ҚазҰУ-дің №18 жатақханасында бәйшешек қауыз жарды. Бұл көп жылдық тамыр түйнекті өсімдік. Оның ғылымда Еуразияда, Жерорта теңізінің жағалауларында өсетін 80-ге жуық түрі белгілі.
Гүл тұқымын жатақхана меңгерушісі М.Ниетбаева және жатақхана қызметкерлері студенттермен бірге қыркүйек айында бөлмеге отырғызған еді. Міне, сол бәйшешектер ақпанның соңғы аптасында қауызын жарып, әдемі гүлдерімен таңғалдырды. Шоқталып, айналасына шуақ шашып жайнап өскен әсем гүлдің әдемілігінде сөз жоқ. Таңданып, тамсанып жатқандар оны ҚазҰУ-дің 80 жылдығына қалашықта алғаш гүл ашқан табиғаттың таңғажайып тартуы деп баға берді.
Жақсылыққа балап жатқан жандардың бірі – жатақхана қызметкері К.Қасымбекова. Ол: «Гүл өсіру адамға әдемі әсер сыйлайды. Жабыққан, көңілің құлазыған шақтың өзінде бөлмеңде гүлің болса, сенің бойындағы бар нашар энергияны өзіне жұтып алады. Бәйшешектің гүлдегеніне бір-екі күн болды. Жоспарлаған уақытымыздан ерте қауыз ашады. Жатақхана меңгерушісінен бастап, студенттерімізге дейін ерекше қуанышта», – деп өз әсерімен бөлісті. «Айналаңды нұрландыр!» жобасы аясында игі шаралар жасап жатқан студенттер үйінің басшылығы мен қызметкерлеріне игі шараларыңыз жалғасын тауып, жақсы жұмыстар нәтижесін бергей деп ақ ниетімізді жеткіздік.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дің 3-курс студенті.