Еліміз тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылдан бастап шет мемлекеттерде өмір сүріп жатқан қандастар көші атажұртқа ағылды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» атты еңбегінде: «Шетелдегі қазақ диаспораларының сан мыңдаған өкілі елдегі экономикалық дағдарыс пен тұрмыстың төмендігіне қарамастан, тәуелсіз Қазақстанға ағыла бастады. Олардың арасында белгілі ғалымдар, жазушылар, әртістер, суретшілер, қоғам қайраткерлері бар еді» деп жазғандай, азаттықтың ақ таңымен бірге атамекенге бағыт алған қазыналы көшке биыл 30 жыл толып отыр.
Осы орайда республикалық көші-қон саласының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысы Райымбек ауданы мен Моңғолияның Бай-Өлке аймағының «Құрметті азаматы», тәуелсіздік жылдары Моңғолия, Иран және Ауғанстан қазақтарын көшірумен бел шешіп айналысқан, тарихи көштің небір хикаяларына куә болған азамат Марат Тоқсанбаевқа жолығып, елімізде көші-қон ісінің қалыптасуы және көш барысында кездескен қызықты оқиғалар туралы әңгіме өрбітіп, қағазға түсірген едік.
Қаны бар қазақ
– Алғаш 1991 жылдың мамыр айында Алматы қаласында орналасқан Қазақ КСР Еңбек министрлігі ішінен Қоныстандыру бөлімі ашылды. Осы бөлімге өзім сұранып бардым. Өйткені шеттегі қазақтарды елге көшіру ісі мені қатты қызықтырды. Министр Саят Бейсенов: «Сенің қаның бар ма? Мұндай жерде тек қаны бар адам ғана жұмыс істейді» деп қатаң ескертті. Шынында, сол тұста алыстағы ағайын дегенде шығарда жанымыз бөлек еді. Қайрат-қажырымыз жеткенінше аянып қалмадық, деп әңгімесін бастады Марат Есенқұлұлы. – Қоныстандыру бөлімінде бастық Ғазиз Есмұқанов қатардағы қызметкерлер Памир Камалиев, Марат Қонақбаев, Ғалия Құсайынова және мен барлығы бес адам болдық. Кейін онға жеттік. Департамент құрылғанда 20 кісі болдық. Бұл жылдары облыс, аудандарда көші-қон бөлімі құрылған жоқ еді.
Сөйтіп 1991 жылы көктемде тәуелсіз еліміз тарихында алғаш рет Моңғолиядан көш басталды. Келесі 1992 жылы Бай-Өлке және Қобда аймағына 3500-ден астам «КамАЗ» автокөлігі барып, көшіп келушілердің жүгін тиеді. Адамдарды ұшақпен Өскеменге күніне он рейстен, үш ай тоқтаусыз тасыдық. Қазақстанның әр облыс, аудан, совхоздарынан өкілдер барып, байөлкелік ағайындарды көшіріп әкетіп жатты. Қиындықтар да болды. Әлі есімде, Бай-Өлкеден адамдарды тасып жатсақ, кездейсоқ сапарлап келген жапон туристері: «Бұл не? Елді неге көшіріп жатырсыңдар?» деп таңғалды. Олардың түсінігінде соғыс зардабы, экологиялық апат, т.б. болмаса елдің жаппай қопарылып көшуі ақылға сыйымсыз екен.
Қобданың қызыл қойы
Бай-Өлке аймағынан көш ұйымдастыру кезінде болған қызықты оқиғалардың біріне тоқталайын. 1992 жылдың тамыз айы болуы керек, аймақ орталығында орналасқан «Бесбоғда» қонақүйі қазақстандық комиссия мүшелерінің штаб пәтері болатын. Көшетін ағайындардың тізімін жасап, қай облысқа барады, ұшақпен ұшатындар мен жүгімен бірге көлікпен жүретіндерді нақтылап, ұшақ және автоколонна басшыларымен жұмыс атқару маған жүктелген еді. Шамамен түнгі сағат 03-00-де қонақүй кезекшісі «сізді телефонға шақырып тұр» деп оятты. Ресейдің Ташанта шекара өткелінен хабарласып тұр екен. Олар маған «тез келіңіз» деген талап қойды. Басқа ештеме айтпады. Апыл-ғұпыл таңғы сағат 05-00-де жолға шықтым. Ташанта шекара өткеліне келсем, Алматы облысына көштің жүгін артып алып бара жатқан бес «КамАЗ»-ды қамап қойыпты. Оларға «Қазақстанға Қобда бетінде жеке тұқым ретінде қорғалған қызыл қойларды контрабандалық жолмен ұрлап барады» деген айып тағыпты. Машинаның үстіне көтеріліп қарасам, кузовтың жан-жағын киіз үйдің керегесімен айналдыра шаңырақ жасап, оның үстіне түңлік жауып қойыпты. Ашып қалсам, қызыл қойдың он шақты тоқтысы мен бір қошқар бөлек байлаулы тұр. Алдарындағы науада жемшөп пен су тұр.
Содан шекара бекетінің басшылармен келіссөз жүргізуге бел байладым. Ұзақ айтыстық. Ақыры оларға бір қой және бір жәшік «Архи» моңғол арағын береміз деп уағдаластық. Сөйтіп құда да тыныш, құдағи да риза, жүк көліктері колоннасы «Қазақстан қайдасың» деп жолға аттанып кетті. Кейіннен білсем, осы қызыл қойлар Алматы облысы Нарынқол ауданы Абай атындағы колхозда тұқымын көбейтіп, өсіп-өніп бір отар болыпты.
Шалға айналған кемпір
Бұл оқиға да 1993 жылы сол Бай-Өлке аймағында орын алды. Қазақстанға ұшақпен көшетін адамдар құжатын жергілікті прокуратура, кеден, полиция қызметкерлерімен бірлесіп дайындаймыз. Осындай қауырт жұмыс күннің бірінде Қазақстанға ұшқалы тұрған бір үлкен әженің паспортындағы суреті түсіп қалыпты. Басқа фотосы жоқ. Өскемен бағытына ұшатын рейстен әжеміз қалып барады.
Не істеу керек? Жанымдағы жігітке «Жүгір, сурет тап» десем, сақалы бар шалдың суретін әкеліп тұр. Ойлануға уақыт жоқ. Кемпірдің паспортына, сақалды шалдың суретін жапсырдық да, кеденнен өткіздік. Шекара қызметкері моңғол қызы маған қарап жымиып күлді де, әжемізді ұшаққа шығарып салды. Келесі ұшақпен өзім ұшып шықтым. Келсем, Өскеменнің кеденшілері у да шу. Мынау қалай дейді. Біздің кемпір де былқ етпейді «мына фотоны ана кісі жапсырған» деп мені көрсетіп қояды. Содан не керек, кеден басшыларына түсіндіріп, өз айыбымызды мойындап әжемізді құтқарып алып, Қостанай бағытына ұшаққа отырғызып жібердім де, айналып Бай-Өлкеге тартып отырдым.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Құжатсыз бүркіттің әлегі
Баяғы сол Бай-Өлке аймағынан Жезқазған облысына көшіп бара жатқан құсбегі ақсақалдың қолындағы бүркітін Өскемен кеденшілері заңсыз, төлқұжатсыз шекарадан өтті деп қамап қойыпты. Ертесі күні таңғы рейспен Өскеменге келсем шекара бұзушы бүркіттің иесі ақсақал алдымнан жүгіріп шығып, «балам мына пәледен құтқара гөр» деп жалынды. Бүркіт болса бір тәуліктен бері аш қамауда отыр. Ары ойланып, бері ойланып, не істеу керек деген сауал туындады. Содан не керек, Бай-Өлке аймақ басшысы Мизамхан Күнтуғанұлына тікелей телефон соқтым. Жағдайды түсіндірдім. Мизаш: «Мен не істейін?» дейді. Мен: «Ұят та болса айтайын, сіз жануарларды қорғайтын мекеменің басшысына тапсырма беріңіз, ол кез келген құстың қарға болса да суретін жапсырып, «бұл бүркіт» деген құжат жасап жібертіңіз» дедім. Кешкі рейспен бүркіттің төлқұжаты келді. Сөйтіп әлгі ақсақалым құсын көтеріп Жезқазғанға ұшып кетті. Артынан сұрастырсам, Балқаш өңіріне қоныстанған осы ақсақал бір жағдайлармен құсын босатып жіберген екен, онысы салып ұрып туған жеріне ұшып барыпты.
Жолда туған Жолшыбай мен Жолдыгүл
1993 жылы Тәжікстаннан көш басталды. Қараша айында ішкі жағдайға байланысты бір эшелон адамды Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облысына жеткіздік те, ертеңінде Иран Ислам Республикасына аттандық. Ондағы қазақтарды көшіріп алмақпыз. Көшті алып келуге «Қазақстан теміржолы» екі эшелон жіберді. Пойыздарды Түрікменстан – Иран шекарасындағы «Қызыларбат» стансасына әкеп тіреп қойдық. Адамдарды Ираннан алып шығуға түрікмендер көмектесті. Олар этностық қазақтарды бізге тегін жеткізіп берді. Қызыларбаттан жеті күн жүріп, әрең дегенде Шымкентке жеттік. Жолда қос пойыздағы мың жарым адамды өзіміз тамақтандырдық. Әр пойызға бір-бір асхана ұйымдастырдық. Азық-түлікті сатып алып, тамақты өзіміз пісіріп береміз. Жолда екі әйел босанды. Сәбилерге Жолдыгүл және Жолшыбай деп ат қойдық.
Кіші жарын таңдаған отағасы
Келесі 1994 жылы Сауд Арабиясы және Ауғанстан қазақтарын көшіріп әкелдім. Сол жақта тұратын өзбек, тәжік ағайындар: «Бізді де көшіріп алыңдаршы, құлдарың болайық» деп жалынғанын көрдім. Ол жақтағы қазақтардың көбінде екі-үш әйелі бар. Бір ақсақал келді. Үш әйелі бар екен. Әлгі кісіге «Қазақстанда барлық еркек жалғыз әйелмен тұрады, сол елдің заңы бойынша бір әйел ғана алып өтесіз, жұбайларыңызбен ақылдасып, бірін таңдаңыз» деп қалжыңдадым. Әлгі ақсақал менің айтқанымды шын көріп, біраздан соң ең кіші тоқалын ертіп келіп тұр: «Ана қатындар осында қалатын болды, келістім» дейді, жан-жағына масаттана қарап. Мұндайда күлмегенде қайда күлерсің. Артынан ақсақалдан орынсыз қалжыңым үшін кешірім сұрап, үш әйелімен қосып, атажұртына жеткіздім.
Ұшақта туған ұл
Бұл оқиға 1995 жылы болды. Бай-Өлке әуежайында ағайындарды тізімдеп жатқан абыр-сабырда аяғы ауыр бір келіншек маған келіп, «аға, біз қай мезгілде ұшамыз және баратын жерге қанша уақытта жетеміз» деп сұрады. Түр-түсі абыржыңқы екен. Келіншектің көңіл күйі біртүрлі болып көрінген соң «қарағым, бір жерің ауырып тұрған жоқ па?» деп едім, «жоқ аға, бәрі жақсы» деді. Әуе кемесі аспанға көтеріліп «Бесбоғда» тауын жанай ұшып бара жатқан уақытта жаңағы келіншектің жағдайы қиындай бастады. Толғақ қысып әкетіп барады. Не істейміз? Өскемен әуежайына дейін бір сағаттан астам уақыт бар, ұшақты кері қайтара алмаймыз. Қатты састым. Ұшақтағы үлкен әжелер мен келіншектерге мән-жайды түсіндіріп, көмек көрсетулерін сұрадым. Сол мезетте орта жастағы бір әйел «уайымдаудың, дүрлігудің қажеті жоқ, маған әйел босанатын орын, жылы су және жаныма көмекші әйелдер болса жетеді» деген уәжін ұсынып, көпке басу айтты. Дереу ұшақтың арт жағындағы жүк артатын бөлігіне орын дайындап, әйелдің айтқан заттарын әзірлеп бердік.
Біраз уақыттан кейін жас сәбидің шырылдаған даусы естілді. Сол сәтте ұшақ та Өскемен әуежайына қонуға бет алып төмендей бастады. Борт командирі босанған әйелге көмек көрсету үшін рация арқылы жедел жәрдем шақыртып қойыпты. Олар жас босанған ана мен баланы Өскемен қалалық перзентханасына алып кетті. Көпшіліктің ұсынысымен әлгі сәбидің өкіл атасы атандым.