Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін комиссарлар тағайындалып, журналистік тергеулер заңдастырылады. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен онлайн-кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Негізгі бағыттар – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту, квазимемлекеттік секторда комплайенс қызметін күшейту. Мемлекеттік органдардың міндеті – оларды қалалар мен ауылдарды қоса алғанда, барлық деңгейлерде тиімді іске асыру. Ол үшін әрбір мемлекеттік органда жобалық офистер құрылған, олар арқылы қоғамды тарта отырып, «Адалдық алаңы» қызметі жалғасатын болады. Бұл жерде ең бастысы – әріптестік, ашықтық қағидаттарында және шектен тыс бюрократиясыз өзара іс-қимыл. Осылайша, негізгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттар арқылы министрліктер мен әкімдіктердің жұмысын үйлестіріп, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жүргізетін боламыз. Біз барлығымыз үшін мақсатты индикаторларды әзірледік. Өңірлерде оларға осы ведомстволарда арнайы тағайындалған қызметкерлер қол жеткізетін болады. Олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссарлар деп аталады. Әрине, олар қоғам өкілдерімен бір топта жұмыс істейтін болады», деп түсіндірді М.Ахметжанов.
Сондай-ақ агенттік басшысы батыс елдерінде БАҚ-та сыбайлас жемқорлық фактілері туралы бір ғана жарияланым тиісті тексерулерге себеп болатынын атап өтті. Сондықтан журналистік зерттеу институтын енгізу, журналистердің құқықтарын қорғаудың заңнамалық шектері мен кепілдіктерін белгілеу ұсынылады.