• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2014

Өрт

352 рет
көрсетілді

Таңсәріде тысқа шыққан  Писарев елді мекенінің тұрғыны  Иван Горбаль көрші үйдің қызыл жалынға  оранғанын байқайды. Содан жанұшыра  ұмтылып,  терезені сындырған күйі ішке енеді.  Шатырдан  қою қара түтін будақтап, есік-терезелерді шарпыған ыстық жалын оған бөгесін бола алмады.  Есіл-дерті – күнде «Ваня ағай» деп жылы амандасып жүретін балақайларды құтқару. Денелерін күйік шалып, түтін иісінен уланған балаларды көргенде сумаңдаған әлдебір суық ойлар денесін мұздатып сала берді. Олардың амандықтарын іштей тілеген күйі тез қимылдап, балаларды бір-бірлеп көмекке жеткен анасы Татьяна Ивановнаға бере бастады. Сөйтіп арада көп уақыт өтпей  бейкүнә үш бала дереу ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді.  Бірі тез  айығып шықса, екеуіне біраз  емделуге тура келді.  Кейін белгілі болғандай,   жас келіншек кешқұрым  пешті жағып,  8 жасар қызы және  6 жасар қос ұлын үйде қалдырып, сыртынан құлыптап кетеді.  Жеке шаруалармен жүрген ол   тәтті  ұйқы құшағында балбырап жатқан балаларды көршісінің  өлім құшағынан құтқарып алғанын кейін біледі. Ал мектепте  зертханашы болып  еңбек ететін 25 жастағы қарапайым  жігіт,  бәрінен бұрын балаларды құтқарып қалғанына өзі де риза. Өзінің бұл әрекетін батылдық пен ерен  ерлікке бағаламайды.  Қиын жағдайға кезіккен жандарға қол ұшын беруді азаматтық парыз, борыш деп түсінеді. * * * Ақпанның 12-нен  13-не қараған түні  Шал ақын ауданына қарасты Кривощеково ауылында  екінші топтағы мүгедектің үйі  отқа оранып, үй иесі ғайыптан тірі қалды. Оқиға былай болған. 61 жастағы зейнеткер  туған күнін  ішкілікпен атап өтуді ұйғарады. Арақтың уыты бойға әбден тарағаннан кейін темекі  тартады.  Содан теледидар көрген күйі ұйқыға кетеді. Темекінің ыстық шоғы... одан арғы жай белгілі.  Есін ауруханада бірақ  жиған. Оны аман алып қалған кім, емдеу орнына қалай жетті – беймәлім. Көрер  жарығы бар  жанды  ажал тырнағынан Петропавл әскери институтының курсанты Сабыр Базарбаев арашалап қалған еді. Демалыс уақытын пайдаланып, осындағы   туған-туыстарына  келген ол түн ортасында қысқы Олимпиада ойындарын тамашалап отырғанда «өрт, өрт!» деген әлдекімнің айғайын естісімен далаға жүгіріп шығады. Спортпен айналысып, саламатты өмірді серік еткен азамат үйге өзгелерден оқ бойы озық жетіп, есікті жұлқи ашқанда оттың ыстық лебі қарып жібергендей болды.  Өз басына төнген қауіп-қатерден тайсалмастан  ішке кіреді. Осы кезде әлсіз ыңырсыған үнді естиді. Көзге түрткісіз қараңғылықта жан-жағын қармана жүріп, дыбыс шыққан жақты шамалайды. Жатын бөлмеден  есінен танып, бүк түсіп жатқан үй иесін тауып алады. Сабыр оны дереу таза ауаға  көтеріп алып шығады. Өрт сөндірушілер мен  жедел жәрдем де жетіп,  қолма-қол көмек көрсетеді.  Евгений ЖУРАВЛЕВ,  Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті  баспасөз қызметінің бас маманы. ПЕТРОПАВЛ. Суретте: И.Горбаль; С.Базарбаев.