді. Бұл кезеңді «Экономикалық ынтымақтастық кезеңі» деуге болады. Тәуелсіздігін алған елдеріміз түрлі қиындықтарды еңсеріп, мемлекеттік түзім-жарғысын қуатты қалыптастырып, нарықтық жүйеге табысты өтуге қадам басты. Қазақстанның жаңа елордасының ашылу салтанатымен қабат өткен 1998 жылғы басқосу әлеуетті сауда-экономикалық қатынастарға зор мүмкіндіктер бар екенін көрсетуімен іскерлік тетіктерге жол ашты. Елдер арасындағы қаржы, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс салаларындағы ынтымақтастық қарқынды өркен жая бастады.
Екімыңыншы жылдардың орта шенінде ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Біраз үзілістен кейін, атап айтқанда 2006 жылғы Анталия саммитінде Елбасы Н.Назарбаев интеграциялық үдеріске құрылымдық сипат беру бастамасын тағы да көтерді. Бауырлас елдер көшбасшыларының саммиттерде қабылдаған шешімдерінің орындалу барысын қадағалап отыратын хатшылықты құрудың кезі келген еді. Осы бастама 2009 жылы тарихи Нахчыван саммитінде жүзеге асып, Түркі кеңесі өмірге келді. Бұдан былай мемлекет басшыларының басқосулары «Түркі кеңесі саммиті» болып атала бастады. Сол себепті 2009 жылдан кейінгі жаңа кезеңді «Құрылымдық ынтымақтастық» деп сипаттауға болатын секілді.
Міне, осы кезеңде Түркі кеңесімен қатар, Түркі елдері парламенттік ассамблеясы ТүрікПА, Түркі әлеміндегі ғылыми-гуманитарлық байланыстарды үйлестіретін Халықаралық Түркі академиясы құрылды. Осылайша, бауырластық жаңа кезеңге аяқ басып, жүйелі және құрылымдық сатыға көтерілді.
Ағайын елдердің жан-жақты дамыған жарасымды ынтымақтастығы әлемдік қауымдастықта оң пікірлер тудырып, қазіргі таңда Түркі кеңесі мен қанаттас ұйымдардың халықаралық беделі арта түсті. Өзбекстанның мүше, Мажарстанның Кеңеске бақылаушы болуы ынтымақтастықтың қанатын кеңітті. Осыған орай Орталық Азиядағы ықпалдастық та серпін ала бастады. 2017 жылы басталған Орталық Азия елдері басшыларының Консультативтік кездесуі жыл сайын тұрақты ұйымдастырылып, өз жемісін бере бастады. 2021 жылдың 6 тамызында Түрікменстанның Аваза қаласында өткен Орта Азия елдері президенттерінің саммитіне БҰҰ өкілінің қатысуы алқалы жиынның жоғары деңгейде болуының көрінісі.
Осылайша Түркі әлемінде рухани-танымдық тұрғыдан үлкен өзгерістер басталғаны байқалады. Халықтарымыздың бір-біріне деген бауырластық сезімі күшейіп, ауызбіршілігі арта түскендіктен біртұтас түркі өркениетінің мүшесі екенін айқын сезінетін күнге жетті. Бұл ретте Халықаралық Түркі академиясы әзірлеген «Ортақ Түркі тарихы», «Түркі әлемінің географиясы», «Түркі әдебиеті» оқулықтарының, «Түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары», «Түркі әлемінің киелі жерлері», «Түркі әлемі» тарихи-мәдени атласы жобаларының жас ұрпаққа берер тәлімі мол екенін тараптар қолдап отыр. Бұл ретте ЮНЕСКО-мен бекем байланыс орнатып, БҰҰ алқалы жиындар өткізген, ИСЕСКО-ға бақылаушы мәртебесін алып, Ислам Ынтымақтастық Ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі тұрақты комитетімен әріптестік орнатқан, Мажарстан мен Моңғолия сынды елдермен ынтымақтастығын тереңдеткен Түркі академиясының жаңа, еңселі ғимаратқа көшуі де қара шаңырақ қазақ елінің бұл ынтымақтастыққа деген қолдауын айғақтайды.
Міне, бүгінгі күндері ынтымақтастықтың төртінші жаңа кезеңге аяқ басқаны байқалады. Бұл кезең бір қырынан түркі елдерінің бауырластық байланыстары мен беделінің артуымен сипатталса, екінші жағынан халықаралық жағдайдың тұрақсыздығы мен жаңа дағдарыс ошақтарының пайда болуымен ерекшеленеді. Ортақ мәдениет, экономикалық прагматизм және географиялық жақындыққа негізделген интеграциялық үдеріс табиғи түрде түркі әлемінің халықаралық аренадағы салмағын да арттырады. Осы ақиқатты ескере отырып, жаңа мақсаттарды да белгілеу керек секілді.
Осы ретте Елбасының 1990 жылдардың басында айтқан болжамы мен белгілеген мұрат-мақсаты баршамыз үшін бағдар бола алады: «Әрбір түркі халқы түркілердің мәдени әлеміндегі бөлінбейтін құрамдас саласы екеніне барған сайын көз жеткізіліп дәлелдене береді... Түркі халықтары жұмылған жұдырықтай болып бiрiккен кезде геосаяси өмірге тең құқықты субъект ретінде ықпал ете алады. Менің ойымша, мұндай ықпалдастық құрылымдарының есігі түркі халықтарына, тіпті, түркі емес халықтарға да әрқашан айқара ашық болуы тиіс».
Бұл тұжырымда ықпалдастық болашағына қатысты маңызды бағыттар бар. Әлбетте, жаңа кезеңде халқымыз өздерін түркі өркениетінің бөлшегі ретіндегі сезімін күшейте түсуі керек. Жаһандық саясат аренасында ірі державалардың арасындағы бәсекенің белең алып бара жатқанын ескерсек, еншілес елдерімізге белгілі дәрежеде жауапкершілік жүктеледі. Елдеріміз әр түрлі халықаралық экономикалық, мәдени-гуманитарлық ұйымдардың мүшесі болуы маңызды. Осындай халықаралық ұйымдардың шеңберінде түркі мемлекеттері ірі державалар арасында сенім мен диалогтың орнауына шешуші рөл атқара алады. Егер түркі әлемі үйлесімді саясат жүргізетін болса, халықаралық қауіпсіздіктің кепілдігіне айналары хақ. Бұл орайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы наурызда өткен Түркістан саммитінде «Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру» деп ынтымақтастықтың келешек даму көкжиегін тұжырымдап берді.
Бұл ретте бекем бауырластықты арқау етіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаттары мен жалпыадамзаттық құндылықтарды басшылыққа алып болашаққа батыл қадам жасаған түркі елдерінің алдағы алқалы жиыны тәуелсіздіктің отыз жылын түйіндеген жаңа белес болады деп ойлаймыз.