• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қараша, 2021

Жарығы жиі сөнетін қала

265 рет
көрсетілді

Қызылордада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен энергетика саласындағы өзекті мәселелер бойынша отырыс өтіп, онда аймақтағы электр жарығының тапшылығы талқыланды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев орын алған шектеулер бойынша ахуалды баяндады. Бүгінде өңірдің жалпы электр энергия­сын тұтыну көлемі – 172 мегаватт. Оның 51 мегаватын «Қызылордажылу-электрор­талығы», 10 мегаватын «CKЗ-U» серіктестігі өндіреді, қалғаны сырттан жеткізіледі.

Соңғы күндері облыс бойын­ша тәулігіне орташа есеппен 30-50 мегаватт электр энер­­гия­сының жетіспеушілігі бай­қалып, күнделікті кешкі сағат

18.00-20.00 аралығында тұтыну­шы­ларға электр энергия­сының берілуі шектелді. Мектепте түс­тен кейін оқитын балалар сабақ­тан қайтатын мезгілде жа­рық­тың болмауы көптеген тұр­ғындардың ренішін тудырған болатын. 

Отырыста Энергетика ми­нистрлігі Жамбыл ГРЭС-інің 3 және 4 блогын іске қосуға шешім қабылдап отырғаны айтылды. Бұл алдағы уақытта оңтүстік өңірді, оның ішінде Қызылорда облысын электр энергиясымен толық қамтуға мүмкіндік береді. Аймақтағы энергиямен жабдықтаушы ұйымдар Жамбыл ГРЭС-імен қажетті электр энергиясының көлемін алуға қосымша келі­сімшарт жасасты. Алда өңір­ге қажетті электр энергиясы жет­кізіліп, шектеулер тоқтаты­ла­ды.

Өңір басшысы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті энергия жабдық­таушы ұйымдар ұсынған электр энергиясының шекті бағасы өтінімін қарап, ұсыныс енгізу қажеттігін қаперге салды. Сон­дай-ақ электр энергиясы жа­йындағы шағымдарды еске­ріп, салалық орынбасары мен қала әкіміне, басқа да жауапты ма­мандарға тұрғындар арасында нақты түсіндірме жұмыс­тарын күшейтуді тапсырды.

– Сіздер қазіргі жағдайға байланысты қажетті келісімдер мен нақты механизмдерді қабыл­дауға міндеттісіздер. Жетіс­пеушілік болған жағдайда электр тарату мекемелеріндегі резервтік ресурстарды пайдаланып, жұрт қиналмастай амал жасау қажет. Тұрғындар жарық пен жылудан қиындық көрмеуі тиіс,– деді Г.Әбдіқалықова.

Жиын соңында облыс әкімі облыстық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасы мен ком­муналдық мекеме басшыларына жылу беру маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Қызылорда облысы