Бүгін Түркістан облысында оқушылар мен жүкті әйелдерге коронавирусқа қарсы «Pfizer» вакцинасын салу басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Дәрігерлер тұрғындарды медициналық тексеруден өткізіп, қарсы көрсетілімдері болмаған жағдайда екпе егіп жатыр. Мекемелерде профилактикалық жұмыстарды жүргізу үшін барлық жағдай жасалған. Екпе егетін медицина мамандары арнайы оқытудан өткен.
«Pfizer» екпесі 12-ден 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге, жүкті әйелдер мен лактация кезеңіндегі әйелдерге ерікті түрде салынады. Профилактикалық екпе азаматтардың өз келісімімен ғана жүргізіледі. Жасөспірімдерді вакцинациялау – тек ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен жүзеге асады.
Айта кетейік, Түркістан облысына «Pfizer» вакцинасының 29 250 дана мөлшеріндегі алғашқы партиясы жеткізілген болатын.