• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Ұлттық спорт 17 Қараша, 2021

Ұлт спортын ұлықтағандар

283 рет
көрсетілді

Атырауда ұлттық спорттан өткен батыс аймақтық ашық турнирі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылды. Suleimen Promotions ЖШС ұйымдастырған турнир­дің жүлде қоры – 14 млн 500 мың теңге. Тартысқа толы дүбірлі додада көкпар са­йыс­ы мен аламан, құнан бәйгелерде оза шапқан мықтылар анықталды.

Аламан бәйгеге қосылған қылқұйрықты жүйріктер 24 шақырымдық қашықтыққа шапты. Бұл додада бірінші орынды Маңғыстау облысының шашасына шаң жұқпаған «Мұзбалақ» аталған жүйрігі иеленіп, иесі – Нысанбек Таңа­таровқа 2 млн теңге берілді. Екінші жүлде – 1 млн теңгеге тағы бір маңғыстаулық «Ақжауын­ның» иесі Ералы Ибашев ие болды. Ал мәреге үшінші болып жеткен Батыс Қазақстан облысынан Нұрбек Сағынбаевтың «Қаңтәңір» жүйрігі жетті. Оған 500 мың теңге табыс етілді.

Құнан бәйгенің қашықтығы 9 шақырымды құрады. Бұл додада бір-бірімен ауыздық тірескен үш жүйрік анықталды. Мәре сызығын бірінші қиған – батысқазақстандық Бекзат Өмірғалиевтің жүйрігі. Жеңімпаз жүйріктің иесі 500 мың теңгені иеленді. Одан кейінгі екінші жүлдені Ақтөбе облысынан қатысқан Нұрлыбек Балымбековтің құнаны иеленіп, иесі 300 мың теңгемен марапатталды. Үшінші орынның 200 мың теңгесі Атырау облысының Жылыой ауданынан Алдоңғар Мырзағалиев бәйгеге қосқан жүйрікке берілді.

Сондай-ақ көкпаршылардың сайысы да тартысты өтті. Бұл додада Маңғыстау облысының на­мысын қорғаған «Адай ата» командасы қарсы­ластарынан басым түсіп, 3 млн теңгені ұтып алды. Бұдан кейінгі орындарды Атырау қаласынан қатысқан екі команда өзара бөлісті. Екінші орын алған «Сүлеймен» командасы 2 млн теңгенің, үшінші орынды қанағат тұтқан «Сарайшық» командасы 1 млн теңгенің жүлдесін иеленді.