Елордада 15-17 қараша күндері «Астана клубының» алтыншы отырысы өтті. Бұл жолғы жиын «Пандемиядан кейінгі жаңа әлем» тақырыбына арналды. Үш күнге созылған іс-шара барысында жаһанданудың болашағы, әлемдік державалардың мүдделері, әлемдік дамудың сын-қатерлері, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Орталық Азия елдерінің жаңа стратегиясы секілді өзекті тақырыптар қамтылды.
«Астана клубының» негізгі жиыны 17 қараша күні өтті. «Үлкен Еуразия: жаңа әлем көрінісі» атты пленарлық отырыс пен ядролық қауіпсіздік үшін көшбасшылардың жаһандық альянсының басқосуына Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Сондай-ақ аталған отырыста БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун бастаған әлемге танымал тұлғалар да сөз сөйледі. «Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеді. Заманауи қазақ мемлекетінің құрылуы мен қалыптасу процесін басқару мәртебесін халық сеніп тапсырған елдің Тұңғыш Президенті ретінде мен үшін осынау меже зор маңызға ие. Бұл халқымыздың маңызды тарихи датасы. Тарихи өлшеммен алып қарағанда қысқа ғана кезең ішінде Қазақстан өз дамуында маңызды жетістіктерге жеткені өздеріңізге де жақсы таныс. Еліміз нарықтық экономиканың жолына нық түсіп, ТМД кеңістігінде құрылымдық реформалар, халықаралық сауда мен инвестиция үшін ашықтық тұрғысынан көшбасшыға айналды. Тәуелсіздік жылдарының ішінде Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 16 есе артты. Бүгінде біз Орталық Азиядағы ірі экономикаға айналдық», деді Тұңғыш Президент.
Елбасы өз сөзінде бүкіл өңірдегі жалпы өнімнің жартысынан көбі Қазақстан үлесіне тиесілі екеніне назар аударды. Елімізге шамамен 250 млрд доллар тікелей инвестиция тартылды. Азаматтардың әл-ауқаты еселеп, Қазақстан Шығыс Еуропаның бірқатар елінің деңгейіне жетті. «Ресейді ғана алға жіберіп, ТМД-да екінші орынға шықтық. Ұлттық қор құрылды. Бұл қазіргі және болашақ ұрпақ үшін қалқан, байыпты актив. Еліміздің алтын-валюта қоры шамамен 100 млрд долларды құрайды. Экономиканы қарқынды индустрияландыру және сервистік өнеркәсіп құру ісі жүргізіліп жатыр. Ол шикізат ресурстарына тәуелділіктен арылуға бағытталған. Теңізге шығар жолы жоқ ел болғандықтан 15 мың шақырымнан астам автомобиль және темір жол салдық. Бұл Қазақстанға Тынық және Атлант мұхиттарына, сонымен қатар Парсы шығанағына шығуға мүмкіндік берді. Және де 3,6 мың шақырым темір жол салынды. Егер салыстырмалы түрде айтар болсақ, Кеңес билігі 70 жылдың ішінде ұзындығы 1 300 шақырым болатын бір ғана Түрксіб темір жолын салды. Ал біз қысқа ғана уақыттың ішінде осыншама жол салуымыздың өзі талай жайтты аңғартады. Басқаша айтар болсақ, Қазақстан Азия мен Еуропаны, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын маңызды транзиттік көпірге айналды. Біз ұзындығы 15 мың шақырымды құрайтын мемлекеттік шекарамызды заңды түрде рәсімдедік», деді Елбасы.
Н.Назарбаев көршілес елдермен, әлемдегі ірі мемлекеттермен, ең алдымен, Ресей және Қытаймен, сонымен қатар Орталық Азия елдерімен тату көршілік белдеу құрылғанына назар аударды. Сонымен қатар АҚШ, Түркия, Еуропалық одақ, Еуропа елдерімен, Шығыспен, Иран, Жапония, Оңтүстік Корея және Азияның өзге де мемлекеттерімен сындарлы ынтымақтастық жолға қойылған.
«Әлемдегі қуаты жағынан 4-орын алатын ядролық арсеналдан бас тартқанымыз, Қазақстан аумағында 49 жыл бойы жұмыс істеген ғаламшардағы ең ірі полигондардың бірі – Семей ядролық полигонын жапқанымыз өздеріңізге де белгілі. Қазақстан аумағында МАГАТЭ-нің қамқорлығымен төмен байытылған уран банкі салынды. Бұл банк кез келген елге бейбіт атом энергетикасын дамытуға деген өзінің заңды құқығын қамтамасыз етеді. Өңірдегі көршілермен бірге бізде Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құрылған. «Ядролық қарусыз әлем үшін» және «Жаһандық қауіпсіздік үшін» сыйлықтарын бекіттім. Бұл сыйлықтарды жеңімпаздарға екі мәрте табыстау мәртебесіне ие болдым. Мәні жағынан маңызды осынау қадамдарды жасау арқылы Қазақстан шын мәнінде жаппай қырып-жоятын ядролық қарусыз әлем құру жаһандық қозғалысын бастады», деді Тұңғыш Президент.
Елбасы өз сөзінде Ұлы дала төрінде ғаламат қала салынғанын атап өтті. Қазіргі таңда елорда әлемдегі маңызды мәселелер талқыланатын іргелі алаңға айналды. Атап айтсақ, Сирия дағдарысы бойынша «Астана келіссөздері». Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымының саммиті өтті. «Кейінгі жылдары әлемдегі ахуал қарқынды түрде кері кетіп барады. Басты сын-тегеурін коронавирус пандемиясы болып тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қазірдің өзінде әлемде вирус жұқтырғандардың саны 250 млн адамнан асып түсіп, 5 млн-нан астам адам ажал құшты. Бұл – бейбіт уақыттағы жаға ұстатарлық статистика. Жаһандық қоғамдастық әзірге вирустың таралуын тізгіндей алмай отыр. Әлемдік ірі державалар арасындағы текетірестің күшеюі де теріс факторға айналған. Әсіресе АҚШ пен Қытай күштік құрылымдарын көбейтіп отырған Тайвань төңірегіндегі ахуал ерекше алаңдаушылық тудырады. Ресей мен еуропалық елдер арасындағы геосаяси шиеленіс те төмендер емес. Украина төңірегіндегі жанжал сақталуда», деді Н.Назарбаев.
Ауғанстан төңірегіндегі ахуалдың да күрделі болып отырғанына назар аударды. Талибандардың тез арадағы жеңісі мен америкалықтардың елден кетуі ондағы ахуалды түбегейлі күрделендіріп жібергенін атап өтті. «Ауғанстан таяу келешекте-ақ ауқымды гуманитарлық апатпен бетпе-бет келуі мүмкін. БҰҰ мәліметінше, 23 млн адам немесе ауған халқының жартысынан көбі азық-түлік жетіспеушілігінің зардабын тартады. Бұл босқындардың жаңа толқынына түрткі болуы ықтимал. Тек 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында ғана олардың саны 400 мың адамнан асып түсті», деді Елбасы.
Тұңғыш Президент ядролық стратегиялық тұрақтылық саласындағы жағдай да барынша күрделі болып тұрғанын атап өтті. Ядролық қару-жарақты бақылаудың жаһандық жүйесі күйреді.
«Әлемде байқалып отырған дағдарысты жағдай Еуразиядағы кооперацияның жаңа әдістерін әзірлеуді талап етеді. Ең алдымен, Үлкен Еуразиядағы диалог пен сенім институтын нығайту қажет. 1992 жылы Еуропадағы ЕҚЫҰ-ға ұқсас Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құруға бастамашылық жасадым. Осы уақытқа дейін ұйым өзінің қажеттілігін дәлелдеп берді. Бүгінде бұл форум 27 мемлекетті біріктіреді. Осы уақыттың ішінде АӨСШК-нің 5 саммиті өтті. Бұған қоса оның беделі де, географиясы да ұлғайып келеді. Осыған орай біздің идеямыз – АӨСШК-ні Азиядағы қауіпсіздік архитектурасының орталық элементіне айналдыру. АӨСШК ашық құрылым ретінде Азиядағы жалпы бәрін қамтитын диалогті жолға қою үшін оңтайлы платформа бола алады деп санаймын. Келер жылы АӨСШК-нің құрылуының 30 жылдығына орай мерейтойлық саммитін өткізу жоспарланған», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Еуразия елдері жаңа дағдарыстың алдын алу мақсатында жүйелі диалогті жолға қоюы қажет екеніне екпін берді. Бұл үшін баяғыдан бері үшінші елдермен де жұмыс істеп тұрған өңірлік халықаралық бірлестік негізгі арна бола алады. Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, сонымен қатар таяуда құрылған Түркі мемлекеттері ұйымы арасында тікелей байланыстарды дамытатын уақыт жеткенін атап өтті. «Олардың барлығында ең алдымен экономикалық ынтымақтастыққа бағдарлану тән. Дәл осы экономикалық ынтымақтастық базасында саяси, мәдени және өзге де байланыстар артады. Бұл бүкіл ғаламшар үшін үлкен жеңіс болар еді. Осыған орай Үлкен Еуразияның төртжақты экономикалық форумын құруды ұсынамын», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Тұңғыш Президент мұндай форум Еуразиядағы кооперацияның барлық мүмкіндігін талқылап, ілгерілетуге серпін беретінін жеткізді. Осы орайда, Қазақстанға Мемлекет және Үкімет басшылары деңгейіндегі мұндай форумды ұйымдастырушылардың бірі атануына мол мүмкіндік бар. «Ауғанстандағы күрделі ахуалды тұрақтандыру үшін халықаралық күш-жігерді шоғырландыру маңызды. Қазақстан бұл процесс аясында маңызды орталық болуда үлкен әлеуетке ие. Біз Карзай мырзамен Президент кезінен бірге жұмыс істей бастадық. Мыңдаған ауғандық Қазақстанның оқу орындарында оқып, мамандық алды және еліне оралды. Үнемі гуманитарлық көмек көрсеттік және қазір де оған дайынбыз. Биылғы тамызда Алматыға БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясы қызметкерлері көшіп келді. БҰҰ да Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізу үшін Алматыда халықаралық логистикалық хаб құру бастамамызға қолдау көрсетті. Қазан айының ортасында делегациямыз Ауғанстанға барып, ауған халқына 5 мың тонна қазақстандық ұн жеткізді. Халықаралық донорларды Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету және қалпына келтіруде Қазақстанды белсенді пайдалануға шақырамын. Осы тұрғыда менің Алматыда БҰҰ-ның Ауғанстанды оңалту халықаралық орталығын құру идеямның өзектілігі арта түседі. Қазақстан БҰҰ тетіктері арқылы ауған халқына азық-түлік жеткізу көлемін арттыруға дайын. Осы орайда Қазақстанда құрылған KazAID халықаралық даму агенттігін қарқынды іске қосу қажет», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы орайда, Елбасы әлемдік қоғамдастық ядролық қауіп-қатермен бетпе-бет келгендіктен бірігудің маңызын атап көрсетті. Н.Назарбаев ядролық қаруды таратпаудың шынайы жұмыс істейтін тетіктерін әзірлеу қажеттігі баяғыда-ақ пісіп-жетілгеніне тоқталды. «Бұл ретте айрықша жауапкершілік «ядролық бестік» елдерінде жатыр. Бірнеше жыл бұрын, нақтырақ айтқанда «Азия-Еуропа» конференциясында мен барлық ядролық мемлекеттің қатысуымен стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақтарды жалпыға бірдей қысқартудың нақты жоспарын әзірлеуді ұсынған едім. Оны БҰҰ қамқорлығымен қабылдауға болар еді. Жоспарда жаппай қырып-жою қаруын сатып алуға және таратуға қатысты қатаң санкциялар қамтылуға тиіс. Бұл тұрғыда әлемнің танымал 70 саясаткері қолдау білдірген Ядролық қауіпсіздік және ядролық қарудан азат әлем жаһандық альянсы көшбасшыларының қызметі айрықша мәнге ие бола түседі. Альянс мен ұсынған жоспарды талқылау және әзірлеу үшін орталық алаң әрі қозғаушы күш бола алар еді деп ойлаймын», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осыған орай Қазақстан астанасында Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі жаһандық форум өткізудің маңызын атап өтті. Елбасы қазіргі таңда мұндай алаң жоқ екенін еске салып, оны жаңартуды ұсынды. «Бүгінгі әлемде біреудің жеңілісі екіншісінің жеңісі екендігін білдірмейді. Бұл көнерген түсінік әрі баяғыдан-ақ қазіргі заманғы шындыққа сай келмейді. Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана жоғарыда атап өткен сын-қатерлерге қарсы тұра аламыз. Сондықтан ашық, әділ, тіпті қолайсыз болса да диалогтің болғаны маңызды. «Астана клубымыз» бүкіл Еуразия үшін жаңа идеялар мен шешімдердің генераторына айналарына сенемін. Біздің ой-пікірлеріміз бен шешімдеріміз, осынау ізгі мақсаттарымыз әлем тұрғындарының қолдауына ие болуы үшін барлық мемлекетке жеткізілуге тиіс», деді Тұңғыш Президент.
Сондай-ақ жиын барысында БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы, Жасыл дамудың жаһандық институтының президенті және төрағасы (GGGI) Пан Ги Мун да сөз сөйледі. Ол ядролық қарудың әлемге төндіріп тұрған қаупіне тоқталды. «Ядролық қару қаупін жоймай, жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік орнамайды. Осал топтағылардың тұрақты өсімі болмаса, бейбітшілікті қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан ядролық ғылым мен технологиялар тек бейбіт мақсатта қолданылуға тиіс. Ядролық сынақтар өткізілмейтін қауіпсіз, бейбіт әлем үшін бірлігімізді сақтауға тырысайық», деді Пан Ги Мун.
Сондай-ақ ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ядролық қауіпсіздік үшін Көшбасшылардың Альянсын құруды ұсынғанын еске салды.
«Біз ортаға салып, талқылауды жалғастыратын маңызды мәселелердің бірі – ядролық қару қаупі. 2019 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қауіпсіздік үшін Көшбасшылардың альянсын құруды ұсынды. Ол Қазақстанның осы саладағы үлгі боларлық көшбасшылығын көрсетті. Мен осы бастама үшін Қазақстан мен Назарбаевтың еңбегін атап өткім келеді. Бұл Альянс ядролық соғыс қаупінен азат болашақ құру мақсатында әлемдік лидерлердің басын қосты», деді Пан Ги Мун.
Пленарлық отырыс кезінде 2004-2014 жылдары Ауғанстан президенті қызметін атқарған Хамид Карзай өз еліндегі ахуалға тоқталды. Оның айтуынша, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру үшін екі бағытта жұмыс істеу керек. «Біріншісі, ауған халқының құндылықтарына негізделген және халықтың ерік-жігерін білдіретін тәртіп құру қажет. Бұл елде тиімді үкіметтің қалыптасуына әкеледі. Екіншіден, Еуропа мен АҚШ, өңірлік көршілер секілді халықаралық қоғамдастық тарапынан шынайы қолдау өте маңызды. Ынтымақтастық форматындағы, араласпау қағидаттарымен үйлескен осы екі іс-қимыл бізді жетістікке әкеледі. Бұл гуманитарлық және экономикалық дағдарыстар, сондай-ақ халықаралық терроризмнің шиеленісуі сынды екі негізгі мәселені шешеді», деді Х.Карзай.
«Астана клубы» пікірталас алаңында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Назарбаев стратегиясы және Қазақстан мен Орталық Азия болашағы» сессиясы өтті. Отырыста жаңа геосаяси жағдайдағы аймақ перспективалары талқыланды. Сессия жұмысына Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы, 2006-2010 жылдары Өзбекстан Республикасының сыртқы істер министрі қызметін атқарған Владимир Норов, Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша Арнаулы өкілі Терхи Хакала, «Постиндустриалдық қоғамды зерттеу орталығының» директоры Владислав Иноземцев, Атлант Кеңесінің аға ғылыми қызметкері, Энергетика және қауіпсіздік бағдарламасының директоры (ITIC) Ариэль Коэн секілді спикерлер қатысты.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Владимир Норов сессия кезінде тәуелсіз Қазақстанның құрылуы, оның үдемелі дамуы және халықаралық аренада лайықты орын алуы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін атап өтті. «Қарапайым азаматтардың мүдделерін ескере отырып, жаңа саяси жүйе құру, олардың мемлекеттік басқаруға қатысу құқықтарын кеңейту, демократия институттарын қалыптастыру және нығайту, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті дамыту маңызды. Ол цифрлы технологияларды кеңінен енгізуге, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, теңгерімді өңірлік дамуға, өндірісті жаңғырту мен әртараптандыруға, тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған экономикалық дамудың қазақстандық моделін айқындауға қол жеткізді.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есімі Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің өсуімен байланысты. Ол халықаралық қауымдастықтың назарын аударған ауқымды инновациялық идеялардың бастамашысы болды», деді В.Норов.
Сондай-ақ спикер Орталық Азияда жаңа мүмкіндіктер пайда болып, аймақтың инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, талдау қорытындысына сәйкес алдағы 10 жылда аймақтағы шетелдік инвестиция көлемі 170 млрд долларға жетеді. Оның 70 млрд-ы шикізаттық емес саладан келуі мүмкін екен.
Британ-қазақ қоғамының төрағасы, FIRST баспасының негізін қалаушы Руперт Гудман сессия кезінде Ұлыбритания премьер-министрінің құттықтау сөзін оқыды. «Мен Қазақстанды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, өз лебізімді жеткізгім келеді. Бұл – үлкен жетістік. Қазақстан дамып, Еуразия орталығындағы мықты елге айналғанын көрдік. Келесі жылы дипломатиялық байланысымыздың 30 жылдығын атап өтеміз. Байланысымыз жаһандық пандемияға қарамастан, одан әрі дамитын болады», делінген Борис Джонсонның құттықтау сөзінде.
Атлант кеңесінің аға ғылыми қызметкері, Энергетика және қауіпсіздік бағдарламасының директоры Ариэль Коэн өз сөзінде Қазақстанның пандемиямен күресін жоғары бағалады. Сондай-ақ Қазақстанның дамуына Елбасының қосқан үлесін ерекше атап өтті. «Мен болашаққа оптимизммен қараймын. COVID-19 бәрін дүрліктірді. Қазақстан қиын кезеңді сәтті еңсерді деп ойлаймын», деді А.Коэн.
«Постиндустриалдық қоғамды зерттеу орталығының» директоры Владислав Иноземцев Қазақстанның экономикалық табыстарына тоқталды. Оның айтуынша, еліміз шартараптың түкпір-түкпірінен инвестиция тартуда озық елдердің қатарында тұр. «Қазақстан өте мол тікелей инвестиция тартты. Өзге посткеңестік елдерде көрсеткіш әлдеқайда төмен. Қазақстанды шетелдік инвестиция тарту бойынша посткеңестік кеңістіктегі чемпион деп атауға болады», деді Владислав Иноземцев
Сондай-ақ Көшбасшылардың Жаһандық Альянсының «Түн ортасы: Ядролық диалог бойынша іс-әрекет уақыты» атты отырысы аясында ядролық қауіпсіздік мәселесі сөз болды. Отырысқа қатысушылар жаһандық стратегиялық тұрақтылық саласында қалыптасқан дағдарыс жағдайынан шығу мәселесін ортаға салды. Сондай-ақ Альянстың алдағы жылдары атқаратын жұмыстарының басым бағыттары айқындалды.
Айта кетерлігі, ядролық қауіпсіздік үшін Көшбасшылардың Жаһандық Альянсы 2019 жылы «Астана клубының» бесінші отырысының қорытындысы бойынша Елбасы бастамасымен құрылды. Қазіргі уақытта альянс саясаткерлер, сарапшылар және Нобель сыйлығының лауреаттары сынды 70-тен астам халықаралық қайраткерді біріктіріп отыр.
Сондай-ақ «Астана клубының» алтыншы отырысы кезінде «АҚШ-Қытай текетіресі: әлем экономикасы мен геосаясатына әсерлері» тақырыбындағы сессия өтті. Жиынға «Еуразия шұғыласы» бестселлерінің авторы, Flint Global бас кеңесшісі, Португалияның еуропалық істер жөніндегі бас хатшысы қызметін атқарған Бруно Масаеш модератор болды.
Бұл сессия жұмысына Хадсон институты Қытай жөніндегі орталығының директоры, «Жүз жылдық марафон: Қытайдың құпия стратегиясы» бестселлерінің авторы Майкл Пиллсбери, Азиялық қоғам саясаты институтының президенті және бас директоры, Аустралияның Премьер-министрі қызметін атқарған Кевин Радд, «Қытай мен жаһандануды зерттеу орталығының» президенті Ван Хуэйяо, Дүниежүзілік банк вице-президенті лауазымын иеленген, Брукингс институтының ғылыми қызметкері Йоханнес Линн қатысты.
«АҚШ халқы соғыс кездейсоқ басталуы мүмкін деп алаңдайды. Соңғы 2 жылда мен мұндай көп сценарийді естіп талқыладым. Бұл – өте ауқымды мәселе. Бүгінгі сессия аясындағы қарама-қайшылық туралы айтар болсақ, мен үшін бұл әскери қақтығыс, оның ішінде ядролық соғыстың ықтималдылығы», деді Майкл Пиллсбери.
Азиялық қоғам саясаты институтының президенті және бас директоры Кевин Радд Қытай бүгінде әлемдегі экономикалық көшбасшы, ірі саяси күшке айналғанын айтты. Қытай қазірдің өзінде Америкамен күресіп, бәсекелес болып жатқан қуатты және ықпалды күш орталығы саналады. «Қазір Америка барлық негізгі заманауи технологияға ие және технологиялық дамуда Қытайдан алда. Қытайда АҚШ-тағыдай өткізгіштер мен жартылай өткізгіштер жетіспейді. Олардың өндірісі АҚШ-та шоғырланған. Бұл тұрғыда Қытай Америкадан артта қалды. АҚШ-ты басып озу үшін жаңа технологиялық саясатты қолға алды. Сондықтан екі ел арасындағы қарым-қатынас ушыға түседі – сын-қатерлердің алмасуы болады және бәрімізді шиеленіс кезеңі күтіп тұр», деді спикер.
Клуб жұмысы барысында «Батыс vs Ресей: Еуразиялық экономикалық одақ үшін салдарлар» сессиясы өтті. Оған қазақстандық Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев, Бельгия премьер-министрі болған Ив Летерм, Энергетикалық хартия хатшылығының бас хатшысы Урбан Руснак, мәскеулік Карнеги орталығының директоры Дмитрий Тренин секілді спикерлер қатысты.
Сонымен, үш күнге созылған «Астана клубының» отырысы кезінде жаһанданудың болашағынан бастап әлемдік дамудың сын-қатерлеріне дейінгі көптеген мәселе қамтылды. Жиынға шартараптан келген спикерлер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның дамуындағы, жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтаудағы рөлін жоғары бағалады.
Қорыта айтқанда, «Астана клубы» әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылар мен көшбасшылар бас қосып, жаһандық мәселелерді талқылайтын іргелі алаңға айналғанын тағы бір рет дәлелдеді.