• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Қараша, 2021

Оралда аялдамалар музей атымен аталады

723 рет
көрсетілді

Орал қаласында қоғамдық көлік аялдамалары сол маңдағы музейлер атымен аталатын болды. Бұл ұсынысты Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, Орал қалалық мәслихатының депутаты Мирболат Ерсаев ұсынған, деп хабарлайды  Egemen.kz.

«Қаладағы автобус аялдамаларын музей атауларымен атау үлкен қалалардың тәжірибесінде бар. Бұл тұрғындар мен қала қонақтарына жергілікті туризмді насихаттаудың бір үлгісі. Сондықтан Орал қаласының мәдени нысандарын – музейлерін кеңірек насихаттау туралы көптен бері айтып жүрген едік» дейді Мирболат Бижанұлы.

Осылайша, Орал қаласында төрт аялдамаға музейлердің атауы берілді. Н.Назарбаев даңғылы бойындағы бұрын «Облисполком», «Қазақтелеком» деп аталып келген аялдама енді Батыс Қазақстан облысы музейінің атын иеленді. Дәл осы жерде құны 10 млн теңгелік су жаңа жылы аялдама да пайдалануға берілді. Сондай-ақ бұрынғы «Облыстық сот» аялдамасы – «Рухани жаңғыру музейі», Сарайшық көшесі бойындағы Евразия институты аялдамасы – Сәкен Ғұмаров музейі және Мәншүк Мәметова музейі деп өзгерді.

Сарайшық көшесінде қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың мемориалдық музейі орналасқан. Бұл – Алаш арысы, ақын, ұлттық баспасөздің негізін салушылардың бірі әрі дәрігер, саяси қуғын-сүргін құрбаны Ахмет Мамытұлының өзі тұрған тарихи үй. Келесі жылы 100 жылдығы аталып өтілетін батыр қыздың мерейтойы қарсаңында Оралдың әуежайына Мәншүк есімі берілген еді. Енді аялдамаға атау беріліп, күн сайын жолаушылардың құлағына жетіп тұратын болды. Сондай-ақ әлемдік сурет өнерінде өзіндік қолтаңба қалдырған суретші әрі философ Сәкен Ғұмаровтың музейі де арнайы іздеп бармаса көзге түспейтін қалтарыста тұр. Енді осы жерден өткен жолаушылардың құлағына күнде естіліп, насихаты көбейетін болды.

«Қоғамдық көлікте бұл аялдамалардың аты аталған сайын осындай музейлеріміз бар екендігі халықтың санасына сіңіріп, қызығушылығын туғызып, сол арқылы тарихымызға қызығушылық артары анық» дейді музей директоры.

Айта кетейік, Орал қаласының музейлерін дәріптеуді мақсат еткен М.Ерсаевтың ұсынысқа қалалық мәслихатының депутаттары, әсіресе «Рухани жаңғыру» офисінің басшысы, қалалық мәслихат депутаты Айгүл Түркина ерекше қолдау білдірген.