Қызылорда облысында тұтыну бағаларының индексі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 106,8% болып отыр. Азық-түлік тауарлары 8,3%, азық-түлік емес тауарлар бағасы 6,7%, ақылы көрсетілетін қызметтер құны 4,9%-ға өскен. Бұл – облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен азық-түлік емес тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша кеңейтілген отырыста айтылған статистикалық деректер.
Отырыста аймақ басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке және Ұлттық банкке инфляцияны 8,5 пайыз деңгейінде ұстап тұру тапсырмасына сәйкес өңірдегі көрсеткіш осы межеде сақталуы керектігін айтып, жауапты сала басшыларына бірқатар міндеттеме жүктеді.
Негізгі азық-түлік бағаларын тұрақтандырудағы басымдықтарды атап өткен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін тұрақтандыру қорынан тауарлық интервенциялар жүргізу механизмі қолға алынғанына тоқталды. Осының нәтижесінде тұрақтандыру қорында 189,1 млн теңгенің 1 161,4 тонна тауары сақталып тұр. Ал әлеуметтік маңызы бар 19 өнімге үш айлық қажеттілік 68,3 мың тонна, оның 59,2 мың тоннасы жеткізілген. Облысты толық қамту үшін «Байқоңыр» ӘКК» АҚ арқылы 1 685,4 тонна әлеуметтік маңызы бар өнімдерді жеткізуге келісім алынса, 1 900 тонна өнім мемлекеттік сатып алу арқылы алынады.
Азық-түлік бағаларын тұрақты ұстап тұрудың бір амалы жәрмеңкелер ұйымдастыру болып отыр. Жыл басынан бері 35 рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Басқарма басшысы бөлшек саудада бағасы 15%-дан жоғарылаған өнімдерге шекті бағаларды облыс әкімдігі арқылы бекіту жөнінде қаулы жобасын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілгенін айтып өтті. Жобада күнбағыс майын 781, пиязды 106, сәбізді 221, картопты 158, ал қантты 286 теңге көлемінде бекіту ұсынылып отыр.
Жиын барысында облыс әкімі азық-түлік бағасының өсуі халықты алаңдатып отырған өзекті мәселе екенін назарға салып, қала және аудан әкімдеріне нанның орташа бағасын 90 теңгеден асырмауды тапсырды. Бұл бағытта тиісті мониторинг жұмыстары ұдайы жүргізілмек.
– Қазір халықты алаңдатып отырған өзекті мәселе – азық-түлік бағасының өсуі. Мұны реттеу мақсатында әр аптаның сенбісінде Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен мәжіліс өткізіліп жатқанын білесіздер. Жыл аяқталып қалды, желтоқсан айындағы мерекелер қарсаңында әдеттегідей сауда-саттық көлемі ұлғайып, азық-түлік бағаларының өсетіні белгілі. Осының алдын алу шараларын қарастыруымыз қажет. Үкіметтің тапсырмасына сәйкес азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссияның құрылғанына 1 айдан астам уақыт өтті. Дегенмен жүктелген міндеттер орындалмай отыр. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері тиісті жұмыстарды апта соңына дейін тиянақтап, ақпаратты ауыл шаруашылығы басқармасына жолдауы керек. Жауапты басқарма басшысы жинақталған ақпаратты бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментіне жеткізіп, нәтижесін баяндауы тиіс. Ал департамент азық-түлік тауарларының бағаларына талдау жүргізіп, заң бұзушылық анықталған жағдайда Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктеріне ұсыныс енгізеді. Баға тұрақтылығын сақтау үшін осындай бірлескен жұмыс қажет, – деді Г.Әбдіқалықова.
Жиында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов азық-түлік емес тауарларының бағасына қатысты негізгі көрсеткіштерді саралады. Биыл азық-түлік емес тауарлардың бағасы өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 6,7 пайызға өсіпті. Тұрмыстық, құрылыс тауарларымен қатар өсім жанар-жағармай бағасында да байқалып отыр.
Аймақ басшысы азық-түлік емес тауарлардың бағалары жалпы инфляцияға үлкен әсер ететінін атап өтті. Мәселен, өткен жылғы пандемия кезінде сауда-экономикалық байланыстар уақытша үзіліп, тауар мен шикізаттар тапшылығынан нарық бағасы көтеріліп кетті. Әсіресе, ел арасында жанар-жағармай бағасының өсуі мен тапшылығына байланысты реніш айтатындар аз емес. Аймақ басшысы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысына осы өзгерістерге орай тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Облыста ақылы қызмет көрсету бағаларында да өсім байқалады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кешенді демалысты ұйымдастыру 31,4, жолаушылардың әуе тасымалы 17,5, ал пошта қызметі 12,5 пайызға өскен. Тауарлар бағасына делдалдар қызметінің де кері әсер етіп отырғанын ескермеске болмайды. Осыған байланысты облыс әкімі азық-түлік емес тауарлар бағасын реттеу бойынша делдалдық схемаларды тексеру қажеттігін атап өтті.
Жиын соңында аймақ басшысы тиісті сала басшыларына тамақ өнімдерінің әсіресе, халық жиі тұтынатын 19 түрлі тауар бағасының шекті бағадан асып кетпеуі үшін бақылауды күшейтіп, күн сайын мониторинг жүргізуді міндеттеді. Бағаны тұрақтандыру үшін қосымша қаржы бөлу мүмкіндіктерін қарастыруды жүктеді.
Қызылорда облысы