«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен «Қазақстан жастары – 2021» Ұлттық баяндамасының жобасын талқылады.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сақошевтың сөзіне қарағанда, биылғы жылы Ұлттық баяндама ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында дайындалған. Атап айтқанда, баяндамада 10-20-30 жас аралығындағы жастар ортасының даму динамикасына салыстырмалы талдау жасалған. Құжатты дайындау барысында әлеуметтік үрдістер мен қазіргі даму заңдылықтарына сапалы талдау жүргізу мақсатында 4 әлеуметтік зерттеу, сондай-ақ сараптамалық және ғылыми қауымдастықпен әлеуметтік консультациялар жүргізілген.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Дана Әшімханова баяндаманың ғылыми авторларының бірі ретінде жастардың қоғамдық-саяси процестерге тартылуына сараптамалық баға берді. Ол жастар ортасындағы өзекті трендтерді айтып берді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда жоғары ұтқырлық, заманауи технологияларды пайдалану қарқыны және саламатты өмір салты ең танымал трендтерге айналып отыр.
Л.Н.Гумилев ЕҰУ Халықаралық қатынастар факультеті Аймақтану кафедрасының доценті Жасұлан Нұрбаев өз сөзінде жастар үшін білімнің қолжетімділігі мен сапасына назар аударып, бірінші кезекте қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты атап өтті. Ол сондай-ақ қазіргі тенденциялар мен болашақта сұранысқа ие болатын мамандықтар, жастардың ғылымдағы мүмкіндіктері мен перспективалары туралы айтты.
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Индира Рыстина мемлекеттік жастар саясатының 30 жылдағы даму хронологиясымен таныстырды. Ол осы жылы мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың жаңа кезеңі басталғанын жеткізді, оған жаңа заңнамалық бастамалар, жастарды дамыту индексін енгізу, жастарды қолдаудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру кіреді.
Өз кезегінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов қазақстандық жастардың өзекті мәселелерін шешуде мемлекеттің, ғылыми-сарапшылық қауымдастықтың және жастардың өзара іс-қимылының маңыздылығына тоқталды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жалпы бірлесіп жасайтын жұмыстар жаһандық дамудың заманауи сын-қатерлеріне дер кезінде жауап беруге мүмкіндік береді», деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша сарапшылар «Қазақстан жастары – 2021» Ұлттық баяндамасын маңызды құжат және іс жүзінде ғылыми еңбек деп таныды.
Құжатта қазақстандық жастардың тұрмыс-тіршілігінің негізгі салаларындағы қалыптасқан жағдайларға жан-жақты талдау ұсынылған. Баяндама авторлары мен сарапшылар жас ұрпақтың бірінші кезектегі қажеттіліктерін анықтады. Сондай-ақ баяндаманың әр тарауында көрсетілген негізгі трендтерді, қызығушылықтар мен сұраныстарын анықтауға мүмкіндік беретін үлкен ғылыми жұмыс атқарды. «Жастар» ҒЗО 2013 жылдан бастап жыл сайын «Қазақстан жастары» Ұлттық баяндамасын дайындап келе жатқанын атап өту қажет.
Іс-шара санитарлық-эпидемиялық нормаларды сақтай отырып, онлайн және офлайн режімінде өтті.
Айта кетейік, сарапшылар жиынына мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, жастар ұйымдары мен ресурстық орталықтардың қызметкерлері, сондай-ақ Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты мен «Қоғамдық пікір» институтының, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жетекші ғылыми қызметкерлері қатысты.