• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2014

Мал ұрлығы

339 рет
көрсетілді

Ол қашан тыйылады?

Қайбір күні Қазақстан фермерлер одағының басшысы Әуезхан Дарынов елді елең еткізерлік бір мәліметті жария етті. «Біз талдау өткізіп, таңғаларлық қорытындыға келдік: Қазақстанның алты облысындағы үй-жайлардың 40-50 пайызында ешбір мал жоқ! Осы фактінің өзі шенеуніктердің көзқарасын өзгертуі тиіс», – деді Ә.Дарынов Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен үлкен жиында. Әрине, әлгі алты облыстың ішінде халқы шаруаға бейім Оңтүстік жоқ та болар, бірақ, соңғы жылдары ауыл қазағының мал ұстауға деген ықыласы жылдан-жылға кеміп бара жатқанын жасыруға болмас. Қорасын қойға, шарасын майға толтырсам деген шаруақор жұрттың жігерін құм қылған нәрсе – мал ұрлығы. Шынын айту керек, қазір малы бар адам не жылы үйіне, не жылқысының қасына жатарын білмей, дағдарып жүр. Мысалға, Сарыағаш ауданы, Тегісшіл ауданының тұрғындары Пернебай және Қуат Темірбековтер аз ғана уақыттың ішінде 80-ге жуық жылқысын ұрлатыпты. Барымташылардың басынғандары соншалық, ұрылар Бірлік ауылындағы бір отбасының 700-ге жуық қойын қорадан алып шығып, айдап бара жатқан жерінен қолға түсті. Онда да полиция емес, мал иелерінің өзі ұстапты. «Ұрыда ұят жоғы бесенеден белгілі ғой. Қорада тұрған осыншама малдың бір-екеуін қолды қылса, «құдайы» деп қояр едік. Бірақ, 700-ге жуық малды қорадан айдап шыққаны, бұл ұрылардың шектен шыққанын білдіреді. Тіпті, шынын айту керек, ұрылар біреулерге арқа сүйеп, ертеңіне құтылып кетерін білгендіктен осындай батыл әрекеттерге барып жүр ме деген де күдігіміз бар», дейді мал иелері. Жаңа жылдың басталғанына екі ай уақыт енді өтті ғой. Содан бері Сарыағаш ауданында мал ұрлығы бойынша 28 дерек тіркеліп, 953 мал қолды болған. Сонда орта есеппен күніне 15-20 мал жоқ болады деген сөз. «Біздің ауылда малы ұрланбаған үй кемде-кем. Бірақ ешқайсысының дерегі жоқ. Жоғалған мал сол күйі табылмайды», деген Бірлік ауылының тұрғыны Райхан Сақыбаеваның әңгімесі осы есебімізді дәлелдей түскендей. Ал, полициядан ешқандай пәрмен жоқ. Бұл бір Сарыағаш ауданын емес, барлық өңірлердің алқымынан алып тұрған мәселе. Жақында Арыс ауданына қарасты Байырқұм ауылында мал қырылды. Ақпанның алғашқы күндеріндегі сақылдаған аязда «Көксарай» су реттегішінің бөгетінде мұз қатып, су арнасынан асып, қалың нудың арасында жүрген жылқылар мен түйелер мұз құрсауында қалып қойған. Сөйтіп, тұрғындардың есебі бойынша 40-тан астам жылқы мен 10  түйе қатып қалды. Негізі мал сайда, Сырдың жағасында жайылып жүрген ғой. Төбеден су лап ұрған кезде мал қашатын жер болмай қалған. Сөйтіп, көбісі мұзда қатып, кейбірі судың екпінімен өзенге ағып кете барыпты. Осылайша бір ғана Абылай Кентаев деген азаматтың 15 жылқысы шығын болған. Біз мал иелерінің бірі Байырбек Сауқымов және Ибрахим Әбдімұсаевтармен телефон арқылы сөйлестік. Олардың айтуына қарағанда су реттеушілер жергілікті әкімдікке хабар берген. Бірақ, әкімдік ешқандай дабыл қақпаған. Қазір күн сайын ұялы телефонымызға «пәлен жерде боран болуына байланысты жол жабық» деген хабарлама түсіп тұрады. Тура сол сияқты ауыл әкімі де малшылардың біріне ұялы телефон арқылы хабарлап айтса да, хабарлама жіберсе де бірінен-бірі құлақтанып, апаттың алдын алуға болар ма еді?!. Әлде алақандай ауылда әкім мен тұрғындардың арасында байланыс жоқ па, бір-бірін танымай ма? Ауыл әкімінің тым-тырыс жатып алуы қаншама отбасының әлеуметтік жағдайын ойсыратып кеткені анық. Қалай айтсақ та, бұл жұртқа жаны ашитын әкімнің тірлігі емес... Байырқұмдық Ибрахим Әбдімұсаев құтқару орталығына, яғни, «112» телефонына да қоңырау шалыпты. Бірақ, олар арнайы техникаларының жоқтығын айтып, көмек көрсетуден бас тартқан. Түн ішінде суық судың лап қойып, мұз болып қатуынан жылқы да, жылан да құтыла алмапты. Бір жыланның көк мұздың ішінде ұзынынан созылып, қатып жатқанын телеарна арқылы көрдік. Ал, бір бие құлынын бауырына басып, судың өтіне көлденең жатып алған күйі екеуі де қатып қалыпты. Құлынына барынша қорған болғысы келгені жатысынан көрініп тұр. Ал, белуардан келген судан шыға алмай, шыңғырған жылқылардың құлын дауысы таң атқанша естіліп тұрыпты. Бірақ, түн ішінде апыл-ғұпыл жеткен мал иелері судың көптігінен жақындап бара алмаған. Байырқұмдықтар: «Биелеріміздің дені буаз еді. Алдағы екі аптада туу керек болған» деп зар илеуде. Қазір мал иелерінің: «Арнайы комиссия құрып, ең болмаса өлігі табылған жылқылардың шығынын төлеп берсе дұрыс болар еді, өзенге ағып, жыртқышқа жем болып, жоқ болып кеткен жылқыларда дауымыз жоқ», деген өтініштеріне құлақ асатын жан болмай тұр. Алғашында Арыс ауданының әкімі Сейіт Ертай мұзда қатып қалған жылқылар «сырғаланған» болса, өтемақы төленетінін айтқан болатын. Бірақ, артынша облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков ешқандай да ақы төленбейтінін кесіп айтты. «Біз жылқылар жаппай қырылды деп есептемейміз. Негізі тұрғындарға малдарды қауіпсіз жерге көшіру туралы алдын ала ескертілген. Сондықтан қараусыз қалып, мұзда өлген малдарға ешқандай ақша төленбейді. Бұл жыл сайын орын алатын жағдай. «Су деңгейінің көтерілуі мүмкін» деген хабарды естігеннен тұрғындар өз малдарын қауіпсіз жерге көшіріп алуы керек еді. Әрекетсіз қалған малшыға әкімшілік жауап бермейді» деді облыс әкімінің орынбасары. Әрине, «Мал ашуы – жан ашуы» деген, бірінің ақ адал малы судан, бірінікі түн жамылған қудан қолды болып, шығынға ұшырап жатқан соң, мал иесінің зар илеуін түсінуге болады. Әйтсе де, олардың да тым бейғамдығын, малды жайылымға жіберіп, қараусыз қалдыратынын жоққа шығара алмаймыз. Фермерлер одағының төрағасы Ә.Дарынов ауылдарда мал ұстаушылар санының кеміп кетуінің бір себебін елді мекен тұрғындарының қалаға ағылуынан іздейді. Бұл дұрыс та шығар. Елдің қораға қарауға құлқы болмай, малдан аулақ жүруінің сан түрлі себебі бар. Біз соның басты-басты бір-екі себебін айтуға тырыстық. Шынында бұл мәселеге әкімдердің көзқарасын өзгерту керек. «Айтпаса сөздің атасы өледі», деген. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков Байыр­құмдағы жылқы қырылған жерді өз көзімен барып көрген жоқ. Мал иелерімен, ауыл тұрғындарымен кездесіп, сөйлеспеді. Арнайы комиссия құрмады. Ендеше, бұл жөнінде қалай кесімді шешім айтады? Әлде бұл: «Ауылдағының аузы сасық», деп малшы қауымды менсінбеуі ме? Қаныбеков халықпен кездесуден неге қашты? Әкімдердің осындай жаны ашымастығынан кейін ауылда мал ұстаушылардың қатары қалай көбеймейтіні анық. Бүтіндей үйір жылқының шығынға ұшырауын былай қойғанда, бір құлынды биенің жоғалуының өзі отбасыға үлкен салмақ түсіретінін түсінетін шенеунік бар ма өзі? Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.