• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Қараша, 2021

Ел ардағына ескерткіш орнатылды

529 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай атқарылып жатқан елдегі елеулі шаруаның бірі – Социалистік Еңбек Ері, ел ардақтысы Еркін Әуелбековке ескерткіш орнатылды.

Бар ғұмырын туған халқына арнаған ел сүйіктісі Еркін ағаға қойылған ескерткіштің биіктігі – 4,5 метр. Алыстан менмұндалап тұратын ескерткіштің мүсіншісі Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Тоқсан Ермеков. Қола мен граниттен қойылған ескерткіштің бар жұмысы облыс әкімдігінің қолдауымен «Еркін Әуелбеков» қоры арқылы жүзеге асырылды. Қажетті қаражатты ерін ардақтай білетін ел азаматтарының өздері жинады.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековтің ескерткішін орнату барша көкшетаулықтардың көптен күткен толғанысты сәті еді,  деді өңір басшысы салтанатты шарада, Еркін ағамыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметтес серігі болды. Заманында Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына өлшеусіз үлес қосты.

Сөз соңында өңір басшысы ескерткіш орнатылған осы аллеяға Еркін Әуелбековтың есімін беру туралы ұсыныс жасады. Бұл ұсынысты жиналған көпшілік зор қуанышпен қолдады. 1999 жылы  Көкшетау қаласының орталық көшелерінің біріне Еркін Әуелбековтың есімі берілген болатын. Ескерткіш те сол көшенің бойына қойылды. Былтыр мемлекет қайраткерінің 90 жылдығы кеңінен аталып өтілді. Жаман тұмау жайлап тұрған кезде де онлай және офлайн форматтарда ел ардағы Еркін ағамыздың еңбегі сараланып, жас ұрпаққа үлгі етілді. «Көкшенің асыл перзенті», «Өңір даңқын асырған» атты кітаптары жарық көрді. Ескерткіштің ашылу салтанатына Қостанай мен Қызылорда облыстарынан ағамыздың көзін көрген жұртшылық көптеп жиналды. Салтанатты шарада облыс әкімі Ермек Маржықпаев, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, денсаулық сақтау саласының ардагері Болат Жанәділов, қор басшысы Оразкен Нұртазин қайраткердің өмірі мен ерен еңбегін қамтып сөз сөйледі.

Еңселі ескерткіш жұрт күткендей айшықты болып шықты. Үш облысты басқарып, екі министрлікке жетекшілік еткен, 38 жасында Көкшетау облысының басшысы ретінде өңірдің өңін келтіруге аянбай ат салысқан, қырыққа жуық қазақ ауылдарын ірілендіріп іргелі шаруашылыққа айналдырған еңселі ердің еңбегі кейінгі ұрпаққа өнеге.

Ғылыми-практикалық конференцияда Қызылорда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының еңбек ардагерлері өз естеліктерін айтып, жылдар шежіресінен сыр шертті. Еркін ағамыздың бойындағы елжандылық үлгі етілді.  

 

Көкшетау қаласы.