Апорт десе Алматы, Алматы десе апорт еске түсетіндіктен бе, тақырыпты картинаның атауымен қалдыруды жөн санадық. Осы тәп-тәтті жеміс жайлы әңгіме өрби қалса, ақын Есенқұл Жақыпбековтің «Гүлдәуренмен кездесу» атты өлеңі еріксіз ойға оралады. Әсіресе, Сәрсенбайдың бақшасына алма ұрлауға шыққан ауыл бұзықтарының әрекеті күлкіге көмеді. Құдды, артыңызға қарасаңыз, сол аяулы сәттер қол бұлғап тұрғандай болады.
Бұлай сағына сөйлеуіміздің себебі, белгілі суретші Мейіржан Нұрғожиннің «Апорт» картинасы. Бізді қылқалам шеберінің «Жаз дәмі» топтамасынан алынған туындысы тәнті етті. Оның көркемсуреттегі реалистік әдісті жақтаушылардың қатарынан екені көпке аян. Бұл шығарма сол тұжырымды кеңінен тарқата түскендей.
Қызығы да сол, автордың шығармашылық локомотиві – балалық шақтың бекеті. Бүгінгі көзқарас биігінен сол алаңсыз сәттердің әсерлері мен естеліктеріне, бозбалалық дүрбелеңдерге көз салады. Балалық шақ тақырыбының оның шығармашылығынан ерекше орын алуының себебі – осы. Баланың шынайылығы мен тазалығын, қоршаған ортаны танудағы әуесқойлығын және аңқаулығын дәл байқап жеткізеді. Картиналарының негізгі кейіпкерлері күшіктер мен лақтар, алма мен ойыншықтар секілді балалық шақтан хабар беретін сүйкімді детальдар.
Байқасаңыз, суретшінің шығармашылығына ұлттық нәзік бояу, лирикалық көңіл күй сіңген. Ол белгілі бір тақырыппен шектеліп қана қалмайды. Оны тарих пен соғыс тақырыптары да, тау мен дала, қала көріністері, романтикалық-лирикалық сюжеттер, натюрморттар сияқты тұрмыстық дүниелер де қызықтырады.
«Жаз дәмі» топтамасындағы «Апорт» картинасында жаздың ыстық күнінде асыр салған екі бала бейнеленген. Ересектеу бала құрақ көрпе жайылған арбаның сырығында өзін шабандоз сезініп отыр. Ол басына газеттен жасалған пилотка киген, беліне байлаған қызғылт жейдесі құрақ көрпенің бетін жауып тұр. Ал кішкентай бала көрерменге ентелей тік қарайды. Қолына піскен үлкен алма ұстап алған. Балалардың көпшілігі үлкендердің аяқ киімін кигенді ұнататыны анық. Баланың аяғына үлкен бәтеңке кигізу арқылы суретші осы қасиетті де өз туындысына енгізген. Бұл – картинаның құпиясы.
Әкенің я ағаның тозған бәтеңкесі, майланып маңдайға жабысқан шаш, жерде шашылып жатқан атақты алматылық апорт, міне, осылардың барлығы көрерменін бірден еліктіріп әкетеді. Суретші жарық пен көңіл күйдің әртүрлі әсерін шебер жеткізген. Әсіресе, бояулардың бір-бірімен ұстасып тұруы қайран қалдырады.
Шыны керек, картинаға ұзақ қарап тұрсаңыз, бір сәт уайымсыз балалық шаққа саяхаттағандай боласыз.