• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2014

Асқақ рух, айдынды акция

315 рет
көрсетілді

Бір мезетте, бір дауыста, бір адамдай бір мақсатқа біріккен өрімдей жастар – өршіл рухпен Әнұранды шырқап тұр. Әрбір сөзін нық, әр әрпін анық айтады. Көздерінен жалын атады. Еліне, жеріне, халқына деген ерекше ілтипаты мен құрметін «Менің Қазақстаныма» салып, білдіріп тұрғандай. Жастардан ешқандай жасандылық байқамадық. Қайта Қазақ елін ынта-шынтасымен жақсы көретінін айқын аңғардық. Жаныңды жадыратып, жанарың жасаурайтын көрініс еді бұл. Шығыстан бастау алған «Мәңгілік Ел» эстафетасы Сырдың топырағына жетті. «Мұз айдынына» кіріп барғанда жоғарыда айтқан сәттің тап үстінен түстік. Айдынның ішін рух кернеп тұр екен. Сол сәт жабық алаңның түңлігі желпілдеп тұрғандай әсер еткені бар. Қазақ жастары мемлекеттігіміздің мәңгілікке ұласқанын бар ықыласымен тілейтінін көзбен көрдік. Мұндай жиындардың алдында біраз дайындық болатыны белгілі. Қай жерде қол шапалақтап, қай жерде ұрандау керектігі де айтылатын шығар-ау. Бірақ Әнұранды бұлай айт деген ешкімнің болмағанына бәс тіге аламыз. Өйткені, «Менің Қазақстаным» жастардың жүрегінен өріліп шығып, үнімен жан-жүйеңді бір аралап, асқақ рухтың сипатында аспанға әуелеп бара жатты. Сонау түркі заманында бабаларымыз мәңгілік елді мұрат қылғанын тарихтан білеміз. Тасқа қашалған тарихтағы тәбәрік сөз «Мингу ел» еді. Түбі түркі тілдес елдердің бәріне түсінікті сөз. Бабаларымыз аспан аман, піл сауырлы қара жер аман тұрғанда сол екі ортаны жайлаймыз, ұрпағымен мәңгі жасаймыз десе керек. Тамырда бар қасиет қайта тұтанбай қоймайды. Ғасырлар бойғы отарлықтан соң азаттығын алып, айналасын бажайлап, оң-солын танып және өзін танытып, жағдайын түзеп алған Қазақстан мәңгілікке қол созды. Ол тікелей Елбасының өзінен бастау алды. Биылғы Жолдауда «Мәңгілік Ел» мұраты ұсынылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері «бізде ұлттық идеология бар ма?» деп ортаға сауал тастаған адамның санынан жаңылатын шығармыз. Міне, сізге ұлттық идеологияның атасы! Бұдан артық, бұдан асқан ешқандай мұрат болмаса керек-ті. Бар халық қолдайтын, қарға тамырлы қазақ басты қағидасына айналатын мақсат осы деп білеміз. Халық тарапынан қолдау көрмей жатқан жоқ. Соның айқын дәлелі ретінде жер-жерде «Мәңгілік Ел» эстафетасы өтіп жатыр. Біз көрген жастар «Мәңгілік Ел» эстафетасын кезекті флэш-моб ретінде қабылдағанын айттық. Яки, Елбасы бастап, халық қостаған бастаманың алғашқы іргетасы қаланып жатыр деген сөз. Жиында сөз алған Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жан-жақты толғады. – Бір кездері Еділінен айырылып, еңсесі түскен қазақты Есілінен де айырылып қалмас үшін ұлан-байтақ қазақ жерінің қасиетті арқасы – Сарыарқада Елбасымыз Еуразия жүрегіне Астанамызды салды. Еліміз барлық ұлт пен ұлыстың бейбітшілік ордасына айналып, толеранттылықтың ерекше үлгісін жасай білді. Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясында «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін әзірлеп, қабылдауды тапсырғаны осыған дәлел. Біз – бір шаңырақтың астындағы мүддесі бір, мақсаты ортақ, жүзі басқа болса да  жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, тату-тәтті өмір сүріп жатқан халықпыз. Ауызбірлігіміз мықты болғанда ғана Қазақ елінің түпкі мұраты – Мәңгілік Елге қол жеткізе аламыз. Ендігі ұрпақтың міндеті – осы тәуелсіздікті баян­ды етіп, Мәңгілік Ел болу. Біз жастарға сенеміз. Сыр елінің жас­тары Елбасының ұлы идеясын жүзеге асыруда бірінші болуы керек. Қазақстан – бекем бірлігі, тату тірлігі, ырысты ынтымағы бар ел. Қазақстан – Мәңгілік Ел!– деді әкім. Жиынға қазақтың ақиық ақы­ны, қоғам қайраткері Олжас Сү­лейменов арнайы ке­ліп қатысты. Мәңгілік Елдің мұра­ты туралы кеңінен қозғады. Жас­тарға жалынды сөздерін арна­ды. Қоры­тындылай келе, Қызыл­орданың қазіргі келбетіне тоқталды. – Сырдың бойы жаңаша түлеп келе жатыр. Әр келген сайын өңірдің өркендегенін көремін. Заманында Абай «Әрбір хакім ғалым болуы керек» деген. Ұлы ақынның сөзін осы күнге икемдер болсақ, «әрбір әкім ғалым болуы керек» болып шығады. Ғалым адам бәрін ақыл таразысына салып, ой елегінен өткізіп жасайды. Қызылорданың бүгінгі дамуы да ғылыми тұрғыдан жасалған қадам. Өйткені, қазіргі әкім Қырымбек Көшербаев нағыз ғалым адам,– деді. «Мәңгілік Ел» эстафетасын­да жас буынның атынан облыс­тық «Жасыл ел» жастар қозға­лы­сының жетекшісі Жасұлан Ал­дабергенов те сөз алды. Шара барысында «Нұргүл» би ансамблі «Жаса, Қазақстан!» әуеніне хорео­графиялық картина жасады. Ән шырқалды. Түрлі көрініс көр­сетілді. Солайша, «Менің Қазақ­станыммен» басталған эстафета «Атамекен» әнімен аяқталды. Ал осы аралықта біз жастардың жігерін анық көрдік, ұлттық рухпен сусындап өсіп келе жатқанын байқадық. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.