Облыстық онкологиялық диспансердің материалдық-техникалық базасы тағы бір заманауи қондырғымен толықты. Медициналық мекеменің бас дәрігері Ермек Әбдірімовтің айтуынша, өңір республикалық қазынаның қаражатына сатып алынған компьютерлік томограф орнатылған үш облыстың бірі саналады.
– Бағасы 320 миллион теңге тұратын әмбебеп медициналық құрал-жабдықтың артықшылықтары өте көп. Ең басты жаңалығы ретінде күрделі обыр ауруларының диагнозын санаулы уақыт ішінде жедел әрі айна-қатесіз дәл анықтау мүмкіндігін айтар едім. Өкінішке орай, облыс обыр аурулары жөнінен елімізде алдыңғы орындардың бірінде тұрғанын ескерсек, аса қатерлі науқастардың алдын алуға, уақтылы ем-дом қолдануға үлкен септігін тигізері анық, – дейді Ермек Ғаббасұлы.
Бүгінде компьютерлік томографпен жұмыс істейтін мамандар Беларусьте білімдерін жетілдіріп келді. Санаулы күндерден кейін алғашқы пациенттер тегін қабылдана бастайтын болады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.