Жаңадан жеткізілген Pfizer вакцинасы балаларға, жүкті әйелдерге және бала емізетін аналарға ғана салынады. Бұл туралы Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, ДДСҰ мақұлдаған Pfizer вакцинасы елге жеткізіліп, оны емханалар арасында бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осылайша, ертеңнен бастап балаларға Pfizer вакцинасы салына бастайды.
«Аталған вакцина үш категорияға бөлінген. Ол 12-18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге (16-30 апта) және бала емізетін аналарға ғана салынады. Әзірге, халықтың басқа тобына бұл вакцина егілмейді», дейді Әсел Қалықова.
Департамент басшысының орынбасары Pfizer вакцинасының бір құтысы алты адамға арналғанын айтты.