Компас адамға жол табуға көмектеседі. Ал Еуропалық кеңестің тапсырмасы бойынша мен әзірлеген «Стратегиялық компас» Еуропалық одақтың қауіпсіздік пен қорғаныс мәселелері жөнінде алға жылжып, шешім қабылдауына жедел нұсқаулық есебінде қолданылады. Құжат алдағы аптада Еуропалық одақтың Сыртқы істер мен Қорғаныс министрліктерінде талқылаудан өтеді.
Стратегиялық құжат үш сұраққа жауап беруге арналған: Біз қандай қиындықтар мен қауіптерге тап келеміз? Активтерімізді біріктірудің ұтымды жолы бар ма, оларды тиімді түрде қалай басқарамыз? Еуропаның аймақтық және жаһандық ойыншы ретінде өз ықпалын арттырудың ең жақсы жолы қандай?
Таяуда жүргізілген талдауымыз бір нәрсені анық көрсетті. Еуропаға қауіп төніп тұр. Еуропалық одаққа мен «стратегиялық қысқару» деп атаған нәрседен залал келеді. Мұны үш тұрғыдан қабылдай аламыз. Біріншіден, біздің экономикалық мүмкіндіктеріміз барған сайын шектеліп келеді. 30 жыл бұрын Еуропалық одақ әлем байлығының төрттен бірін құрайтын. Жиырма жыл ішінде бұл көрсеткіш қысқарып, қазіргі таңда 10 пайыздан сәл ғана асады. Демографиялық тұрғыда азаюымыз да дәл осындай қарқынға ие. Осы ғасырдың соңына қарай Еуропаны мекендейтіндер саны әлем халқының 5 пайызына жетпей қалуы мүмкін.
Ең бастысы, кейбір экономикалық бәсекелестеріміз бізден мүлдем өзгеше құндылықтарға басымдық береді. Осылайша, Еуропалық одақтың нормативтік күшіне қауіп төндіреді. Еуропалық одақ өз саясатын жүргізерде бұл мәселені ескеруі керек. Жасанды интеллект, бұлттық есептеулер, жартылай өткізгіштер және биотехнологияны игеру жөніндегі жаһандық стандарттарды белгілеуге бәсеке қазірдің өзінде жүріп жатқанын мойындауы тиіс.
Екіншіден, Еуропалық одақтың стратегиялық сахнасындағы ойын күшейе түсті. Амбициясы мол жаңа ойыншылар шығып, әскери күш көрсету артып, киберсоғыс пен жалған ақпараттан құралған тұрақсыздандыру стратегиялары жүзеге асып жатыр. Бұрынғыдай әлем бейбіт не соғыс жағдайында деп сипаттайтын күндер артта қалды. Қазіргі таңда қорғаныс іс-қимылын кең ауқымда жүргізуді қажет ететін гибридті жағдайларға көбірек жиі кезігіп отырмыз.
Соңғысы, Еуропалық одақтың саяси ауқымы тарылып барады. Сондай-ақ біздің либералдық құндылықтарымызға қарсылық күшейе түскен. «Пікірталас шайқасында» жалпыадамзаттық құндылықтар шын мәнінде тек батыстық құрылымдар дегенге сенетіндер саны артқан. Экономикалық өркендеу әрқашан демократиялық дамуға әкеледі деген баяғыдан келе жатқан болжам жоққа шығарылды.
Бәсекелестік күшейіп келе жатқан осындай стратегиялық ортада Еуропалық одақ құндылықтарымыз бен мүдделерімізді қорғай отырып, өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Бірақ оған қол жеткізу
үшін дағдарыспен күресу кезінде тезірек және батыл әрекет ету керек. Ендеше, жиі өзгеретін қауіптерді алдын ала білуге, азаматтарымызды олардан қорғауға міндеттіміз. Қажетті мүмкіндіктер мен технологияларға инвестиция құйып, ортақ мақсаттарға жету үшін серіктестермен ынтымақтасқан жөн.
Мұндай шаралар қауіп төндіретін шабуылдарды болдыртпауға, кезіге қалғанда оған қарсы әрекет ету мүмкіндігімізді арттырады. Әскери күштің басты құндылығы мәселелерді шешуге мүмкіндік беруінде емес. Керісінше, мәселелерді бізге зиян келетіндей шешілуін болдырмауға көмектеседі. Сондықтан «Стратегиялық компас» Еуропалық одақтың келісімдерінде қарастырылған әрекеттердің бүкіл саласында күшті жылдам шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейінгі Еуропалық одақ күштерін жедел шоғырландыру әрекеттері аса сәтті бола қойған жоқ. Бірақ «Стратегиялық компас» мұндай іс-қимылды үш тәсіл арқылы жылдамырақ жұмыс істейтін және тиімді етуді мақсат етеді. Біріншіден, модульдік тәсіл қолданылады. Яғни тұрақты күш ретінде алдын ала орналасудан гөрі, оның құрамы нақты оқиғаларға байланысты белгіленіп, бірлескен жаттығулар арқылы нығайтылады.
Екіншіден, миссияға байланысты күштің түрі мен мөлшерін көрсететін нақты нұсқаулар жасалады. Бұған дейін бұл керісінше болып келген. Үшіншіден, операциялық мүмкіндіктерімізге ұзақ уақыт бойы кедергі келтіріп келген әртүрлі кемшіліктерді жойып, басымдық алуға қажетті нақты әрекеттердегі күш-жігерімізді арттыра аламыз.
Мұның барлығы заңдылықты да, икемділікті де талап етеді. Оны кім шешеді және шешімдерді қалай орындау керек?
Бірауыздылық принципіне күмән келтірмей, конструктивті қалыс қалу немесе Еуропалық кеңес мақұлдаған коалицияларды құруға мүмкіндік беретін 44-бап сияқты кейбір ережелерді қолдану арқылы әрекет етуге мүмкіндік бар. Өйткені бізге бәрінен бұрын саяси ерік (онсыз ештеңе мүмкін емес) және операциялық тиімділік (онсыз бәрі мағынасыз) қажет.
Бірақ Еуропалық одақ, әрине, өз әрекеттерін әскери күштерді орналастырумен шектемеуі керек. «Стратегиялық компас» кибер, теңіз және ғарыш қауіпсіздігіне де назар аударады. Қауіптерді болжау үшін ол барлау мүмкіндіктерін арттыруды және гибридті және кибершабуылдарға, сондай-ақ шетелдік жалған ақпарат пен араласуға қарсы тұру үшін құралдарды ұлғайтуды ұсынады. Сондай-ақ құжат қарулы күштерімізді қажетті мүмкіндіктермен және инновациялық технологиялармен жарақтандыруға, стратегиялық олқылықтардың орнын толтыруға, технологиялық және өндірістік тәуелділікті азайтуға инвестиция құюды міндеттейді.
Ақырында мұндай күш-жігер Еуропаның НАТО алдындағы міндеттемесіне қайшы келмейтінін атап өткен жөн. Ұйым аумақтық қорғанысымыздың негізі болып қала береді. Бұл міндеттеме, әсіресе, АҚШ саясаткерлерінің назары басқа жаққа (Үнді-Тынық мұхиты аймағына ғана емес) ауған кезеңде көрші өңірлер мен алыс аймақтарда дербес іс-қимыл жүргізуге, өз мүмкіндіктерімізді кеңейтуге кедергі келтірмеуі тиіс. Еуропалық стратегиялық жауапкершілік – трансатлантикалық ынтымақтастықты нығайтудың ең жақсы жолы. Бұл тұжырымдама АҚШ пен Еуропалық одақ арасындағы қауіпсіздік пен қорғаныс жөніндегі жаңа диалогтың өзегіне айналады.
Бірақ еуропалықтар «Стратегиялық компас» сиқырлы таяқша емес екенін түсінуі керек. Еуропалық одаққа мүше елдер қазіргі геосаяси өзгерістерді күн тәртібіне шығаруды немесе оған мән бермеуді шешеді. «Стратегиялық компас» – азаматтарымыздың және әлемнің қалған бөлігінің алдында Еуропаның қауіпсіздік міндеттерін тікелей орындауына мүмкіндік беретін құжат.
Джозеп БОРРЕЛ,
Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі, Еуропалық комиссияның әлемдегі күшті Еуропа үшін бастамасының вице-президенті
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org