• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2014

Технологиялық орталық

404 рет
көрсетілді

Ақсай қаласында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы бірегей жоба жүзеге асырылуда

Осыдан 14-15 жыл бұрын, адамзат баласы екінші мың­жылдықтың бо­сағасын ат­таған кезеңге дейін отан­дастарымыздың арасында тех­нопарк ұғымының түп-төркі­нін терең түйсінетіндер көп бола бермейтін. Оның бер жа­ғында республикамызда Ел­ба­сының бастамасымен индус­триялық-инновациялық даму бағ­дарламасы қабылданып, осы шеңбердің аясында техно­парк термині де көпшілікке түсінікті бо­ла бастады. Бір сөзбен айтқан­да, инно­вациялық қызмет пен технопарк ұғымдарын бір-бірінен бө­лек қарастыруға болмайды. Ра­сында да, инновациялық қыз­мет­тің инфрақұрылымын техно­парк­терсіз іске асыру еш мүмкін емес. Әңгіменің анығы мен ашы­ғына келсек, бүгінде өндірісіміз бен өнеркәсібімізді сапалық тұр­ғыдан дамыту үшін озық, өмір­шең технологиялар өте қажет. Сондай-ақ, замана талабына сай ғылыми-техникалық тал­дауларды іске асыру да кезек күт­тірмейді. Мұндай міндеттерді жолға қоюдың басты бір кілті елде технопарктер жүйесін дамыту болып табылады. Осындай биік талаптар мен әлемдік өлшемдер үдесінен шығып келе жатқан елдегі тех­нологиялық орталықтардың бірі – Ақсай индустриялық паркі. Аталған ғылыми-өндірістік құрылым, материалдың қосымша тақырыпшасына шығарып отыр­ғанымыздай Қазақстан Үкі­меті мен Біріккен Араб Әмір­лік­тері арасындағы ортақ жоба. Бұл біріккен кәсіпорынның бас­ты мақсат-мұраты жаңа техноло­гияларды трансферттеуге, оны өзге бір де бір елден тасымалдауға еш болмайтындай, мінсіз де сапалы технологиялық қызмет көр­сетуге бағытталған.   Сондай-ақ, Ақсай индустриялық паркі тех­ни­калық мамандар мен инже­нерлердің біліктіліктері мен кәсіби шеберліктерін одан әрі шыңдайтын ұстахана іспеттес. Тіпті бұдан гөрі нақтырақ тілмен түйіндесек, Ақсай индустриялық паркі – инвесторлар тартудың таптырмас технологиялық орталығы. Олар мұнда өз өндірістеріне әлемдік стандарттарға жауап бере алатын жаңа технологияларды пайдалана алады. Бір сөзбен айтқанда, мұны интеграцияланған өндірістік кешен деп сипаттасақ еш артықшылығы жоқ. Осы орайдағы ой-пікіріміз бен журналистік пайымдауымызды одан әрі тереңдете түсер болсақ аталған интеграцияланған өндірістік кешеннің негізгі тұғырнамасы одан әрі айқындала түседі. Яғни, мұның өзі Ақсай ин­дус­триялық паркінде шетелдік ком­панияларға олардың дәл өз елдерінде жұмыс істеген кезінде­гідей жағдай туғызылады деген сөз. Сондай-ақ, мұндағы ресурс­тар мен өндірістік нысандардың сапасы жөнінде де дәл осындай тұжырым жасауға болады. Егер Ақсай секілді кен­ші­лер қаласында дәл сол шетел­де­гі­дей жаңа технологиялар мен қондырғылар шоғыры жасақ­та­лып жатса, бұған тек ризашы­лық сезіммен қараған жөн. Қыс­қасы, Қазақстандағы маман­дан­­дырылған қызмет түр­ле­рі ше­телдік өндірісшілер биз­не­сі­нің мәр­тебесін асқақтата түсер болса – бұл көрініс сөз жоқ қа­зақ­стандық технопарктің халық­аралық дең­гейдегі бәсін де биіктете бермек. Мұндай биік белестерге толық қол жеткізу мақсатында Ақсай индустриялық паркі отандық және шетелдік бизнес өкілдеріне сапалы да мінсіз қызмет көрсету үшін өздеріне өңірдегі ең кәсіби, бесас­пап қазақстандық кадр­ларды шоғырландыруға бағыт ұстап отыр. Бұған қоса Ақжайық аймағындағы ең озық қолжетімді өндірістік және кең­се ғимараттары да Ақсай ин­дустриялық паркі аумағында десек қателесе қоймаймыз. Мұн­да механикалық және элек­тро­техникалық жұмыс­тарды және жинақтау мен құрас­тыру, мон­таждау мен сырлау се­кілді қызметтерді атқару үшін ең соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар орнатылған. Сырты қандай сәнді болса, ішкі мазмұны да соған сай мәнді, бүгінгі заманғы аккредиттелген лабораториялар Ақсай паркінің тағы бір артықшылығы. Осы лабораториялардағы қон­дырғылардың көмегімен шы­ғарылған өнім түрлеріне мұқият сапа бақылауы қойылған. Иә, ха­лықаралық стандарт дегеніміз, айтыла салған жәй сөз емес. Оны айқындауға да кемелдік пен тереңдік, парасаттылық пен байыптылық, біліктілік пен биік­тік қажет. Сондықтан да, өнім­дерді халықаралық стандарттар бойынша сертификаттау ісі кез келген кәсіпорынның қанжы­ғасына байлана бермейді. Міне, осындай аса жауапты іс Ақсай индустриялық паркіне жүктелуі де оның халықаралық деңгейдегі көкжиегін кеңейте түспек. Аталған интеграциялық өн­ді­рістік кешен Батыс Қазақстан облы­сының экономикалық және әлеуметтік тұрғыдағы инфра­құ­ры­лымын дамытуға да оң сеп­тігін тигізе алады. Бұл тұң­ғыш жаңа меншік қатынас­тары­на негізделген озық өндіріс­тік құрылым құрғақ жерде тұр­ғы­зылмаған. Күрделі технологиялық жұмыстар мен қалт­қысыз қызмет түрлерін көрсететін орталық маң­ын­да өңір­дегі бірқатар ірі кәсіп­орындар, соның ішінде, мұнай-газ шикізатын өн­діретін КПО б.в. шетелдік компаниясы орналасқан. Қазақстан – Біріккен Араб Әмір­ліктері бірлескен кәсіп­оры­нның бас директоры Марко Кас­танинидің мәлімдеуінше, оның қызмет көрсету аясы тек мұнымен шектелмейді. Алдағы мақсат – көршілес облыстар мен елдер нарығына шығу. Осы арқылы Ақсай технопаркі өнім­дерінің экспорттық әлеуеті мен мүмкіндігін көтеру. Мұндай қадамдар таяу және алыс аймақ­тардағы инвесторлардың өз уақыттарын оңтайландыруға, сон­дай-ақ өз өндірістерінің тиім­ділігін көтерулеріне, ең бастысы, озық технологияның өндіріске енгізілуіне негіз қалайды, дейді ол. Бүгінгі күні құрылғанына көп уақыт өте қоймаған Ақсай индустриялық паркі өзінің то­лық қуатында жұмыс істеу тәр­тібіне көше қоймағаны да та­биғи жайт. Екі жарым гектарды алып жатқан индустриялық парк аумағында барлық қажетті ин­­женерлік-коммуникациялық жүйе­­лер жүргізілген. Болашақта Ақ­­сай технопаркі аумағын тағы да кеңейту мүмкіндіктері қарастырылмақ. Бүгінгі күні технопарктің тұңғыш өнімдерін осы өңірде мұнай-газ шикізатын өндіріп жатқан шетелдік компания­лар ықыласпен тұтына бастады. Мұның өзі Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы бірлескен кәсіпорында өндірістің ха­лықаралық стандарттары ор­нықты деуге толық негіз қалайды. Түйіп айтқанда, кеншілер қаласы – Ақсайда бірлескен тех­нологиялық орталықтың іске қосылуы жаңа технологиялар ле­гінің Қазақстанға қарай үздіксіз бет бұруына септігін тигізбек. Осы арқылы елімізде өндірілген өнімдерге кей кездерде сын мен мін тағуға бейім тұратын кінәмшіл шетелдік өндірісшілердің жоғары талап-тілектерінен шығуға болатыны анық. Екіншіден, Ақсай индустриялық паркінде елімізде баламасы жоқ озық технологиялық өнімдер шығарыла бастауын тек алдағы үлкен істердің басы ғана деп есептеген орынды. Ең бастысы, мұнда тауарлар өндіру мен қызмет көрсету ісіне негізінен қазақстандық кадрлар тартылған. Міне, Ақсай индустриялық паркінің бүгіні мен ертеңі туралы көкейге келген кейбір ой орамдары осындай. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы.