• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Өнер 12 Қараша, 2021

Егемен ел өмірінің боямасыз бейнесі

319 рет
көрсетілді

Жақында КТК телеарнасы мен арнаның YouTube-тағы «KTK TV» платформасында елді елең еткізген ерекше деректі фильм эфирге шықты. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша дайындалған бірегей жоба «VHS форматында» («В формате VHS») деп аталады.

«VHS форматында» көпсериялы де­ректі фильмі – КТК телеарнасы мон­таждық доку­менталистикасының та­­быс­ты тә­жірибесінің жалғасы. Яғни айтулы жобада елге, қазақстандықтар­ға деген көзқарас һәм олардың телевизиялық хроника призмасы арқылы өткен жолы жан-жақты қырынан сол кезеңде түсіріл­ген шынайы кадрлар арқылы боямасыз ­баяндалады.

– «VHS форматында» деп ата­латын фильмдер циклы Тәуел­сіздіктің 30 жыл­дығына арнайы дайындалды. Мұны тә­уелсіз Қа­зақстанда өмір сүрген 30 жыл өміріміздің телевизия тіліндегі боямасыз көрінісі десек те болады. Өздеріңіз білетіндей, КТК арнасы елімізде ең алғаш құрылған коммерциялық телеар­налардың бірі. Сондықтан да болар, ә дегеннен арнаның бағдарламалары мен жаңалықтар қызметі елді елең еткізер ерекшеліктерімен ақпарат нарығындағы өзге телеарналардан дараланды. КТК бағдарламалары мазмұндық тұрғыдан ғана емес, ақ­паратты беру формасы, тіп­ті эфирдегі жур­налистердің киім кию үлгісімен де сол кезең кө­рермендерінің есінде ерекше жатталды. Бір жағынан жастықтың да әсері болар, ол уақытта жасалған КТК-ның бағдарламалары батыл­­дығымен, қоғам көрінісін, халық тұр­мысын боямасыз ашық бере алумен де есте қалды. Шаң басқан архивтерді қайта ақтарып, бір сәт тарихқа кері шегініс жасап көрдік. Біздің міндет архив ашып, бар деректі жүйелеу болды. Қалғанын, яғни Тәуелсіздік алған­нан бергі 30 жыл уақыт ішіндегі халықтың тұрмысы мен жүріп өткен жолын таспада қалған тарихи кадрлардың өзі тәптіштеп баяндап берді. Сол кезеңді көзімен көрген адамдар үшін бұл фильм ностальгия сезімін сыйлар, жастық шақтарын көз алдына әкелер ерекше әсер болса, ал Тәуелсіздік кезеңінде туған жастар үшін замана тынысын танып-білуге тамаша мүмкіндік деп ойлаймын, – деді жоба продюсері Наталья Фазылжанова түсірілім барысы мен мақсаты турасында ағынан жарылып.

Фильм жетекшісінің айтуынша, де­ректі туындының «VHS фор­матында» деп аталуы да бекер емес. Өйткені ол заман бүгінгідей барлық ақпарат алақаныңдағы аядай құрылғы арқылы сайрай жөнеле­тін кез келген деректің қол жетімді һәм сұрауы жоқ кезеңі емес, журналистика тікелей VHS форматында сақталған таспаларға тәуелді уақыт болатын. Демек, VHS форматында сақталған деректер – жүріп өткен 30 жылдық тарихымыз­дың боямасыз көрінісі мен даму сатыларын кезең-кезеңімен баяндайтын тарихи фактілер тізбегі. Аталған форматта таспаланған тарих сонысымен де құнды, біздіңше.

Сонымен бес бөлімнен тұра­тын де­ректі туындыда 90-шы жы­лдардағы КТК арнасы бірегей мұ­рағаттық материал­дарының негізінде ел өмірінің хрони­касы қайта жасалды. Атап айтсақ, Тұң­ғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевпен бірге сирек кадрлар, алғашқы коммерциялық дү­кендер, шетелдіктермен алғашқы бай­ла­ныс, әлеуметтік саладағы кол­лапс және сонымен бір мезгіл­де тәуел­сіздікке қол жеткізу һәм ел дамуының жаңа векторымен байланысты үлкен үміт – мұның барлығы айтулы деректі фильм сюжетін қамтыған тақырып тетік­тері. Бір ауыз сөзбен айтқанда, туын­ды еліміздің тәуелсіздік а­л­ған күннен бас­тап бүгінге де­йінгі жүріп өткен отыз жыл­дық тарихының жан-жақты қырынан қамтылған жылнамасы.

– VHS форматында сақталған тас­па­дағы тарихпен қатар, сон­дай-ақ сол кезеңді көзімен көр­ген, қоғаммен ете­не байланыс­та болған, тарихи шешім­дердің басы-қасында жүрген һәм жа­лын­­дап тұрған жастық шақтары сол ке­зең­мен тұспа-тұс келген кейіпкерлерді әңгімеге тартып, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қо­ғам бейнесін сол кісі­лердің есте­лік­тері мен сезімдері арқылы да жет­кізгіміз келді. Еуразиялық банк­тің басқарушы директоры Ла­риса Коковинец, Қазақстанның Ха­лық әртістері – Роза Рымбаева мен Мақпал Жүнісова, ди-джей Нұрберген Махамбетов, теле­радио жүргізушісі Ноэль Шаях­метов, реп­ро­дуктивті медицина институтының директоры Та­мара Жүсібалиева, мемлекет қай­раткері Қуаныш Сұлтанов бас­таған елі­мізге белгілі тұлғалар тәуел­сіздік алған уақыт пен бүгінімізді салыстыра отырып, бағдарлама маз­мұнын одан әрі байыта түсті деп сеніммен айта аламын. Тіпті фильмді жүргізуге сол кезде жаңа­лықтар қызметін тізгіндеген журналист-диктор Евгения Сәке­нованы тартуымыздың өзі деректі фильм атмосферасын 90-шы жылдарға барынша жақындата түс­кендей әсер берді. Әрине, ол уақыт пен бү­гінгі кезеңнің арасы жер мен көктей. Осын­дай бақыт­ты күндерге жеткізген, мемлекет көшін бастап, ұлтты алға сүй­реген Елбасымыз бастаған ел аға­ларына ерекше алғыс білдіргім келеді. Бұл 30 жылдық тарих – Қазақстанның алтын дәуірі. Келешектегі жетістіктеріміз бұдан да зор болғай, – деп продюсер На­талья Фазылжанова түсірілім жұ­мыстарын жіті баяндаған әң­гімесін ары қарай Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған қайраткер тұлғаларға деген риза­шылық сөзімен түйіндеді.

Иә, ескі пленкаларды қай­тара тіз­бектей отырып 30 жыл ішінде барлы­ғы дерлік өзгергенін және Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде көп нәрсеге қол жеткіз­генін мойындамау мүмкін емес. Бірақ бұл жол қандай болды? Ол тек VHS форматындағы ескі теледидар кассе­та­ларында қалды.

«VHS форматында» жоба­сы­ның автор­лары 300 сағатқа жуық бірегей бей­не­материалды қарап, тарихи бай мұра­ны цифр­лы форматқа ауыстырып, қоғам өмірінің әр саласын жекелей 5 бө­лімге жүйелепті. Фильмде жаппай тап­шылық пен бандиттік заң­сыз­дықты қалай жеңгендеріне, жаңа астананың қалай өскеніне, ме­дицина деңгейі қандай бол­ғанына, тәуелсіздіктің алғашқы жы­л­да­рындағы қазақстандық шоу-бизнестің қалай өзгергеніне оқиғаның басы-қасында жүрген сол сала өкілдерімен тікелей сұх­бат жасай отырып баға бе­ріледі. Рево­люциялық гаджеттер, алғашқы ше­телдік автомобильдер, компьютерлер, фитнес-клубтар, фирмалық заттардың қо­ғам өміріне біртіндеп қалай ен­гені де деректі жұмыста жан-жақ­ты көрсе­ті­леді. Осылайша, КТК арнасының шығар­ма­шылық тү­сірілім тобы көркем сөз бен пафос емес, тек тарихи фактілер сөй­леген, ирониялық бояудан да ада емес реалистік бағыт­тағы танымдық жақсы дүниені өмір­ге әке­ліпті. «VHS форматында» – еге­менді ел өмірінің боямасыз көрінісі.