Тәуелсіздік алғалы 30 жылда Маңғыстау облысында 11 млн 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Әсіресе тұрғын үй құрылысы облыс орталығында қарқынды жүруде. Ақтауда соңғы бес жылда жаңа 11 шағын аудан бой көтерді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылдың жоспары 1,201 мың шаршы метрді құраса, биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша 954 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылған. Сондай-ақ 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жалға берілетін тұрғын үй құрылысына және сатып алуға 2,4 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат көлемі 23,5 мың шаршы метрлік 305 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына және 67 пәтер сатып алуға жұмсалды.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Ақтау қаласының жаңа шағын аудандарында жаңадан салынған тұрғын үйлерді инженерлік желілермен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен бөлінген 3,2 млрд теңге толық игерілген. Ал биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 407 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысын аяқтау жоспарланған.
– Қаланың жаңа шағын аудандарында жеке құрылыс салушылардың қатысуымен 100-ден астам көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Олардың белгілі бір бөлігі осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Инженерлік желілердің құрылысына Ұлттық қордан 4,5 млрд теңге бөлінді. Орталық мемлекеттік органдар 13 жобаны іске асыруға келісім берді. Барлық жоба жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде, – дейді Маңғыстау облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Манкешова.
Құрылыстың қарқындылығы және сәулет-сымбаты маңызды десек те, үйсіздердің баспаналы болуы алдыңғы қажеттілік. Сондықтан Маңғыстау облысында салынып жатқан тұрғын үйлер үйсіздердің мәселесін шешуге сеп болса дейміз.
Маңғыстау облысы