• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
Руханият 15 Қараша, 2021

Биіктік

6562 рет
көрсетілді

Биік таулар бар. Ақбас Алатау секілді. Ұшар басында аппақ ақ қар жатады. Қол созатын әудем жер емес. Сол биіктік сені өзіне тартып тұрады. Қол жетпейтін биіктіктің қадір-қасиетін салған жерден түсіну мүмкін емес. Табиғаттың қайталанбас жаратылысы қанша жерден өзінің тылсымына қарай тарта түссе де, сырына үңіліп, көңілге тоқып алу – қиынның қиыны. 

Өзі де, өресі де биік адамдар бар. Тау тұлғалы. Олар да заңғар көрінеді. Олар да қоғамды алға дамытушы күштей көрінеді. Ішкі энергиясы мықты мұндай адамның да құпияға толы күш-қуатының гравитациялық әлеуеті әуелден қалыптасқанын білесің. Табиғи жаратылысына қоса игерген білімі мен терең ізденісі оның болмысын одан бетер айшықтап тұрады. Тереңнен толғайтын ойшылдығын табантірегіне айналдырып алған мұндай адамдардың биікке көтерілуі де оңай көрінетіні де сондықтан.

Адам баласы ақылды да кемел адамнан сұрайды. Пенде біткен қиналған кезінде аталы сөз айта алатын көшелі кісіге жүгінетіні және бар. Ең бастысы, қоғам байлығы мен ұлттық қазына осындай озық туған, ерекше жаратылған жандардың еңбегімен, саналы өмірімен толығып, қалыптасады. Міне, қазіргі қазақ қоғамында осы тұрғыда алдыңғы қатарда аталатын ел ағаларының бірі Сауытбек Абдрахманов екенінде дау жоқ.

Ол – өзінің азаматтық жолымен, өмір сүру өнегесімен, қоғамдық даму өркениетіне бір тұлғалы кісідей сіңірген еңбегімен, көшті ілгері бастайтын ізгілік қадір-қасиетімен әлгі біз айтып отырған биіктікке көтерілген зияткер.

Иә, Сауытбек аға – биік адам.

Жас ұрпақ биікке қарап бой түзейді. Біз де үлкен өмір жолында Сауытбек ағамызға қарап бой түзедік. Сәукеңнен журналистиканың ғана қыр-сырын үйренумен шектеліп қалған жоқпыз, одан үлкен азамат болуды да бойымызға сіңірдік.

Бекзат болмысты, аз сөйлеп, көп нәрсені қас-қабағымен-ақ ұқтырып, өзі жазған ғажап, сүбелі жазбаларымен, былайғы жұрттың тісі батпайтын саясат, мәдениет және өнер, жалпы адамзаттық танымдық туындыларымен-ақ тәрбиелеп, сүрлеу соқпағын қазақ журналистикасында «Абдрахмановтың қолтаңбасы», «Сауытбектің стилі» деген позитивті, сауаттылық пен өрелі биіктігін танытатын айнымас теңеулер біздің тілдік қорымызға еніп, қазақ баспасөзінің аймаңдай өкілдеріне тән өзгеше тарих беттері болып қалды.

Жастайынан жақсы мен жайсаңдар­мен аралас-құралас болған, бастауында Өзбекәлі Жәнібековтей таудай адамдардың тәрбиесін көрген.

Қалың қазақтың қадірлісі болған Әбіш Кекілбайұлы, Мырзатай Жолдас­бековтер бастап, Ақселеу Сейдімбек, Фариза Оңғарсынова, Төлен Әбдік, Сейіт Қасқабасов, Герольд Бельгер, Мархабат Байғұт тәрізді ақиқат сөздің ақберендерінің Сәукеңнің қаламгерлік ерен қадір-қасиеті, өзгеше жетістіктері жайында жазған талайғы дүниелерін қызыға оқып шыққан соң бір керемет білім мұхитына желкен керген білімпаз адамның жан дүниесіне үңілесің, сүйсіне ой бөлісуге ұмтылыс жасайсың.

Қазақ журналистикасының тәуелсіз­дік жылдарындағы ең айтулы, ерекше беделді тұлғасы болған ағаның бүтін абыройы мен хас шеберлігі, ғалымдық-ағартушылық таланты бұған дейін де белгілі болып, айтылып жүргенімен дәл «Егемен Қазақстан» газетіне басшы болып келген күнінен кең тынысты жолы ашылды және ұлт руханиятына жаңа леп пен серпінді сипат ала келді.

Сауытбек ағаның сонау 1970 жылы 1-курста оқып жүргенінде-ақ алғашқы мақаласы жарық көріп, ал 1975 жылы өзі еңбек жолын бастаған қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің бай тарихын па­рақтап көрсеңіз, бұл ата газет редакция­сы ұжымына кез келген адам бірінші басшы бола алмайды.

Таңдау мен іріктеу, сенім білдірудің өзі қатал сұрыптаудан өтіп, сын-соқпақ баспалдақтарынан мінсіз болса ғана төрге шығатын замандар қалпы әлеумет жадында сақталған-ды.

Әр дәуірдің ауыр жауапкершілігін көтергендер еңбегі еш ұмытылмайды, сонымен бірге қиын-қыстау жылдар тағылымы да көп айтылып, көп жазылады. Дегенмен, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан кіршіксіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек тұтас басылым дәстүрінде сабақтасып, терең тамыр жайған ұжым­дық салт ұлықталып, жұрт көз тіккен бас газеттің іші мен сырты, тынысы мен дүрсілі, бар болса, кем-кетіктері де өзіне бесенеден аян. Атақ-даңқы да, керекті таралым жағдайының қозғалысы да, бәрі-бәрі мәлім болатын.

 «Егемен» дегенде, бұл тарихи басылымды ұлттың маңдайына біткен небір ақсұңқар қайраткерлердің басқарғанын, әрбірінің қандай деңгейде ел есінде қалғанын ой сарабына салу өткен тарих қана болмас. Арғы-бергі тарихында Б.Күлеев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Сәдуақасов, Т.Рысқұлов, О.Жандосов, М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтер, беріде Ш.Мұр­таза, Ә.Кекілбайұлы секілді кемең­гер қайраткерлердің қолтаңбасы бар газетке ендігі кезекте саясат соқпа­ғын­да ұшталған, эрудит ғалым, жүйрік қаламгердің, дегдар азаматтың келуі бетбұрыс кезеңнен хабар бергендей әсерге бөледі.

Сәукеңнің өмірінде бас газетті ең ұзақ басқарған, он бес жарым жылдан астам уақыт әрі «Егеменнің», әрі өзінің Алаш азаматының биік мәртебесіне ие болу кезеңі деп баса көрсетсек, әділдік болады. Бұл жылдар жұлдызды жылдар бедерінде жазылып қалды.

Қашанда ой құшағында жүретін ол жаңа Қазақстанды орнықтыру, қо­ғам мен заман, ел қамы, ұлт мұра­ты, ұлттық мәдениет пен адамгер­ші­лік тақырыптарын жаңғыртуға, шы­ғар­машылық ұжымды ұйыстыру­да орасан зор еңбек жасады. Әсіре­се, акционерлік қоғамның қазақ баспа­сөзіндегі ұтымды жағын жарқыра­тып көрсете алды. Бұған оның 1987 жылдан бері Орталық комитетте, Үкіметте, Президент аппаратында істеген кезіндегі мол тәжірибесі мен жоғары іскерлігі, жеке танымалдылығы мен беделі өте жақсы көмек берді.

Бірінші басшының өзі құт қаламын қолынан тастамай, газет брендіне ай­налған авторлық айдары елді аузына қаратты. Танымдық-әдеби, пуб­лицис­тикалық жазбалары қазақ ақпарат кеңіс­тігінде ерекше құбылысқа айналды.

Сәукеңнің жүйелі сөзі мен ойлы тал­­­ға­мы бөлек тұлғаның тұрпатын аң­ғар­­татын. Ұлттық сана, ұлттық мінез, ұлттық табиғат, білім және білік керек бізге деген бағамдауды айқындап беретін.

Әңгіме ауаны осылай өрбитін.

Халқымыз қайда барады? Не ойлап барады? Оқығанымыз қайсы, тоқығанымыз не?

Қазақ баласы құбылмалы заманда қандай болуы керек?

Ел тәуелсіздігін бағалай білуден артық не бар?

Көтерген көкейкесті мәселелерді қараңызшы!..

Газет оқырмандары не дейді?

«Егемен» ел ішінде қалай оқы­лады?..

«Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы», «аға басылымы», «бас басылымы» төрт құбыласы тереңделіп, қоғамдағы биік орнын егемен елдің мазмұндық сипатымен толықтыра түсті.

Елордаға көшіп келген 1999 жылы екі қабатты ескі кеңседе орын тепкен еді.

Кейін Елбасының тікелей қамқорлы­ғымен салынған сегіз қабат су жаңа кең­се ғимараты құтты мекен ордасына айналды. Газеттің 90 жылдығы той­ланған сәтте Елбасы жаңа ғимаратты өзі ашты.

Ақ баталы ұжымға әлеуметтік қолай­лы жағдай жасаудың озық үлгісі осы емес пе?

Сәукең басшылық еткен жылдарда редакция тек газетті шығаратын мекеме емес, оның сараптамалық орталыққа айналып, ғылыми-зерттеу институты дәрежесіне жетті дер едік.

Бірінші, мұнда ол әр саладағы тұл­ғаларды іріктеп отырып, газетте солар­дың сөз алуына ерекше назар аударады. Сол үшін Алматы мен Астана ғана емес, Мәскеудегі, Ташкенттегі, Ыстанбұлдағы түркі жұртының зиялыларының тізімі жасалды. Ол кісінің талабы бойынша «Егеменде» кім көрінген емес, ау­зы дуалы, сөзі уәлі ғылым иелері, ру­ха­­ният өкілдері көрінуі тиіс болды. Біз­діңше айтқанда, авторлар, қазіргі мода қуушылардың сөзіне салғанда спикерлер тізімін жасау, жинау, сарап­тап барып барлау басқа редакция­лар­да жоқ нәрсе. Міне, сараптама орта­лығы деуіміздің сыры осында. Екінші, 2000-2016 жылдары республикамызда әлемдік, республикалық мән-маңызы бар көп іс-шаралар өтті. Олардың әрқайсысы әдетте өз көрінісін тапты. Бірақ олардағы ой, пікір, ұсыныс, тәжірибе газет бетінде қалып қалмауы керек қой. Ертең бұлар­ды университет оқытушылары лекцияларында неге пайдаланбасқа?! Студенттер неге диплом жұмысын жазбасқа?! Оқырмандар неге соларды қайталап оқып таныспасқа?! Осыны сезіп, болжаған Сәукең редакциядан арнайы жұмыс тобын құрып, газет бетінде жарық көрген материалдардан тақырыптық кітаптар шығаруды жүзеге асырды. Олар «Егеменнің» бас­па цехында дайындалып, ел қолына ти­ген көптеген ұжымдық жинақтар. Бұл еңбектер «Астана», «Тәуелсіздік», «Ел­басы», «Дінтұтқа», «Салтанат» (ЕҚЫҰ туралы), «Етжеңді» Егемен» деп аталады. Кезінде жеке-жеке том бо­лып шыққан аталған жинақтарды бір ғы­лы­ми-зерттеу институтына татитын жұ­мыстар емес деп кім айтады? Ешкім де.

«Егеменде» басшы болған 2000-2016 жылдары мұндағы ұжымға нағыз шығармашылық тәрбие де бере білген адам. Ол оның әкімшілік-ұйымдастыру жұмысынан басқа жазуға да белсене араласуы. Егер ол тек басшы ғана болып жүрсе, оған жұрт біржақты қарар еді. Жоқ, ол бұлай істемеді. Газеттің мазмұнды, тартымды болып шығуы үшін өзі де қалам қайратын көрсете білді. Оған оның егемендігіміздің ал­ғаш­­қы он жылының хроникасын жаса­ған «Тәуелсіздік шежіресі», оқыр­ман­дар­дың таным деңгейін арттыра­тын «Әлемге әйгілі...» деген ортақ та­қы­рыппен берілген қала, ескерткіш, кітап, археологиялық қазба, сәулет өне­рі жөніндегі жазбалары, ешкімнің қолы көп жете бермейтін шетелдік әйгілі өнер иелері Монсеррат Кабалье, Сергей Михал­ков, Андрей Кончаловский, Михаил Ульянов, жазушы Шыңғыс Айт­ма­тов, имам Валерия Порохова, өзі­міз­дің атақты Олжас Сүлейменов, Би­бі­гүл Төлегенова сияқты аға-апала­рымыз­бен жасаған сұхбаттары анық дәлел.

Бұл кісі таңғаларлық істің басы-қасында өзінің нағыз көшбасшылық-лидерлік қарым-қабілетін танытты, ал ол сөз жоқ, еліміздің баспасөз саласын­дағы озық өнегелі әрі әріптестері ерекше сүйсінетін талантқа тән тағылымды құ­былыстар.

Ірілердің жолын қуған білімпаз басшы саясат өнерінде журналистердің де тың соқпағын салды. Оны «Жаһандану үлгісіндегі журналистика» деп атау­ға болады. Өзі де саясат нуынан сескен­бейтін сыралғы саясатшы болса, жазудың табиғатын тереңінен түсі­ніп, әрбір сөзі қорғасын құйғандай салмақты, дәлелді, ойлы, сұхбаттасушы кейіпкерінің ішкі жан-дүниесін аша білетін, тіптен астарлы мағыналы әдіс-амалы, айтпасына қоймайтын тәсілдері, ең бастысы, ол – ел Президенті ме, ол – ірі саясаткер ме, әлде маңына адам жуыта бермейтін «мінезді» өнер дүлдүлі ме, тіптен «мәртебесі» әлемдік дәрежедегі ірі өнер тұлғасы ма, Сәукеңнің сары майдан қыл суырғандай сөздері алдында қалт тұра қалатын сияқты. Әсіресе, кейіпкердің атақ-даңқынан өрбитін, былайғы жұрт жамырай айтса да, жария етуге жол таппайтын сәттерде де автордың бүкпесіз, ашық әңгімеге жетектеп алып кетуі – журналистика ауылына кеп, босағаға атын байлаған ізденушілерге олжасы мол сабақ, бағасы зор дәріс дер едік.

Ол отандық саяси әдебиеттің бүгінгі биігін қай жерде болса да көтере алатын бірнеше құнды сұхбаттар жүргізіп, дүниеге келген осы жанрдағы кесек туындылары – тарих жолы. Әсіресе, публицист-қаламгердің Елбасы, Қа­зақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен сыр-сұхбаттары ерекше мағыналы, үздік жазбалар болып табылады.

Қазақ әдебиеті теориясында академик Зейнолла Қабдолов қандай ғұламалық танытса, Сауытбек Абдрахмановтың шешендігі мен білім-біліктілігі, ғылым докторының күрделі тақырыптарда қазақ тілінде замандар биігінде сөйлеуі және оған өзіне тән мәнді мәнері мен әр сөзіне ғылыми дәйекті тірек етіп, осы қазіргі заман журналистикасының құбылыстарын кеңінен көсіліп талдауы – ұлағатты ұстаздың өзі емей, немене дерсің?

Талантты қаламгер, зерек ғалымның ұлан-ғайыр ойшыл, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тау тұлға Әбіш Кекілбаевтың ұлы мұраларын тереңінен толғаған «Абыз Әбіш» атты күрделі еңбегінің Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығы бо­йынша Мемлекеттік сый­лық­пен марапатталуы да зор мәртебе.

Бұл әдебиет майданындағы, ғылыми әлемдегі орасан еңбегінің бастауында да оның албырт жас шағынан басталған журналистикалық ойшылдықтың табы да, өзі де бар болғаннан кейін ертерек ауызға түсіп отыр.

Тегінде, шығармашылық ұжым – қадірлі, қастерлі ұғым. Мұны терең, жан-жақты түсінген адамның қасында өзімен серіктес, сенімді адамдардың болуы және олардың да санаса алдыратын сесі болуы шарт. Бірінші басшы – жұртқа ес және сес болмақ. Күнгейі мен көркі көзге түсетін бұл жағынан Сәукең шын мәнінде бақытты адам. Сонау студенттік аудитория парта­сы­нан иықтасып, үзеңгілес болған Ераға-Ержұман Смайыл, Жанболат Аупбаев тәрізді қазақ баспасөзінің қара нары, бар саналы ғұмырын газет жұмы­сына бағыттаған талантты тарланбоздары мен Еркін Қыдыр сияқты алғыр ізбасарларының өзара «тандемі», осы «төрттіктің» бір-бірін байытып, өзектес тетіктер тәрізді шынайы достық пен сенімде қызмет етуінің өз дәстүрлі жолы бар. Олар – «Егемен Қазақстанның» туын көтерген сардарлар! Ал жол баста­ған ұстаздардың әрбір журналистің қа­лам­герлік, адамгершілік орнын адал бағалап, қамқор болу дәстүрін аса мәде­­ниетті, ізгілікті әдеп пен этиканы абыроймен жоғары ұстағаны да менің әріптестерім мен баталы ұжымнан шың­да­лып шыққан жас журналистердің разы көңілінде жүр.

Бізге дейін талай мықтылар айтқан бір ой бар. Өз елімізге үлгі болар өзге өрелі өлшемдерді кең танытқан қа­лам­гер. Оның, айттық қой, аптасы­на бес рет шығатын бас газеттің қым-қуыт жұ­мы­сы, қарбалас жиын, кездесу­лерге жиі қатысатыны және бар, «Әлемге әйгілі...» айдары мен танымдық мақа­ла­лар топтамасы – керемет және оқыр­мандарға керегі мол туындылар. Бұл бұл ма, «Жиыр­масыншы ғасыр жырлайды» деген екі томдық авторлық антологиясын әзірлеу жобасы – қазақ әдебиеті мен мәдениеті үшін бағалы жинақтар, қазақ поэзиясының үздік шежіресі қатарында аталады.

Қай қаламгер адамзаттың ақы­ны А.С.Пушкиннің поэзиясын С.Абдрах­мановтай шұқшия зерттеді? «Төлтумасы мен телтумасы» ғылыми ортаны тәнті еткен ерекше зерттеу, ерен еңбек!

Айналып келгенде, танымдық дүние­лері, суреткерлік қабілеті, ғаламдық ойлылығы биік таудан толқынды ақ­қан мөлдір, нәрлі бұлақтардың кең арнасы тоғысып, толығуы тәрізді бірегей тұлғаның мемлекет пен қоғам алдын­дағы қалтқысыз қызметі, ұлт рухания­тына сіңірген еңбектері, журналист-публицистік ерекше өнегесі мен аза­маттық өмір жолы, сөз жоқ, парасатты адамның биік әрі зияткерлік болмысын анық танытады.

Бұл күндері Сауытбек Абдрахманов Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Қазақстан қоғамының талай-талай аймаңдай ұл-қыздары осы Парламентте заң шығару ісімен айналысып, халықтың сенімі мен үмітін ақтау жолында абыройлы қызмет атқарып келе жатқанын жақсы білеміз.

Көрнекті қоғам зиялысы Сауытбек ағаның қазіргі ордалы ортада жүруі кешегі Алаш арыстарының алтын сынығындай көзге қөрінеді.

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің депутаты