Ауылда тұратын ағайынның басты күнкөрісі – төрт түлік. Соңғы кезде малдың жайын білетіндер тұқымын асылдандыруға бет бұрды. Алайда мемлекеттен берілетін субсидияның сарсаңы ауыл шаруашылығы саласының өкілдерін алаңдатып отыр. Тіпті төрт түліктің тұқымын түлеткендер арасында субсидияның берілетінінен хабарсыздары кездеседі. Мұндай дерек «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жүргізген жасырын сауалдама қорытындысында белгілі болған.
Жасырын сауалдамаға қатысуға тілек білдірген 123 шаруа қожалығының өкіліне бірнеше сауал қойылды. Сауалдама қорытындысына тоқталсақ, оған қатысушылардың 91,8%-ы ауыл шаруашылығын қолдау үшін берілетін субсидиялар барын біледі. Ал 8,1%-ы өздері маңдай терімен табыс тауып жүрген салаға субсидияның берілетінен мүлде хабарсыз екен. Демек, бұл субсидия туралы ақпараттың ашықтығына күмәнді қоюлата түседі. Шаруа қожалығы өкілдерінің 71,5%-ы субсидия алғанын жасырмаған. Бірақ 28,4%-ы осы кезге дейін бірде-бір рет субсидияның қолға тимегенін ашық айтып отыр.
Қазір бұрынғыдай қобыратып қағаз жинаудың кезеңі өтті. Жұрттың бәрі интернеттің игілігіне жүгінеді. Интернет демекші, шалғай елді мекендерде әлі де қолбайлау болатын жайттың бары белгілі. Дегенмен сауалдамаға қатысушылардың басым бөлігі субсидия алуда кедергі болмағанына сенімді екенін білдіріпті. Алайда 8,1%-ы қиындықпен бетпе-бет келгенін алға тартқан.
Бәлкім бұған интернеттің жоқтығы, кей ауылдарда жылдамдығының жеткіліксіздігі мен субсидия алудың ұзаққа созылуы, өтініш беретін электронды порталмен жұмыс істеудің күрделілігі, мемлекеттік органдар тарапынан өтінішті қарауды сөзбұйдалыққа салу, субсидия тәртібін түсіндірмеу секілді жайттар себеп болары даусыз. Мұны шаруалардың 8,1%-ы растап отыр. Қиындыққа кезіккен шаруагерлердің 10,5%-ы мұның себебін субсидия алуға өтініш беретін порталмен, ал 9,7%-ы интернетпен байланыстырады.
Шаруалардың субсидия алу кезінде лауазымды тұлғаға немесе делдалдарға ақша беру мәселесі бар ма? Бұл орайда әлі де жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың барын 3 шаруа қожалығы, яғни қатысушылардың 2,4 пайызы жоққа шығармайды. Демек, олар субсидия алу үшін пара беруге мәжбүр болғаны даусыз.
Сауалдамаға қатысушылар ауыл шаруашылығы саласына берілетін субсидияларды алу тәртібі жеңілдетілгенін, тиімділігі артқанын қалайды. Шаруа иелерінің пайымынша, біріншіден, субсидия алудың жолдары жөнінде ақпараттандыру деңгейі әлі де төмен. Екіншіден, qoldau.kz порталы бойынша төлем ақыны, субсидия қаражатының 10%-ын ұстауды азайту қажет-ақ. Үшіншіден, ет өнімдеріне берілетін субсидия мөлшерінің көбейгенін жөн санайды. Бірақ оларды субсидия алуға қойылатын талаптың өте жоғары екені қынжылтады.
Атырауда субсидияға қол жеткізгенмен, кейіннен сарсаңға түскен шаруа иелері де бар. Мәселен, «Атырау-Сауда» ЖШС директоры Әлімжан Балжігітовтің айтуынша, 2019 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жылыжай құрылысына жұмсалған шығынды өтеу үшін субсидия алуға өтініш берген. Соған орай қажетті рәсімдерден кейін аталған серіктестікке 108,4 млн теңге мөлшерінде субсидия төленген. Серіктестік субсидия қаржысын нысаналы мақсатқа жұмсаған. Бұл ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан жыл сайын жүргізілген мониторингте расталып отыр. Алайда биыл аталған басқарма мамандары прокуратураның тексеру қорытындысына сәйкес кәсіпкерден берілген қаражатты қайтаруды сұраған.
– Соңғы 6-7 ай ішіндегі әрекеттер әбден мезі етті. Алдымен маған «жылыжайыңды жалға заңсыз бердің» деді. Әрекетімнің заңға қайшы емесін дәлелдеу үшін заң компаниясын жалдауыма тура келді. Заң компаниясы менің барлық әрекетімнің заңдылығын дәлелдеді. Содан кейін жылыжайдың жобалық қуаты туралы шағым түскен. Біз оның да негізсіз екенін дәлелдедік. Енді субсидия беру кезінде жобалық-сметалық құжаттама дұрыс ресімделмегенін айтып отыр. Бірақ ауыл шаруашылығы басқармасы кезінде барлық құжатты қабылдады емес пе? Арада екі жылдай уақыт өткен соң өндіріске салынған ақшаны қайтаруым керек екен. Мен бұған түбегейлі келіспеймін. Неге? Біріншіден, мен берілген субсидияны өз қалтама салып алған жоқпын. Оны кәсіпкерлігімді кеңейту үшін өндіріске салдым. Екіншіден, субсидия алуға тапсырған құжаттарым дұрыс болмаса, субсидияны неге берді?, – дейді Ә.Балжігітов.
Субсидияны қайтару қажеттігі жөніндегі талаппен «Сағиева» жеке кәсіпкерлік өкілі Бауыржан Садықов та келіспей отыр. Бұл жеке кәсіпкерлігі көкөніс қоймасын салуға жұмсалған шығынды өтеу мақсатында 33 млн теңгеден астам субсидия алған.
– Біз 2019 жылы көкөніс қоймасын салған едік. Қоймаға қажетті тоңазытқыш жабдығын 135 млн теңгеге сатып алдық. Кейін осындай нысанға жұмсалған шығынды өтеу үшін субсидия берілетінін естідік. Содан соң Qolday.kz платформасы арқылы қажетті құжаттарды ұсынып, субсидияға алуға өтінім бердік. Құжаттардың арасында «Құрылыс Консалтинг» ЖШС дайындаған сараптамалық қорытынды да бар. Қазір бізге сараптамалық қорытынды тиісті талапқа сай ресімделмеген дегенді алға тартып отыр. Сол себептен, субсидия қаржысын қайтаруымыз керек екен, – дейді Б.Садықов.
Бірақ облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың айтуына қарағанда, фермерлерге субсидия заңды талапқа сай берілген. Дегенмен прокуратураның наразылығы негізінде құрылған комиссия арқылы екі шаруашылықтың құжаттары тексеріліп, заң бұзушылықтар анықталмаған.
– Біздің тарапымыздан төлем барлық талапқа сәйкес жүргізілді. Ал сараптама қорытындысының немесе жобалау-сметалық құжаттаманың заңдылығын тексеру біздің құзыретімізге жатпайды. Бұған сараптамалық мекеме мен кәсіпкердің өзі жауап береді. Қазір басқармада бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізетін кадрлар жетіспеушілігінен туындаған проблема бар. Жалпы, инвестициялық субсидиялар туралы айтар болсақ, биыл оның көлемі 1 млрд 818 млн теңгені құрады. Алайда бұл қаржының 185 млн теңгесі игерілді. Бұған бірқатар нысанды тапсыру мерзімін келесі жылға ауыстыру, субсидиялау бойынша кейбір бағдарламалардың күшін жоюы себеп болып отыр, – дейді А.Саламат.
Облыстық прокуратураның аға прокуроры Әділет Нұрбаевтың түсіндіруінше, бұл орайда кәсіпкерлердің еш кінәсі жоқ. Себебі бизнес өкілі тек өтінім береді. Ал субсидияны беру жөніндегі шешімді құзыретті орган ретінде ауыл шаруашылығы басқармасы қабылдайды.
– Екі кәсіпкер де жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, берілген қаражаттың жұмсалуы туралы мәліметтер көрсетілген құжатты ұсынуы қажет еді. Олар ұсынған құжатта бұл мәлімет жоқ. Алайда біз бұған бизнес өкілдерін кінәлі деп есептемейміз. Өйткені мемлекеттік орган қаражат берер кезде осы құжаттардың болуын қамтамасыз етуі тиіс еді. Республиканың басқа өңірлерінде де байқалған бұл проблеманы шешу мақсатында еліміздің бизнес-омбудсмені Рустам Жүрсінов Бас прокуратураға жүгінді. Нәтижесінде, қаражаттың мақсатты жұмсалуын растайтын барлық құжатты ұсынғаннан кейін кәсіпкерлерге қатысты бұл мәселеге нүкте қойылады деген шешім қабылданды, – деп түсіндірді Ә.Нұрбаев.
Ал Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілінің Атырау облысы бойынша сектор меңгерушісі Сәрсенбай Жолдыбаевтың пікіріне сүйенсек, мұндай мәселенің қайталанбайтынына кепілдік жоқ. Статистикаға сәйкес, 2019 жылы сот органдарына субсидияларды қайтару туралы екі өтініш түскен. Биыл 94 млн теңгеден астам қаржыны қайтаруға 8 талап арыз беріліп отыр. Сондықтан мемлекет тарапынан субсидияны берудің нақты тетігі қажет. Сонда ғана бизнес өкілдері субсидияны алғаннан кейін сарсаңға түспейді.