• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Бокс 17 Қараша, 2021

Қырық төртінші қарсылас

150 рет
көрсетілді

Орта салмақта жұдырықтасатын Қазақ­станның даңқты боксшысы Геннадий Голов­кин (41-1-1, 36 КО) өзінің келесі кездесуін 29 желтоқсанда Жапонияның Сайтама қаласында 35 жастағы Риота Муратамен (16-2, 13 КО) өткізеді. Бұл – отандасымызбен айқасатын Күншығыс елінің үшінші өкілі. Ал жалпы кәсіпқой бокстағы қырық төртінші қарсыласы.

Риота Мурата деген кім?

Жапонияның Нара қаласында 1986 жылы дүниеге келген Мурата әуесқой бокстан 2011 жыл­ғы әлем біріншілігінің күміс жүл­де­гері, 2012 жылғы Лондон Олим­пиа­дасының чемпионы болса да, өз еліндегі аса танымал спортшының бірі деп айту қиын. Өйткені сумо спортының даңқы аспандап тұрған елде басқа спорт өкілінің әйгілі бола қоюы қиын. Десе де ол бокс бойынша Жапониядағы ең атақты былғары қолғап шебері саналады. Тіпті оның бұрынғы қарсыласы Роб Брант (АҚШ) Муратаны «Жапониялық Леброн Джеймс» деп атаған. «Жапонияда болған жекпе-жегіміздің алдын­дағы баспасөз конференциясына менің кейбір жекпе-жектерімдегі сияқ­ты Риотаны көру үшін көп­теген жанкүйер келді», дейді ол.

Алты жасында бокс қолғабын қолына киген Мурата 2004 жылдан бастап ірі жетістіктерге қол жет­кізе бастады. Сол жылы универ­ситет­тің бірінші курсында оқып жүр­генінде Жапония чемпионы ата­нып, 2005 жылы Хошиминде өткен Азия чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. Ал 2006 жылы Қатар астанасы – Дохада өт­кен жазғы Азия ойындарының бас­тапқы бәсекесінде Афина Олимпиадасының чемпионы, отанда­сымыз Бақтияр Артаевқа тап келіп, 24:5 есебімен оңбай жеңіл­гені есімізде. Содан кейін Риота қатарынан төрт жыл (2007, 2009, 2010 және 2011) Жапония бірін­шілігінде қарсылас шақ келтір­ген жоқ.

2008 жылы Олимпия ойындарына қатысуға бел буған ол алғаш Бангкоктағы іріктеу турниріне қатысып, жартылай финалға дейін жетті. Финалға жолдама беретін бәсекеде өзбекстандық Эльшод Ра­суловтан жеңіліп, жарысты қо­ла жүлдемен түйіндеді. Бірақ ол бұл нәтижемен жолдамаға қол жеткізе алмады. Астанада өткен екінші іріктеу кезеңі де Риота үшін сәтсіз аяқталды. Ширек финалда Хомаён Амириден ұтылған Мурата жарысты небәрі жетінші орынмен қорытындылады. Осы бір сәтсіздіктен кейін жапониялық боксшы қолғабын шегеге ілуді жөн көріп, өзі оқыған университетте студенттерге дәріс беріп, бокс клубында жаттықтырушы болып жұмыс істеді. Алайда арада бір жарым жыл өткенде карьерасын қайта бастаған Муратаның екінші тынысы ашылып, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізе бастады.

Карьерасын қайта жалғағаннан кейінгі Муратаның алғашқы ірі жарысы 2010 жылы Астанада өт­кен Президент кубогы болды. Өкі­нішке қарай, оның еліміз­ге жасаған екінші сапары да нә­тижесіз аяқталды. Алғашқы ке­зең­де грузиялық Леван Гуледа­ниді жарыс жолынан ығыстыр­ғанымен, ширек финалда жерлесіміз Дана­бек Сужановтан айласын асыра алмады.

Муратаның жұлдызы 2011 жылы Бакудегі (Әзербайжан) әлем чемпионатында жанды. Жа­һандық доданың бірінші айна­лымында ол екі дүркін әлем чем­пионы өзбекстандық Аббос Атоевты техникалық нокаутпен жеңсе, кейінгі кезеңдерде ирандық Мохамед Саттарпурды, германиялық Штефан Хартелді еліне қайтарды. Осыдан кейін ол ширек финалда ирландиялық Дар­рен О’Нилді, жартылай финал­да бразилиялық Эскива Фалкан­ды жеңді. Финалда украиналық Евгений Хитровтың осал тұсын таба алмай, алғашқы әлем бірін­шілігін күміс жүлдемен аяқтады.

Араға бір жыл салып Риота 2012 жылы Лондон Олимпиадасында атой салды. Іріктеу кезеңдерінде Алжир және Түркия өкілдерінен басым түссе, жартылай финал мен финалда ежелгі қарсыластары Аббос Атоев пен Эскива Фалканды бір ұпай айырмашылығымен жеңіп, Олимп шыңының төрінен көрінді. Осылайша, Мурата Жапо­нияға 48 жылдан кейін алғаш рет Олимпиаданың алтынын сыйлады. Лондондағы табысты өнерінен кейін ол кәсіпқой бокстағы қырағы про­моутерлердің көзіне түсіп, 2013 жылдан бастап біржола кәсіп­қойлар арасында бақ сынауға бел буды.

Әйгілі Боб Арум басқаратын Top Rank Promotions компания­сымен келісімшарт жасаған жа­пониялық боксшы сегіз жылдан бері 18 жекпе-жек өткізіп, 16-сында жеңіске жетті. 13 қар­сы­­ласын нокаутқа жіберді. Екі ай­­қасында қарсыласына есе жі­берді. 2017 жылы Хассан Н’Дам Н’Жикамнан жеңілсе, 2018 жылы Роб Бранттан ұтылды. Бірақ екі ре­ванш кездесуінде де Мурата есесін қайтарды. Хассан Н’Дам Н’Жи­каммен болған екінші жекпе-жегінде Риота жетінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы белдігіне иелік етті. Кейін ол италиялық Эмануэле Бландамура, америкалық Роб Брант және канадалық Стивен Батлер сынды былғары қолғап шеберлерімен қолғап түйістіріп, әлем чемпионы атағын сәтті қорғады.

 Үшінші боксшының үміті

Жоғарыда айтып өткені­міздей, Мурата – Головкиннің карье­расындағы үшінші жапония­лық бокс­шы. Отандасымыздың Күн­шығыс елінің боксшыларымен таныстығы сонау 2012 жылы бас­талды. Сол жылы Украинаның Бровары қаласында өткен бокс кешінің андеркардында Геннадий Макото Футигамимен (19-6) қол­ғап түйістіріп, өзіне тиесілі орта салмақтағы WBA белдігін төртінші мәрте, ал IBO чемпиондық ата­ғын бірінші рет қорғады. 12 раунд­қа жоспарланған жекпе-жек үшін­ші раундта отандасымыздың техни­калық жеңісімен аяқталды.

Осы кездесуден кейін Головкин атақты америкалық HBO телеарнасымен келісімшартқа отырып, ірі жекпе-жектер өткізе бас­тады. Отандасымыз 2013 жылы бес жекпе-жек өткізуді мақсат етіп, қар­сыласының атақ-даңқына қарамай кез келген боксшымен шаршы алаңда кездесуге дайын екенін мәлімдеді. Бірақ атақты бокс­шылар Геннадиймен айқас өткізуден бас тарта бастады. Сөй­тіп жүргенде жапониялық Но­бухиро Исида отандасымызбен жұдырықтасуға келісімін берді. 2013 жылы 30 наурызда Геннадий Головкин Монакода жапон бокс­шысымен кездесті. Раундтың ал­ғашқы секундтарынан бастап алға ұмтылған Головкин бұл жолы да қарсыласын үшінші раундта тізе бүктірді. Бір айта кетерлігі, Исида бұған дейінгі бірде-бір ай­қа­сында қарсыластарынан мерзі­мінен бұрын жеңілмеген еді.

Жапониялық боксшылармен үш раундтан артық жұды­рық­тас­пайтын Головкинге Мурата неше раунд шыдар екен? Бұл сұрақ­тың жауабы 29 желтоқсанда Сай­тама қаласындағы Saitama Super Arena спорт кешенінде өтетін бокс кешінде белгілі болмақ.