• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қараша, 2021

Тұрғындар жолды неге жапты?

519 рет
көрсетілді

Жер қойнауын заңсыз қазушылар табиғатты бүлдіріп жатыр. Түркістан облысы Ақбұлақ ауылының тұрғындары тосын шешім қабылдап, жолды жапты. Ауыр жүк көліктерінің ауылдан өтетін көшемен жүруіне қарсы. Тосқауыл тек ауыр жүк көліктері үшін ғана қойылған. Сол маңайдағы карьерден қиыршық тас, құм таситын көлік жүргізушілері мен кәсіпкер ауыл тұрғындарының әрекеті заңсыз екенін айтып, тиісті орындарға шағымданған. Жүк көліктері жолсызбен ауылды айналып өтуге мәжбүр. Ал ауыл тұрғындары ортақ пайдаланудағы жолға жанашырлығын осылай білдіріп отыр.

Жүргізушілер мен тұрғындар­дың арасындағы дауға себепкер болған жолды жөндеу жұмыста­ры биыл аяқталған. Облыстық бюджеттен 22 шақырым жолға 871 млн теңге бөлініп, екі қабат асфальт төселген. Мердігер – «Си­ти-құрылыс» корпорациясы» ЖШС егер жүк көліктері жү­ретін болса, екі жыл пайдалану ішінде ақауларды жөндеуге кепілдік бермейтінін мәлімдепті. Тұрғындардың ауыр жүк көлік­терін жүргізбеуіне де осы себеп болған. Яғни ауылдағы жолдың бұзылмағанын, ауыр салмақтан ойылмағанын қалайды. Сөйтіп ауыл әкімдігі жүргізушілерге тү­сін­­діріп, жол қозғалысын шек­тейтін белгі қойған. Қиыршық тас, құм сынды құрылыс материал­дарын өндіретін карьер қожайыны ауыл тұрғындарының талабына амалсыз көнген. Ауылға ортақ, облыстық маңыздағы күре жол­ға жанашырлықтан осындай қа­дам­дар жасалып отыр. Ал тасы мен құмы алынып жатқан жер қойнауына кімнің жаны ашиды?

Иә, өңірдегі өзендердің бо­йын жағалай қоныстанған жұрт көктемде құм, тас карьерінің кесі­рінен жер қыртысы бүлініп, өзен­дер сарқылып, таудағы бұлақтар тар­ты­л­ғандықтан ауылдар сусыз қалып, көпірлер мен жолдар жарам­сыз күйге түсіп жатқа­нын айтып, дабыл қаққан болатын. Өңір­дің Келес, Сайрам, Ақсу, Арыс және Бадам өзендерінің арна­сы жыл сайын төмендеп бара жат­қаны да айтылды. Осыған бай­­ла­нысты облыста заңсыз жер қой­науын пайдаланушылармен кү­рес күшейтілді. Құрылыс ны­сан­дарының шоғырланған аума­ғы мен пайдалы қазбалар қорла­ры­ның орналасқан орнын ескере оты­рып, рұқсат құжаттары н­е­­гі­зі­нен Кентау қаласы және Сай­рам, Ордабасы аудандары аумақ­­тарына рәсімделген. Жаз­дың алғашқы айында заңсыз қыз­метке тосқауыл қою жолдары тал­қы­ланған жиында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев құзырлы орган басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. «Заңсыз жер қойнауын пайдалану көбейіп кетті. Әсіресе, өзендердің бойындағы тас, құм қазғандардың жолын кесіп, қыз­ме­тіне тосқауыл қою керек. Бұл мәселені аудандарда өткен кездесу кезінде ауыл ақсақалдары көтеріп, алаңдаушылық білдірген болатын. Табиғатқа қиянат жа­сау­ға болмайды. Өзен арнасын таба алмай қалдық. Тәртіп орнат­пай, тынбаймын», деген-ді сол жиында Ө.Шөкеев. Бұл мә­селеге жергілікті мәслихат депутатта­ры да алаңдаушылық танытып, ­жуырда қиыршық тас, құм өнді­ру­шілердің жұмысын зерделеп, бақылап қайтты.

Түркістан облысы бойынша экология департаментінің хабарлауынша, өңірде жер қойнауын заңсыз қазу тоқтамаған. Осы­ған орай, облыс әкімі Ө.Шөкеевтің бастамасымен құрылған мобиль­ді топ тарапынан жер қойна­уын заңсыз пайдаланушыларды анық­­­тау, шара көру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар құ­қық қорғау органдарынан келген іс құжаттары және түскен арыздар негізінде, экологиялық бақы­лау бөлімінің мамандары шұғыл тексеру амалдарын жүргізіп, аса ірі көлемде залал келтірген заң бұзу­шылықтың 14 дерегін анық­таған. «Сайрам ауданында ауылшаруашылық мақсатындағы жерді заңсыз пайдалану арқылы 9 тұлға қоршаған ортаға 2 066 556 127 теңге көлемінде, Ордабасы ауданында 3 тұлға облыс әкімдігі­нің келісімшартынсыз және эколо­гия­лық рұқсат құжаттарын алмай жұмыс атқарып, қоршаған ортаға 274 057 934 теңге, Кентау қаласы аумағында жер қойнауын пайдалану кезінде белгіленген нүктелерден асып кетуіне және тағы сол сияқты себептерге байланысты 2 тұлға қоршаған орта­ға 280 900 000 теңге көлемінде залал келтірген. Қазіргі таңда қор­­шаған ортаға келтірілген залал мөлшері 1000 айлық есептен асуына сәйкес, заң шеңберінде іс-құжаттар толықтай құқық қор­ғау органдарына жолданып, қыл­мыстық іс қозғау және сотқа де­йін­гі тергеп-тексеру жұмыстары жүр­гізілуде», дейді департамент бас­шысы Уәлихан Қайназаров.

Өңірдегі қазба байлықтарды заңды пайдаланудағы кедергілер, осы саладағы жұмыстар саралан­ған жиында облыстық мәслихат депутаттары да жағдайға алаңдау­шылық танытқан болатын. «Өзен, көл, орман, тарихи орындар ау­мақ­тарын көздің қарашығындай сақ­тау керек. Өкінішке қарай, ақ­шаға құныққан кейбір кәсіп­керлер жер қойнауын пайдалану ере­жесін сақтамай, табиғатқа орасан зиян келтіруде. Біз осы заңсыздықтардың алдын алуда тиісті басқармамен, әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», деді нұротандық депутаттар жер қойнауын пайдалану мә­селелері бойынша өткен партия филиалының депутаттық фрак­циясы мәжілісінде.

Ал облыстық инвестиция жә­не экспорт басқармасы басшы­­сы Қ.Әзімовтің айтуына қара­ған­да, өңірде кең таралған пайдалы қаз­баларды өндіруге жалпы 110 келі­сімшарт және 38 лицен­зия берілген. Кең таралған пай­далы қазбалар бойынша, тас-шағал, құм, топырақ, гипс, ас тұзы, әк-тас өндіріледі. Басқарма заң­сыз жер қойнауын пайдалану фактілерін болдырмау және алдын алу мақсатында келісімшарт, лицензия аумақтарына зерделеу жұмыстарын жүргізіпті. Нәти­жесінде, облыс аумағында жалпы келісімшарт міндеттемелерін толық орындамағаны үшін 18 ке­лісімшарт және 4 лицензия­ның күші мерзімінен бұрын тоқта­тылған. Оның ішінде Ақсу өзе­ні маңында орналасқан 10 жер қой­науын пайдалануға арнал­ған 5 рұқсат құжаты кері қай­та­рылды, 3 рұқсаттың қолданысы уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушы­лар тарапынан ұсынылған есептер­ді саралай отырып, анықталған кемшіліктер бойынша 148 ескертпе хат жолданған. Қазіргі таң­да облыс аумағында кең тарал­ған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшарт, лицензия саны 148-ден 124-ке азайған.

«Сайрам ауданындағы 23 жә­не Кентау қаласындағы 32 жер қойнауын пайдаланушыға 15 күн бұрын алдын ала хабарланып, басқарма қызметкерлері та­­ра­пынан бақылау жұмыстары жүр­­гізілді. Нәтижесінде, жер қой­науын пайдаланушылардың қор­шаған ортаға эмиссияға рұқсат құжаттары толық еместігі және жер учаскесіне меншік құқығы толық рәсімделмегендігі анық­талып, «Алиев» ЖК мен «Из­ба­саров» ЖК келісімшартта­ры уақытша тоқтатылды. Соны­мен қатар Ордабасы ауданында ор­на­ласқан «Тұмар-ХХІ» ЖШС және Бәйдібек ауданына қарас­ты «Қарабастау» ЖШС, «Ғай-Тас 03» ЖШС келісімшарт аумағы­на бақылау жұмыстары жүргізі­ліп, нәтижесінде қазба жұмыста­ры берілген аумақтан тыс шығып кет­кендігі белгілі болды. Зерделей келе заңсыз қазба жұмыстары жүргізілгендігі туралы акт толтырылып, мәліметтер полиция және экология департаментіне жолданды», дейді Қ.Әзімов.

Сондай-ақ облыста биыл 9 ай­да жүргізілген түгендеу кезінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 45,5 мың жер пайдаланылмай жат­­­қандығы анықталды. Түркіс­тан облысы жер инспекция­сы бас­қармасының басшысы Қа­нат Мыл­тықбековтің айтуына қара­ған­­да, өңірде 69 жер иесі 17,9 мың гектар жер телімдерін өз ерік­­­терімен мемлекет меншігіне қай­­тарған. Ал 94 жер иесі 18,8 мың гектар жерді қайта игеруге кіріскен. Арыс қаласы мен Жетісай ауданы әкімдіктері тарапынан 8,8 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару іс-шаралары жүргізілуде. Нысаналы мақсаты­на сай пайдаланылмай жатқан жер телімдері тексеріліп, ауыл ша­­руашылығы мақсатындағы аумақ­­тарға құрылыс салынған 874,5 гектар жер анықталды. Осы жер телімдерінің 39 иесіне 364,9 мың теңге айыппұл төлету жө­нінде шешім қабылданған. Об­лыс­та ауыл шаруашылығы мақ­сатын­дағы жерді заңсыз иеленген­дер де тіркелді. Алаңы 139,9 гектар жердің иелеріне 431,5 мың тең­ге айыппұл салынып отыр. Сон­дай-ақ өңірде жайылым, егіс­тік аумақтар­дың шекарасын заң­сыз ор қазып қоршаған 216 жер иесі анық­талды. Ор қазылып, қор­шалған жер телімдерінің кө­лемі – 57,1 мың гектар. Бұл ба­ғытта жүргізілген жұ­мыстар нәти­жесінде 55 адамға 1 млн 735 мың теңге айыппұл салынып, өндірілді. Жеріне ор қазып, қауіпті жағдай туындатқан 66 тұрғын қазған жерлерін қайта қалпына келтірді.

Мониторинг жұмыстары нә­ти­жесінде ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы 803 гектар жерден заңсыз құм, тас өндіргендер анықталған. Экожүйеге зиянын тигізіп, заңсыз жер қойнауын пайдалану бойынша Сайрам ауда­ны мен Арыс қаласындағы 16 кә­сіпкерге 2 683,6 мың теңге айып­пұл салынған. Алаңы 201,3 гектар болатын 14 жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару жөнін­де сотқа талап-арыздар беріліп, 3-еуі қана­ғаттандырылды. Келес өзені­нің бойында жер қойнауын заң­сыз пайдаланып жатқан ­4 драг­- ­­лайн техникасы анықталып, ­айып­­тұраққа жеткізілген. Соны­мен бір­ге Сайрам ауданы аума­ғын­­да жер заңнамасын бұза оты­рып шлакблок өндіріп жатқан 23 жер анықталып, әкімшілік айып­пұл салынды. Осындай деректер кел­тірген басқарма басшысы облыс әкімдігінің аппарат жиы­нында жер қойнауын заңсыз пайдаланудың алдын алу жұмыс­тары өз деңгейінде жүр­гізіл­ме­ген бірнеше аудан, қала әкімі мен жер саласына қатыс­ты орын­басарларының тәртіптік жауап­кершілігін қарауды ұсынды. Ал облыс әкімі өңірдегі өзендер мен қорғалған аймақтарда мониторинг жұмыстары жалғасатынын, жер қойнауын заңсыз пайдалану­шыларға тосқауыл қойылаты­нын ескерте отырып, тиісті басшылар­ға мәселелерді уақтылы шешу жө­нін­де тапсырма берді.

 

Түркістан облысы