• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 12 Қараша, 2021

Бөкей Ордасы – елордада

768 рет
көрсетілді

Кеше елорда төріндегі Ұлттық музейде Батыс Қазақстан облысы, Бөкей Ордасы ауданының 220 жылдық тарихи датасына орай облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этно­гра­фиялық музей-қорығы мекемесінің ұйымдастыруымен «Бөкей Ордасы – ел мұрасы» атты көрме өтіп, шараның соңы «Бөкей хандығы – өркениет ордасы» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.

Тарих тұнған өлке

Осы орайда, кіндік шаһар төрінде екіғасырлық тарихын атап өтіп жатқан Бөкей Ордасы ауданының тарихы жайлы қысқаша таныстырар болсақ, 1801 Бөкей сұлтанның Ресей императоры Павел І жолдаған өтініші негізінде құрылған.

1806 жылы 19 мамырда патшалық үкіметтің арнайы жарлығымен ордаға 6500 мың десятина жер бөлініп берілсе, 1808 жылы 17 шілдеде Бөкей ханды­ғы Астрахан әскери губернаторының және Орынбор шекара комиссиясының құзы­рына бағынышты болып бекітіліп, 1812 жылы Александр І патшаның арнайы жарлығымен Бөкей сұлтан Ішкі Қазақ ордасының ханы болып таға­йын- далады.

Орданың өркен жаюы 1823 жылы Жәңгір Бөкейұлы хан тағының мұрагері болып танылуымен, Ішкі Орданың іргесі бекіп, ішкі әлеуметтік – шаруашылық жағдайы қалыптасты. Көзі ашық, көкі­регі ояу, орыс, татар, араб, парсы тілдерін меңгерген Жәңгір өз қоластындағы бұқара­сының білім мен денсаулығына да үлкен көңіл бөліп отырған. Мысалы, 1826 жылдан бастап Ордада шешек ауруына қарсы екпе жұмыстары жүргізіліп, 1839 жылы тұңғыш дәріхана мен 16 кереуеттік қоғамдық аурухана ашылады. Бұл аурухана күні бүгінге дейін сақталып, халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатыр.

Хан Жәңгір 1832 жылы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, сауда-саттық саласын дамытып, жолға қою мақсатында жәрмеңке ұйымдастырумен қатар, бөкейлік қазақтар арасында мұ­сылман дінін орнықтыру үшін 1835 жылы өз үйінің ауласына ерекше архи­тектуралық үлгімен мешіт салдырады. Халық бұл діни нысанды «Хан мешіті» деп атаған.

Заман ағымы білімде екенін ерте тү­сінген Жәңгір 1841 жылы 6 желтоқсанда қазақ даласындағы ең тұңғыш қазақша-орысша білім беретін мектеп ашады. Бұл мектептен есімі елге танылған талай тұлғалар білім алды. Солардың бірі – қазақтан шыққан ғалым-этнограф Мұхамедсалық Бабажанов болса, аталған мектептен білім алған жүзден астам ғалым-зерттеуші, Асан Тайманов сынды жиырмадан астам академик шығыпты.

 Атап айтар болсақ, кавалерия генералы Ғұбайдолла Жәңгіров, тұңғыш дәрігер М.Шомбалов, Құрманғазы, Дина, Сейтек, Дәулеткерей сынды күйшілер, С.Меңдешев, А.Оразбаева сынды дарынды мемлекет, қоғам қайраткерлері, Т.Шамелов, Х.Бөкеева сынды өнер иелері, Кеңес Одағының Батырлары: М.Маметова, А.Құсайынов, Т.Масин, Халық Қаһарманы Х.Доспанова, Ұлы Отан соғысы кезіндегі тұңғыш генерал Ш.Жексенбаев, сондай-ақ Т.Жароков, Қ.Жұмағалиев, ағайынды Сейтақов сынды ақын-жазушыларды айта аламыз.

Осы бір тарихы тұнған өлке жайлы айта берсек таусылмайды. Десе де, 1911 жылы белгілі ақын Ғ.Қараштың ұйымдастыруымен қазақ баспасының қарлығаштарының бірі «Қазақстан» газеті Ордада басылып шықса, Қазақстандағы ең тұңғыш кеңестік жүйе орнаған жер – Орда болатын. Бұл жерде 1918 жылы тұң­ғыш кеңестік баспахана ашылып, онда «Дұрыстық жолы», «Киргизская прав­­да», т.б. газет-журналдар басылып шы­ғып тұрды. 1918 жылы Ордада Қазақтың І үлгілі атты әскер полкі жасақталады. Осы кезеңдерде мәдени өмірге де көп көңіл бөлінеді. «Жігер» жастар ұйымы құрылып, орыс, татар, қазақ труппалары, белгілі күйші М.Бөкейхановтың ұйымдастыруымен ұлт-аспаптар оркестрі жасақталады.

ХХ ғасырдың бас кезінде Бөкей Орда­сы көптеген өзгерістерді басынан өткерді. 1925 жылы Бөкей губерниясы таратылып, Орал губерниясының құрамына енгізілді. 1928 жылы Бөкей уезінің аты Орал облысының Орда ауданы болып өзгертілді. Осы уақыттан бастап Бөкей Ордасы атауы жойылды. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана, ел еңсесі көтеріліп, етек-жеңі жиналып, тарихымызға көз жіберіп, кім екенімізді таныдық. 2001 жыл ордалықтар үшін екі бірдей қуаныш әкелді. Оның бірі – Тәуелсіздіктің 10 жылдығы болса, екіншісі – Орданың 200 жылдығына орай Бөкей Ордасы атауы қайтарылып берілді. Ұлы Отан соғысы жылдары Орда ауданы Қазақстандағы соғыс жағдайына келтірілген бірден-бір аудан болды. Соғыстан кейінгі кезеңде ел шаруашылығын көтеріп, нығайтуда аянбай еңбек еткен 25 ордалыққа Кеңес Одағының ең жоғарғы наградасы – Социа­листік Еңбек Ері атағы берілді. Қасиетті өлкеде екі мәрте болған Елбасы Н.Назарбаев: «Өз жерінің, өз елінің тарихын, атақты азаматтарын құрметтей білу деген халық сана сезімінің өсуіне себеп болмақ» деп, киелі өлке тұрғындарына ризашылық білдіруі тегін емес.

 

Жаңарған аудан – жасампаз музей

Хан Ордасы бүгінде ерекше таби­ға­тымен, құнды мәдени мұрасымен та­­ны­мал. Ауылдың көшелерінде ХІХ ға­сыр­дың 80-ге тарта көне үйі сақтал­ған, оның 40 шақтысы хан Жәңгір ке­зінде салынған. Ең маңызды тарихи ғи­ма­раттың бірі – ханның жеке дәрі­гері А.Сергачевтің үйі, 1867 жылы салын­ған тұңғыш қазынашылық үйі, 1883 жылғы қыздар училищесі, 1910 жылы ашылған орманшылар мектебі, Тарғын орыс мектебі, т.б. нысандар сақталып, ауданның тарихынан сыр шертеді.

Киелі мекенге барған бір сапарында Елбасы Н.Назарбаев еліміздің мәдени мұрасы болып табылатын Ордадағы тарихи ғимараттарды сақтау, болашаққа жеткізу мақсатында мемлекеттік қорғауға алып, музейлендіру жөнінде тапсырма берген болатын. Осы бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, бұл істе іргелі бастамаларға мұрындық болып отырған мекеме – Бөкей Ордасы тарихын кеңінен насихаттап, туристер арасында танымал орталыққа айналған Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы. Қазақстан бойынша тарихи маңызы бар 100 қасиетті нысанның, «Каспий қақпасы» кластеріне енген музей-қорық құрамында жататын ХІХ ғасырдың 13 тарихи-мәдени ескерткіші және үш кесене Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер ансамблі ретінде ұлттық мәдени мұралар Мемлекеттік реестрінде тіркелген.

Музей-қорық құрамындағы «Бө­кей Ордасы тарихы», «Бөкей Ордасын­да халыққа білім беру», «Хан сара­йын­­дағы қару-жарақ палатасы», «Тә­уел­­сіздік», «Тұңғыш қазақ баспахана­сы», «Шәңгерей Бөкеевтің әдеби-ме­мо­риалдық» музейлері, ауылдан үш ша­қы­рым жердегі пантеон ішінде хан Жәң­гір, күйші Дәулеткерей, ғалым М.Ба­бажанов кесенелері де халықтың құнды жәдігерлеріне жатады.

Ал Тарғын мектебі мен Хан сарайы ғимаратында әкімшілік және қыз­мет­­керлер орналасқан. ХІХ ғасырдың архи­тектуралық ескерткіші болып табылатын мектеп қалашығының үйлері мен аурухана кешенінің екі ғимаратын қайта жаңғырту, музейлендіру жұмыстары жүргізілуде. 2019 жылы музей-қорыққа келген туристер саны 30 мыңнан асса, олардың 6 мыңы көршілес Ресей мем­ле­кетінен келген. Әсіресе, шекаралас Астрахан, Волгоград облыстары мен ­жа­қын маңдағы Саратов, Самара об­лыстары, Эльтон санаториясының ­дема­лушылары көптеп келуде.

 

Құнды жәдігерлер отаны

Ал бүгінгі ұйымдастырылып отырған шараның мақсаты – жоғарыда атап өткеніміздей тарихы тұнған өлкенің шерлі шежіресін елордалықтарға таныстыру екен. Музей-қорық басшысы Ғайса Темірболатұлының мәліметіне жүгінсек, бұл араға облыстық дәрежелі музей қорында сақтаулы тұрған 17 мың экспонаттан іріктеп алынған 120 жәдігер әкелінген. Бұлардың ішінде 50-ге тарта фотоқұжаттар топтамасы мен көркем плакаттар, сонымен қатар Орданың екі ғасырдан астам тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлер жиынтығы бар. Көрме заттарын уақыттық тұрғыдан ежелеп көрер болсақ, ауданның патшалық Ре­сей дәуіріндегі өмірі, кеңестік кезең­дегі жетістіктері, сондай-ақ тәуелсіздік жылдарындағы жарқын тынысы кең көлемде ұсынылыпты. Сондай-ақ ауданнан шыққан қайраткер тұлғалар жайлы да мәлімет жетерлік. Атап айтқанда, 1846 жылы алғаш құрылған Жәңгір мек­тебінің түлектері жайлы мағлұматтар орын алыпты.

Сонымен қатар тарихи фотоқұжат­тар негізінде қалпына келтірілген Жәң­гір ханның сұлтан шапаны мен жұба­йы Батима ханымның алтын жіппен етек­жиегі сәнделген кең етек қына бел көй­легі, Дина Нұрпейісова апамыз қол­данған құрастырмалы домбыра, қазақ­тан шыққан тұңғыш генерал Шәкір Жексенбаевтың мундирі мен әскери фуражкасы, Орда билеушісі Ж.Бөкейұлының қылышы, 1942 жылы Орда ауданы Шоңай стансасы маңына түскен жаудың бомбасынан қаза бол­ған 196-шы Қызыл тулы Гатчинск ди­ви­зиясының жауынгері пайдаланған жа­рақтар, ХХ ғасыр басындағы телеграф аппараты, хан Жәңгірдің мөрі, жүзігі және сұлтанның реформалық іс-әрекетін әйгілейтін құнды жазбалар, жалынды ақын М.Өтемісұлының өз қолымен жаз­ған хаты, сонымен қатар Исатай батыр өзінің шәкірті Әрен Шотұлына сыйлаған қанжары, музей қорында тұрған ұлттық қолданбалы өнер туындылары – кемер белдік, күміс қанжар, алтынды қылыш,  т.б. құнды жәдігерлерді көрме сөресінен көре аласыз.

 Суретте: Жәңгір ханның жары Фатиманың жаңғыртылған көйлегі